ШЫРҚЫ БҰЗЫЛҒАН “ҚАЛТА ШОУ”

Көрген көзде жазық жоқ. Жақында бір тойда болдым. “Шақырғанға бармасаң, шақыруға зар боласың” демекші, мен де айтылған күні, белгіленген уақытында той дастарқанынан табылдым. Жиналған қауымның да қарасы көп.

Жақын танысымның қызы биыл бірінші сыныпқа барды. Мол дастарқан жайып, мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршінге ақ жол болсын деген ниетте үлкендердің батасын алды. Білім шыңына ұмтылыстағы алғашқы қадам кез келген балаға, тіпті, ата-ана үшін жауапты кезең. Жөн делік, алайда, менің айтпағым бұл емес.

Сыйлап шақырған танысымның асын ішіп, аяғына түкіргім келмейді. Десек те, қазіргі таңда осындай жиын-тойлар көбейді. Ондағы аста-төк ысырапшылдықтың өзі – бір әңгімеге арқау болатын мәселе. Қош, қуаныш болған соң кім аянып қалар дейсің? Әркім өзінің шама-шарқынша дастарқан жаяды емес пе? Дегенмен, көңілге кірбің түсіретін жайттар кезікті. Бірінші үстелден тұрған соң, әйелдер жағы қалта бөлу рәсіміне кірісті. Нәзік жандар үшін тойдың ең маңызды тұсы да осы болды.

Шеберлердің қолынан шыққан қалталар көздің жауын алады екен. Ішіне салынған дүниелер де арзан емес. “Шоуға” айналған қалта тарату салты бүгінде жаңа сипат алды. Бірақ “қалта шоудың” шырқы бұзылғаны өкінішті. Ортаға қойылған дүниені талан-таражға салған әйелдердің қылығы тым ерсі көрінді. Біреуі бірнеше затқа қолын созып әлек. Тіпті, сондағы үлкен кісілердің өздері де ұятты ұмытқандай. Жастары біразға келсе де, ойыншыққа таласқан баладай ерсі қылық танытқан аналарға жол болсын дедім ішімнен. Әрине, әйел жүрген жер ылғи да ырду-дырдусыз болмайды. Қалтаның ішіндегі орамалға дауласқан екі келіншек төбелесуге жақын қалды. Ашуға булыққан әйелдердің ауыздарынан былапыт, бейәдеп сөздер шықты. Ұрпақ тәрбиелеп отырған қазақ әйелдеріне бұл көрініс жараспайды. Көпшіліктің ортасында отырып, жаға ұстар жайттарға баруымызға, әрине, өзімізден басқа ешкім де кінәлі емес.

Осындайда ұлт болып ұйысуымызға өз үлестерін қосқан Ұмай, Айша бибі, Домалақ, Бопай ханым, Айғаным, Ұлжан мен Ұлпан, Зере сияқты аналарымыз ойға оралады. Бірақ көпке топырақ шашудан аулақпыз. Жөнжобаны, ұлттық құндылықты, тәрбиені білетін үлкендер басу айтып, ұрысты әзер тоқтатты. Қуырдақтың көкесі алда екен. Дастарқанда түк қалдырмай тәтті-дәмділерді бөліп алу былай тұрсын, үстелдің сәні болар май мен қоспаға дейін сөмкелеріне салып алғандар болды. Сонда тойдың берекесін қашырғаннан ұтарымыз не?

Бұл көріністі бақылаған өзге ұлттың өкілдері осы тірлігімізге күлері сөзсіз. Әсіресе, әйел-аналардың, қыз-келіншектердің құлағына алтын сырға. Алдымен өзіміз түзелмей, ұлдың ұлықты, қыздың қылықты болуы екіталай.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Comments   

 
0 #2 Алма 2018-01-15 08:26
Біз мақтаншақ халықпыз ғой. Тойды ғана емес, өлімді де бәсекеге айналдырып алдық. Жаназа дастарқанына құстың сүтінен басқанын бәрі қойылады. Бізге қашан ақыл кіріп, тәубамызға келеді екенбіз. "Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің" демекші, бүгінгі күні қалташоу жайына қалды. Соңғы бір-екі тойда тойбастар рәсміне таратылған сыйлықтарды көріп, тіпті жағамды ұстадым. Босқа шашылған қаражат мұқтаждарға берілсе ғой, амал нешік?!
Quote
 
 
0 #1 Дәмелі 2018-01-10 10:15
"Солтүстік Қазақстан" газетінде жарияланған "Шырқы бұзылған қалта шоу" ойтүркісі бүгінгі тойда жиі кездесетін жағымсыз көріністің дәлелі. "Шақырған жерге бармасаң, шақыруға зар боларсың" демекші, шақырған жерден қалмау әдетіміз. Өзіміз көріп жүргендей әйелдер қауымы үшін қалта таратудың маңызы зор. Шынымен кей жағдайда жаға ұстайтын жайттардың куәсі болып жүрміз. Өкінішке орай құнсыз дүниеге таласқан әйелдердің дау-дамайынан шырқы бұзылған тойлар баршылық. Мұндай сорақы жағдайға өзімізден басқа ешкім де кінәлі емес. Осындайда рухани жұтаңдықтың соңы неге апарар екен деп ойлайсың. Өзіміз қолдан жасаған "шоудан" ұтарымыз жоқ. Соны әйелдер қауымы түсінсе екен. Оданша ұлтты ұйыстырып, ұлттық салт-дәстүріміз ді насихаттауға барынша көңіл бөлгеніміз жөн.
Quote
 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.