ЗЕЙНЕТ ЖАСЫ АРТАДЫ

Қазақстан Республикасының “2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” Заңының жобасына сәйкес 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы мен жәрдемақы тағайындауға өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, жасы бойынша және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері қолға алатын мөлшерден – 8 пайызға, ал еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүргізілетін әлеуметтік төлемдер 16 пайызға артады. Ал аталған мерзімге дейін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған бірге тұратын төрт немесе одан көп кәмелетке толмаған балалары, оның ішінде орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін ұйымдарда, жоғары оқу орындарының күндізгі оқу бөлімінде оқитын балалары бар көпбалалы отбасылар жәрдемақының бұл түрін оны алуға құқығын жоғалтқанға, яғни кәмелеттік жасқа толғанға дейін (23 жасқа толғанша) белгіленген мөлшерде алатын болады.

Сондықтан арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны рәсімдемеген көпбалалы отбасылар үстіміздегі жылдың аяғына дейін мұны қолға алулары қажет, өйткені, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап арнаулы мемлекеттік жәрдемақының бұл түрі тағайындалмайды.

“Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы” 2013 жылғы 21 маусымдағы Заңына сәйкес 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 2018 жылдан 2027 жылды қоса алғандағы кезеңде әйелдердің зейнетке шығу жасын кезең-кезеңмен арттыруды қарастыратын норма өз күшіне енеді. Зейнеткерлік жас 10 жыл ішінде біртіндеп жыл сайын 6 айдан артатын болады. Мәселен, 2018 жылдың бірінші жартысында 58 жасқа толатын әйелдердің зейнеткерлік жасы 6 айға артады. Егер ол 1960 жылы 5 қаңтарда туса, зейнетке 2018 жылғы 5 шілдеден бастап шығады. Ал егер әйел адам 1959 жылы 5 желтоқсанда туса, биыл ол 58 жасқа толып, зейнет жасына жетеді. Бірақ зейнетақы тағайындауға 2018 жылдың 1 қаңтарынан кейін ғана өтініш жасаса, сол жылдың 5 маусымында 58,5 жасқа толғанда ғана зейнетке шыға алады.

Сонымен бірге, 1960 жылдың 1 шілдесі мен 31 желтоқсан (қоса алғанда) аралығында туғандар 59 жасында, яғни 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнеткерлікке шығады. 1961 жылдың 1 қаңтарынан 30 маусымға (қоса алғанда) дейінгі аралықта туғандар 59,6 жасында, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы алады. Бұл тізім осылайша жалғаса береді.

Қазақстанда зейнетке шығу жасының артуы қазіргі уақытта зейнеткерлікке ерте шығу бойынша жеңілдіктерге ие әйелдерге қатысы жоқ.

2018 жылғы 1 шілдеден бастап базалық төлемді тағайындау әдісін өзгерту қарастырылуда, ол зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындалады. Базалық зейнетақы азаматтар жалпы белгіленген зейнетке шығу жасына жеткенде ғана тағайындалады. Ерлер үшін – 63 жас, әйелдер үшін – 58 жас 6 ай. Егер азамат 10 жыл ғана жұмыс істеп, бірыңғай жинақтық зейнетақы қорына ақша аударып отырса немесе мүлде жұмыс істемесе, онда оған базалық зейнетақы күнкөріс минимумының 54 пайызы мөлшерде тағайындалады. Ал бұл мөлшер бүгінгі базалық зейнетақы мөлшерімен тең. Бұдан артық жұмыс істеген әрбір 10 жыл үшін базалық зейнетақы 2 пайызға көтеріледі. Мәселен, азаматтың 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек кітапшасымен расталатын 20 жыл еңбек өтілі бар делік. Одан кейін 13 жыл Мемлекеттік корпорацияның бірыңғай есептік орталығымен (бұрынғы ЗТМО) расталатын жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын аударады. Бұл жағдайда жиынтық еңбек өтілі 33 жылды құрайды. Базалық зейнетақы мөлшері 2018 жылғы 1 шілдеден бастап күнкөріс минимумы мөлшерінен 100 пайызды құрайды.

Сәулеш ДҮЙСЕНБИНА,

“Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” коммерциялық емес АҚ-ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалы – “Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы” департаментінің директоры.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.