БОС ОРЫНДАР БАР

Облыс орталығындағы Жастар сарайында “Мен мемлекеттік қызметті таңдаймын!” деген атаумен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Бүгінде орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінде – 184, жергілікті атқарушы органдарда 280 жұмыс орны бос екен.

Мемлекеттік қызметке кәсіби, сауатты және патриот азаматтарды тарту мақсатымен өткізілген мұндай жәрмеңке облыс орталығымен қатар, барлық аудандарда ұйымдастырылып, 450-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды.

Бос жұмыс орындары санынан Қызылжар, Шал ақын және Есіл аудандары алдыңғы қатарда тұр. Ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау басқармалары мен қоғамдық денсаулық сақтау, кірістер және ішкі істер департаменттеріне де мамандар қажет. Мәселен, облыстық кірістер департаменті бұл жәрмеңкеде 26 бос жұмыс орнын ұсынды. Жоғары экономикалық, техникалық және заң білімі бар қызметкерлер қажет. Департаментте бөлім басшысы лауазымы үшін еңбекақы – 123 мыңнан, ал жетекші маманға 65 мың теңгеден басталады. Нақты еңбекақы қызметшінің мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі мен санатына қарай белгіленеді.

Жәрмеңкеге қатысушылар мемлекеттік қызметке қабылдану үшін тестілеуден өту, конкурсқа қатысу рәсімдері жайлы ақпарат алып, мамандардың кеңесін тыңдады. Сонымен қатар қатысушыларға “Азаматтар үшін үкімет” мемлекеттік корпорациясының өкілдері де консультациялық және тәжірибелік көмек көрсетті. Арнайы жабдықталған орындарда электронды-сандық қолтаңба алып, мемлекеттік қызметке қабылдану үшін тестілеуге жазылды.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.