ӘЛЕУЕТІ ЗОР ҚҰРЫЛЫМ

Сайлаушылармен кездесу мақсатымен өңірімізге атбасын тіреген Парламент Мәжілісінің депутаты Владислав Косаревтің қатысуымен С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру мәселелері бойынша “дөңгелек үстел” өтті.

Оған өңірімізде құрылған бірнеше ауыл шаруашылығы кооперативтерінің төрағалары және жергілікті атқарушы органдар мен Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының өкілдері қатысты.

Мәжіліс депутаты осыдан екі жыл бұрын қабылданған “Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы” заңның орындалу барысына көңілі толмайтынын тілге тиек етті.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Алтынбек Абдуллаевтың айтуынша, өңірімізде 150-ден астам ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған және олардың дені сүт, ет өндірісіне бағытталған. Бірақ барлығы бірдей табысты жұмыс істеп жатыр деп айту қиын. Жиынға қатысқан ұжым төрағаларының көбі шабындық жерлердің жоқтығын, өнімдерін уақтылы және тиімді өткізе алмай, сол сияқты, қағазбастылықтан қиындық көріп отырғандарын жеткізді.

Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры Әйіп Ысқақов кооперативтер ғылыми негізделген жүйе бойынша жұмыс істеулері қажет екенін атап көрсетті.

Ауыл шаруашылығы кооперативтері министрлік тарапынан үнемі енгізіліп тұратын өзгеріс-талаптарға ілесе алмай жатады. Осыған орай, ол институт ғалымдары кооператив мүшелеріне әдістемелік көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Тайынша ауданындағы “Краснокаменка – 2016” ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрайымы Күлпән Есмағұлова селекция мәселесін шешуде өзгелер сияқты көп қиыншылық көріп отырғанын айтып, малды қатысушылардан жалға алатын болсақ, олардың төлейтін салықтарының көлемі арта ма деген қаупін жасырмады. Сондықтан ол Парламент депутатына ауыл шаруашылығы өкілдері үшін жеңілдетілген салық түрі қарастырылса деген өтінішін білдірді.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика