ОТАН ОТТАН ДА ЫСТЫҚ

1992 жылдың 10 қаңтарында Президент Жарлығымен тәуелсіз мемлекетімізде Қарулы Күштер арасында алғаш болып Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлері құрылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміз егемендік алған күннен бастап қоғамдық қауіпсіздікті күзетуді маңызды міндеттердің бірі етіп бекітті. “Бостандық пен тәуелсіздікті жеңіп алу жеткіліксіз, оны табанды түрде қорғап, нығайтып, ұрпақтарға қалдыру қажет. Егер біз өз мемлекеттілігімізден айы­ры­лып, егемендігіміздің негіздерін, өз жерлеріміз бен ресурстарымызды қолы­мыздан шығарып алсақ, бізге кешірім жоқ”, – деген болатын Елбасы.

Сол тарихи күннен бастап әскеріміз алға қойылған тапсырмаларды орындап, тұрғындардың қауіпсіздігін, құқықтарын, қоғам құндылықтарын қорғау жолындағы жауапты қызметін лайықты жүзеге асырып келеді. 2014 жылы Ішкі әскерге Ұлттық ұлан мәртебесі берілді. Былтыр сардарлар мен сарбаздар осы әскери құрылымның 25 жылдығын атап өтті.

Ұлттық ұлан қатарын білікті кадрлармен толықтыруда Петропавлдағы әскери институттың рөлі айрықша. Оның қабырғасында офицерлер клубы, ардагерлер ке­ңесі, жастар орталығы түрлі тәрбие сағаттарын өткізеді. Оқытушылар курсанттарға бар білгенін үйретуден жалықпайды. Мәселен, полковниктер Оспан Әбдуәлиев, Болат Қожахметовтың дәрістері жастарға патриоттық рух береді. Мен осы оқу ордасында төрт жыл бойы білім нәрімен сусындап, лайықты тәлім алып, былтыр үздік бағаға тамамдадым. Қазір Алматы облысының Еңбекші қазақ ауданындағы №6654 әскери бөлімінде рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары қызметін атқарып жүрмін. Рота сарбаздарының бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру – менің тікелей міндетім.

Бүгінде жастарға Отан алдындағы міндетін түсіндіру маңызды. Әскерге бару – ер жігіттің ел алдындағы борышы. Жалпы әскери жарғымен танысып, қару ұстап көру, саптық даярлықты меңгеруді мектеп қабырғасында алғашқы әскери даярлық пәні үйретеді. Ал әскери парызын өтеуге келген әрбір жігіт мектепте алған дайындығын жетілдіре түседі. Әскери борышын өтеген жас кез келген жағдайда шапшаң қимылдап, тез шешім қабылдайды. Әскери өмірдің қыр-сырын үйреніп, техниканың тілін меңгереді. Ең бастысы – әрбір сарбаздың туып-өскен жеріне деген махаббаты күшейеді. Үйден жырақта жүріп, ата-ананың, аға-бауырдың, әпке-қарындастың қадірін түсінеді.

Иә, әскери қызмет кез келген жастан темірдей тәртіпке бағынып, елге адал қызмет ету үшін жігер мен зор табандылықты талап етеді. Қазір әскерде барлық жағдай жасалған. Киім-кешекпен қамтамасыз етуде, тамақтандыруда ешқандай қиындық жоқ. Тәртіп те күшті. Әрине, бір жыл көп уақыт емес. Мысалы, әкем Мереке әскери борышын Ресейде екі жыл өтеген. Жалпы оның қатарластарының бәрі де осынша жыл әскердің ыстық-суығына төзіп, шымырлана түскен. Ал қазір кейбір жастар бір жылдық әскерге баруға құлықсыздық танытып жатады. Дегенмен, өз еркімен әскерге баруға ниет еткендер де аз емес.

Ұлттық ұлан мен сияқты офицерлердің де Отанға деген махаббатын күн сайын нығайта түсуде. Бүгінде сарбаздарды даярлау ісіне белсене қатысып жүргенімді мақтан тұтамын. Бұл – абыройлы мамандық. Жақында демалыс алып, Жамбыл ауданындағы Благовещенка ауылында тұратын ата-анаммен қауышамын.

Ұлттық ұлан сапында борышын өтеген жастар елдің тыныштығын күзетіп, намысын қолдан бермесіне сенімдімін. Мақаламды халық батыры Бауыржан Момышұлының мына сөзімен аяқтағым келеді: “Әскери қызмет дегеніміз – дені сау әрбір азаматтың асыл парызы, ардақты борышы, кімде-кім әскер қызметінен жалтарса, онда ол патриот емес”.

Мейрамбек ТАЛАПКЕРОВ,

№6654 әскери бөлімі рота командирінің орынбасары, лейтенант.  

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.