ҚЫЗДЫҢ АРЫ – ҰЛТТЫҢ АБЫРОЙЫ

Белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева: “Өмірде қыз болу бар да, нағыз қазақ қызы болу мүлдем бөлек”, – деген екен. “Жат жұрттық” деп қадірлеп, алақанға салып аялап өсіріп отырған қазіргі қазақ қыздары қандай? Бүгінгі таңда олардың тәрбиесі неге ақсап тұр? Ойнап жүріп, от басқан қыздардың болашағы не болмақ? “Солтүстік Қазақстан” газетінің ұйымдастыруымен облыс орталығындағы Ғабит Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасында өткен “дөңгелек үстел” басында осы сұрақтар талқыға салынды.

Ашық әңгімеге облыстық “Қызылжар” мешітінің жанынан құрылған “Әжелер мектебінің” төрайымы Ырысжамал Әленова, Қожаберген жырау атындағы №6 қазақ орта мектебінің психологі Нұргүл Рахметова, әл-Фараби мектеп-лицейінің ұстазы Айнагүл Тоққожина, “Ана үйі” қоғамдық қорының үйлестірушісі Меруерт Көшембаева, облыстық перинаталды орталықтың бас дәрігері Жанна Мауытова және “Қыз Жібек”, “Қызғалдақтар” клубтарының белсенді мүшелері қатысты.

Жүргізуші:

– “Қыз” деген сөздің өзі – әдеміліктің, инабаттылықтың, сұлулықтың символы іспетті. “Қыздың тіккен кестесіндей”, “Жақсы қыз – жағадағы құндыз”, “Қыз – елдің көркі, гүл – жердің көркі” деген мақалдардың өзінде қаншама мән-мағына жатыр. Атам қазақ, әуелден-ақ “Қызға қырық үйден тыйым” деп бойжеткеннің жүріс-тұрысына ерекше жауапкершілікпен қараған. Ал бүгінгі таңда көп дүниеден мән кетті. Сәннің соңынан қалмаймыз деп тым қатты боянып, ашық-шашық жүрген қыздар көп. Жасанды сұлулық та “жасарып” барады. Бұл мәселені қалай шешуге болады?

Ырысжамал Әленова:

– Қыз баланың тәрбиесіне, ең бірінші, анасы жауапты. Сондықтан қазақ “Шешесіне қарап, қызын ал” деген. Тәрбие басы отбасынан, әке-шешенің өнегелі ісі мен сөзінен басталады. Дана қазағым “Ақылды қыз білімге жүгінер, ақылсыз қыз сөзге ілігер” деп тегін айтпаған. Әрбір ана қызының тәрбиесіне терең бойлап, оның ұқыпты, шебер, сүйкімді болуына, жанының нәзіктігіне, өнер, білімге бейім тұруына баса көңіл аударуы керек. Мәнсіз сәннің керегі жоқ. Мұндай қадам қыз баланың тәрбиесіне теріс ықпал етеді.

Айнагүл Тоққожина:

– Қыз баланың тәрбиесі отбасынан бастау алса, одан соң мектеп қабырғасында жалғасады. Қазір мектептерде, жоғары оқу орындарында қыздарға арналған арнайы клубтар жұмыс істейді. Мәселен, біздің оқу ордамызда “Қыз Жібек” қыздар клубы құрылған. Жоспарлы түрде жұмыс істейтін клуб мүшелері оқу жылы бойы түрлі тақырыпта кездесулер, ашық әңгімелер өткізеді. Ұйымдастырылатын “дөңгелек үстелдерге” медицина, құқық қорғау және басқа да салалардың білікті мамандары қатысады. Бұл жерде көздеп отырған басты мақсатымыз – қаракөздерімізге инабатты мінезімен, кіршіксіз арымен әрқашан басқалардан жоғары тұрудың маңыздылығын түсіндіру.

Нұргүл Рахметова:

– Қыздардың сыртқы келбеті ішкі жан дүниесіне сай болуы керек. Әрине, сұлулық – адам жанын марқайтатын, көзін қуантатын, тамсантып, тәнті ететін, таңырқатып, сүйсіндіретін көрініс. Бірақ сұлулық жасанды болса, одан не пайда? Сән деп жүріп, мәнсіз дүниеге еліктей беретін қазақ қыздары алдымен осыны ұғынып алулары керек. Көркем нәрсеге ұмтылған адамның ішкі әлемі де сұлу болады.

Жанна Мауытова:

– Қыздар алдымен бет-әлпетінің сұлулығын емес, денсаулықты ойлаулары керек. Өйткені, бүгінгі бойжеткендер – еңтеңгі аналар. Сондықтан да келін болып, ақ босағаны аттаған соң, дүниеге дені сау сәби әкелу үшін, алдымен, олардың өздері саламатты өмір салтын ұстанып, жаман әдеттен аулақ жүргендері жөн.

Тазалық – денсаулықтың кепілі екенін қанша айтсақ та, артық етпейді. Мұның бәріне қыз баланы, алдымен, анасы үйреткені жөн. Уақытымен жуынып-шайынып, таза киініп жүрудің мәні де, маңызы да зор екенін айтып түсіндіру керек.

Тоғыз және он төрт жас аралығында қыз баланың тәнінде өзгерістер басталады. Кейбіреулерінде аталмыш үдеріс бұдан да ерте көрініс береді. Әсіресе, осындай сәттерде қыздар үшін анасымен сырласу, ой бөлісу, оның кеңестерін тыңдау – өте маңызды. Ересек адамның қолдауын, түсіністігін сезінген бала өзіне сенімді болады. Сонда ғана бұл кезең ата-ана үшін де, бала үшін де еш қиындықсыз өтеді. Қыз тәрбиелеп отырған аналар осыны естен шығармаса екен деймін.

Нұргүл Рахметова:

– Дұрыс айтасыз, сіздің ана мен қыз жайында айтып отырған ойыңыз өте орынды. Шындығында да, қыз балаға анадан жақын, жанашыр адам жоқ. Сондықтан да, қыздар, ананың әр сөзін, ақыл-кеңесін жүре тыңдамай, керісінше, оған көңіл бөліп, ашық әңгімеден қашпаңыздар. Әрине, бұл жерде бар кінәні қыздарға арта салуға болмайды. Өйткені, кейбір аналар қыздарымен сырласуға уақыт таппаса, енді біреулері өз перзентімен ашық әңгімелесуге ұялады. Бұл да қате. Тәрбиенің темір қазығы отбасында қағылады. Егер қыздар дер кезінде білуге тиісті нәрселерін құлақтарына құйып алса, сыртқа шыққанда олар бар бәледен аман жүреді.

Жүргізуші:

– Біздің ашық әңгімемізге “Қыз Жібек”, “Қызғалдақтар” қыздар клубтарының белсенді мүшелері де қатысып отыр. Енді сөз кезегін сіздерге берсек. Мамандар ана мен қыздың арасындағы тығыз қарым-қатынастың қандай маңызды екенін айтып өтті. Ал сіздер қалай ойлайсыздар, сырларыңызбен бөлісуге келгенде кімді таңдайсыздар, ана ма, әлде құрбы ма? Қайсысы жақын?

Айнұр Тілегенова,

№6 қазақ орта мектебінің “Қызғалдақтар” клубының мүшесі:

– Менің ойымша, қызға құрбысынан гөрі, анасы жақын болуы керек. Қазіргі заманда құрбыларға да көз жұма сенуге болмайды. Өйткені, адал достан, амал дос деген көп болады. Ал енді оның аражігін ажырату қиын. Сондықтан да өз басым бар сырымды анама айтып, онымен ашық әңгімелесуден ұялмаймын.

Әлия Сейілбекова,

әл-Фараби мектеп-лицейіндегі “Қыз Жібек” қыздар клубының мүшесі:

– Қазақ қызының тәрбиесіне келгенде ана сыр сандық сияқты. Оның білетіні өте көп. Дегенмен де, бізге қажетті барлық сұрақтарға жауап бере алмайтын кездері де болады. Бірақ бұл қиын мәселе емес деп ойлаймын. Себебі, бүгінгі таңда әр мектепте қыздар клубы жұмыс істейді. Сынып жетекшілері де, ұстаздар қауымы да қыздардың тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Түрлі тақырыптарда өткізілетін кездесулердің барлығы – қыздар үшін маңызды. Өйткені, ашық әңгіме аясында біз өзімізге қажетті ақпаратты алып қана қоймай, сұрақ қоюға да мүмкіндік аламыз.

Жүргізуші:

– “Қыз бала – бойжеткен, келін,

ана,

Бәрі де дер кезінде дара тұлға.

Ұрпағыңның ойласаң

болашағын,

Қызды сыйла, жамағат,

қызды сыйла”, –

дегендей, біз бүгінгі қазақ қызының бойынан жақсы қасиеттерді ғана көргіміз келеді. Мұның бәрі қазақ қызының бойында жоқ деп те айтудан аулақпыз. Бірақ бүгінгі қоғамда “ерте солған қызғалдақтар” мәселесі де өзекті болып тұр. Күні кеше ғана мектеппен қоштасқан қаракөздердің ойнап жүріп, от басқаны қаншама?

Бүгін біздің “дөңгелек үстелге” Сандуғаш (есімі өзгертілген) есімді жас ана қатысып, қыздарға сабақ болу үшін өзінің басынан өткен оқиғасымен бөлісуге дайын. Сөз тізгіні өзіңізде, Сандуғаш.

Сандуғаш (19 жаста):

– Қатал тағдыр мені туғаннан сынға алған сияқты. Бес жасымда анамнан, кейін әкемнен айырылып қалдым. Сондықтан мен жетімдіктің ащы дәмін жастайымнан татқан жанмын. Мектепті тамамдаған соң, колледжге оқуға түстім. Студенттік кез зу етіп өте шықты. Қолыма диплом алған соң алғашқы кезде мамандығым бойынша жұмыс таба алмадым. Сондықтан дәмханада даяшы болып жұмыс істедім. Күнделікті тапқан ақшам өзіме жететін. Бір туған күнде өзіммен шамалас жігітпен таныстым. Бір қарағанда оның мінезі жақсы сияқты болып көрінді. Сондықтан оның айтқан барлық сөзіне сеніп, көзсіз ғашық болып қалдым. Екіқабат екенімді іштегі шаранаға төрт ай болғанда білдім. Шыным сол, алғашқы кезде жүрегім айнып, басым ауырғанда сырқаттанып қалған шығармын деп ойлағанмын. Асқазаным, ішім, белім, әйтеуір ауырмаған жерім болған жоқ. Күн ұзақ бүктүсіп жата бердім. Жағдай мен ойлағандай емес екенін дәрігер-гинекологке барғанда ғана түсіндім. Сеніп жүрген жігітім сәбилі болатынымызды естігенде қуанған жоқ. “Үйленемін, бірақ қа-зір емес, тоса тұр”, – деді. Сөйтіп жүргенде, ай-күнім жетті. Мен аман-есен босандым. Қазір қызым екі айлық. Қатты қиналдым. Туған-туыстың, жақын-құрбының көзіне түсуден ұялдым. Көрмеген қорлығым жоқ. Үйсіз, күйсіз сәбиіммен далада қаңғып қалған күндер де болды. Әйтеуір, жанашыр адамдардан “Ана үйі” жайында естіп, сонда барып, пана таптым.

Жанна Мауытова:

– Сонда бірнеше ай бойы бойыңызға бала біткенін білмей қалай жүре бердіңіз, түсінбеймін. Мұндай кездерде тек қана қыз баланың тәнінде болатын өзгерістерден хабарсыз болғансыз ба?

Сандуғаш:

– Менің сырласатын, ақыл айтатын анам болған жоқ. Ал құрбыларыммен ашық сөйлесуден ұялатынмын. Осындай білместіктің салдарынан сан соғып қалдым. Бүгінгі ашық әңгімеге қатысып, емен-жарқын сөйлесіп отырған қызғалдақтай қыздарды көріп, қызығып та отырмын. Өйткені, олар осындай кездесулерден өздеріне қажетті ақпарат алу мүмкіндігіне ие болады. Дер кезінде берілген кеңес дұрыс пайдалана алған адамға құнды қазынамен тең деп ойлаймын.

Айнагүл Тоққожина:

– Өткен іске өкінесіз бе?

Сандуғаш:

– Шыны керек, бойыма бала біткенін естіген кезде құздан құлап өлгім келді. Қорыққаннан дәрі ішіп, уланып та қалдым. Әйтеуір, қызымның көрер жарығы болып тұр ғой, дер кезінде жеткен дәрігерлер екеуімізді де аман алып қалды. Ауруханада жатып, есімді жиған соң, бәрібір бұл баладан бас тартамын деген тоқтамға келдім. Бірақ кезекті тексеру кезінде болған ультра дыбыстық зерттеуден іште жатқан шақалақтың жүрек соғысын естігенде көзіме ыстық жас келді. Сол сәтте барып есімді жиғандай болдым. Өмір сүруге бұлқынған кішкентай ғана шақалақтың қозғалысын сезгенде, бұл дүниеде маған одан жақын, одан қымбат адамның жоқ екенін түсіндім. Әрине, жас тағдырыма жауапсыздықпен қарағаныма өкінемін. Оның азабын да молынан тарттым. Алда әлі не күтіп тұрғаны да белгісіз. Бірақ кінә тек қана менен деп ойламаймын. Мені алдап кеткен жігіт қолымен істегенін мойнымен көтеруі керек еді. Бірақ олай болмай шықты. Әрине, бұл – менің тағдырым, менің ащы шындығым. Оны оқыған, тыңдаған адам әрқалай ойлауы мүмкін. Бірақ бір айтарым, бұл жолды мен қалап алған жоқпын. Болар іс болды, енді бәрі де кеш. Ендігі тілегім – сәбиімнің амандығы.

Біреуге ақыл айтудан аулақпын. Тек қыздарға абай болыңдар дегім келеді. Ойнап жүріп от баспаңдар, оның ыстық шоғы жас жүректеріңді өмір бойы күйдіріп өтеді.

Жүргізуші:

– Ашық әңгімеңізге рахмет, Сандуғаш. Бүгін ортамызда “Ана үйі” қоғамдық қорының үйлестірушісі отыр. Сөз кезегі өзіңізде.

Меруерт Көшембаева:

– “Ана үйі” жобасының негізгі мақсаты – әлеуметтік жетімдіктің алдын алу. Бүгінгі таңда біздің үйімізде тоғыз ана өз сәбиімен бірге тұрып жатыр. Әр қыздың тағдыры әрқилы. Солардың бірі – жаңа алдарыңызда жүрек сырымен бөліскен Сандуғаш. Ол да жалған сөзге алданып қалған қыздардың бірі. Басында баласынан бас тартқысы келгені де рас. Әйтеуір ойланып, дұрыс шешім қабылдады. Әрине, жалғызбасты аналарға қазіргі қоғамда оңай емес. Себебі, олар баласының жағдайын жасау үшін белді бекем буып, өмірдің бар сынағына шыдауға дайын тұрады. Сондықтан да мұндай аналарды қолдап, оларға демеушілік көрсету керек. Әйтпесе, тастанды балалар саны арта түспесе, кемімейді.

Жүргізуші:

– “Ана үйі” қоғамдық қоры жас аналарға қандай көмек көрсетеді?

Меруерт Көшембаева:

– Біздің мекемеден уақытша пана тапқан жас аналарға медициналық, психологиялық және заң саласының мамандары көмек көрсетеді. Жас аналарға жылы орын, дайын тамақ, естерін жиып, ойланып, жаңа өмір бастауларына алты ай уақыт беріледі. Осы аралықта балаға төленетін мемлекеттік көмекті ресімдеп, жұмыс қарастырып, мүмкін болса сәбидің анасын әкесімен қайта татуластыруға барлық жағдайды жасаймыз. Айта кету керек, өткеннің барлығына кешіріммен, түсіністікпен қарап, отбасын құрып жатқандар да бар. Біз үшін, ең бастысы, сәбидің толыққанды отбасында өмір сүруіне жағдай жасау. Өйткені, әрбір ана, әрбір бала бақытты болуға лайықты.

Әрине, бұл жерде мен шалыс басқан қыздарды жақтаудан аулақпын. Бірақ өмір болған соң неше түрлі жағдайлар орын алады. Бір қателік жіберді екен деп, қыздарға теріс қарауға болмайды. Себебі, бала ата-ананың екеуіне де ортақ. Осы жағынан алғанда, қазіргі қоғамда ұлдардың тәрбиесіне де баса көңіл бөлу керек.

Нұргүл Рахметова:

– Бала – біреуге мұң, біреуге – арман. Қаншама отбасы бір перзентке зәру болып, Жаратқаннан алақан жайып сұраса, енді біреулері өмірге іңгәлап келген сәбиден құтылуға асығады. Осы ретте Меруерт Құрманбайқызының қозғап отырған ойын орынды санаймын. Жігіттер жауапкершіліктен қашпау керек. Шыр етіп өмірге келген шақалақ – ол да бір әкенің қаны, бір отбасының ізін жалғар ұрпағы ғой. Баласынан бой тасалап қашқан кейбір әкесымақтар бір мезгіл осыны да ойлауы керек.

Ырысжамал Әленова:

– Әрине, бұл ойларыңыз орынды. Қазір ұлдардың да тәрбиесі көңіл көншітерлік емес. Егер әр нәрсеге жеңіл қарайтын кейбір жігіттер жауапсыз болмаса, мына Сандуғаш сияқты қыздарымыз баласын құшақтап жапанда жалғыз өзі жүрмес еді. Бұл да өзекті мәселенің бірі болып тұр.

Алайда, қазақ қыздарының оң жақта отырып – сәбилі болуы ұят нәрсе. Оны ақтап алуға болмайды. Бұрынғы кезде бір қыз осындай жағдайға тап болса, ұяты сол әулетке ғана емес, күллі ауылға келген. Сондықтан да қыздың тәрбиесін анасы ғана емес, ағайын-туыс, қоғам болып қолға алуымыз керек.

Айнагүл Тоққожина:

– Дұрыс айтасыз. Қыздардың жүрегіне, сана-сезіміне имандылық ұялап, жігіттер жауапкершіліктің мән-мағынасына терең бойлаған кезде ғана мұндай сорақылық түп-тамырымен жойылады. Қазақ қоғамындағы басты байлық адам болса, ақылды да иманды, парасатты да тəрбиелі қыздар ортаймайтын ең құнды қазына. Оның қадірін кетіріп алмауымыз керек.

Меруерт Құрманбайқызы ұл баланың тәрбиесін қолдан шығарып алмау керек деген жақсы ой қозғады. Бұл – дұрыс айтылған сөз. Ертеңгі күнге алаңдамау үшін ұлдың да тәрбиесін қазірден бастап назарда ұстаған жөн. Сөздің реті келгенде айта кетейін, біздің мектепте осыдан үш жыл бұрын балаларды тәрбиелеудің жаңа әдісі қолға алынды. Ол кезде бұл оқушылар жетінші сыныпта оқитын. Соңғы үш жыл бойы сабақтар қыздар үшін бөлек, ұлдар үшін бөлек өткізіледі. Айта кету керек, ұлдардың ұстазы – ер адам. Мен өзім қыздардың сынып жетекшісімін. Бұл әдіс пайдалы және тиімді деп ойлаймын. Себебі, мен қыздармен ашық әңгіме өткізгенде, ұлдардың көзінше айтуға болмайтын, жабық тақырыптарды емін-еркін қозғап, түсіндіре аламын. Олар да ешкімнен қымсынбайды.

Ал математика пәнінің мұғалімі Самат Нұртаев болса, ұл балалардың тәрбиесі жайында сөйлесіп, оларды нағыз ер-азамат етіп өсіруге үлес қосуда. Осылайша, біз ұлдарға да, қыздарға да бағыт-бағдар беріп, оларды жаңа өмірге дайындауға атсалысудамыз.

Жүргізуші:

– 2015 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі “Еліміздегі ең жас ана 13-те, ол Солтүстік Қазақстан облысында тұрады”, – деген хабар таратты. Кәмелетке толмағандар арасында қуыршақты бөпеге айырбастаған жас аналар барын жазған да, айтқан да болатынбыз. Арада екі жыл өтті. Бүгін жағдай қалай екен?

Жанна Мауытова:

– Қазір облысымыз бойынша кәмелет жасқа толмаған жас аналардың саны азайып келеді. Яғни, жағдай тұрақтанды деп айтуға болады. Бұл – қыз тәрбиесі бағытындағы жұмыстардың жақсарғанының белгісі. Бір қуанарлығы, жоспарлы түрде өмірге сәби әкелуге ниет қойған аналардың қатары күннен-күнге қалыңдай түсуде. Үшінші, төртінші, тіпті, бесінші баласын бауырына басқан көпбалалы аналарды көргенде жаныңа жылылық ұялайды. Себебі, барлық бала бақытты, қалаулы болуға лайықты.

Қыз баланың тәрбиесі алдымен отбасынан басталады. Әрбір ана қызына ақыл-кеңесін айтып, оның өскенде шалыс баспауына тікелей ықпал етуі керек. Себебі, қазақтың қызы тек өз ұрпағының ғана емес, бүкіл ұлттың алдында жауапкершілігін сезінсе екен деймін.

Жүргізуші:

– Жанна Қабиденқызы, “Ана үйімен” қандай қарым-қатынаста жұмыс істеп жатырсыздар?

Жанна Мауытова:

– Ойнап жүріп от басқан жас аналардың көбі бойына бала біткенін білген сәттен бастап екіұшты ойда жүреді. Осындай сәтте қыздарға психологиялық тұрғыда қолдау керек. Әйтпесе, елімізде тірі жетімдер саны көбейеді. Бұл жағынан алғанда “Ана үйі” әлеуметтік жобасының жұмысын айта кеткім келеді. Біз олармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Яғни, сәбиінен бас тартқысы келетін жас аналармен медицина қызметкерлері, “Ана үйінің” психологмамандары ашық әңгіме өткізіп, кінәсіз баланы тастап, күнә арқалауға дайын тұрған жас аналарды райынан қайтарады.

Бұл жерде сәбилер үйіндегі “Үміт” тобы жайында да айта кеткен дұрыс шығар. Осы мекемедегі жүйелі жұмыс та сәбиді ата-анасынан айырмай, оның толық отбасында өсуіне бағытталған. Яғни, біздің барлығымыздың көздеген мақсатымыз бір. Ол – тірі жетімдер санын азайту және жас аналарға барынша қолдау көрсету.

Айнагүл Тоққожина:

– Осы жерде тағы айта кетерім, қазақ қызын дұрыс тәрбиелеудің бір жолы – салт-дәстүрді ұстану. Ата-бабамыздан мирас болып қалған қыздарға арналған қырық тыйымды әр бойжеткен жатқа білсе және соларды ұстанса, нұр үстіне нұр болар еді.

Қалай болғанда да барлығы қыздардың санасына, ой-өрісіне байланысты.

Жүргізуші:

– Қыз баланың тәрбиесі – өте ауқымды және маңызды мәселе. Оның барлығын бір ғана “дөңгелек үстел” басында талқылап шығу мүмкін емес. Дегенмен де, бүгін біраз ойлар айтылып, пікірлер тыңдалды. Ең бастысы, қазақ қызының тәрбиесіне қоғам болып атсалысуымыз керек.

“Дөңгелек үстелді” жүргізген

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Comments   

 
0 #1 Асылхан 2018-01-10 08:32
Халқымыз қыз тәрбиесін әрқашан ұлт тәрбиесі есептеп келді. "Қыз қылығымен – қымбатты, ақылымен сымбатты ”, -деген ата-бабамыз өзге ұлттарға қарағанда қыз баланың жүріс-тұрысына, тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Бүгінгі таңда да тәрбие ісінің өз мәнін жоғалтпағаны қуантады. Көпті көрген апаларымыздың бұл "дөңгелек үстел" басында айтылған үлкен мағынаға толы сөздері қыздарымызға үлкен сабақ, өнеге болары анық. Әсіресе, Ырысжамал апамыздың әрбір ананың қызының тәрбиесіне терең бойлап, ұқыпты, шебер, сүйкімді болуына, жанының нәзіктігіне, өнер, білімге бейім тұруына баса көңіл аударуы қажет екендігі жайлы айтқанының мәні зор. Алдағы уақытта осындай жиындар облыс көлемінде ғана емес, аудандар мен ауыл мектептерінде, кітапханаларынд а өткізілсе, нұр үстіне нұр болатын еді.
Quote
 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика