“ҚЫЗЫЛОЙ” – ІЗДЕУСІЗ ҚАЛҒАН ТАҒДЫРЛАР

Былтырғы жылдың тамыз айының соңында Жамбыл ауданындағы туған ауылыма бара жатып, жолдағы Петровкаға ат басын бұрып едім. Мақсатым – осында тұратын Мәнту Қоңқаевқа сәлем беріп, ақсақалдың хал-жағдайын білу. Қазақы жолмен келгенде, құда болатын Мәнту Көпенұлы – өткеннен тоқығаны көп, өлке жұртының шежіресіне жетіктігімен көпке белгілі азамат.

Бұрындары шымыр денелі ағамыз тоқсанның ауыртпалығын тартып отыр екен. Көзі шала көріп, құлағы мүкістенген. Танымады. Сәлем алғаннан кейін жөн сұрады. Жағдайын айтып, ұмытшақтығы басым екенін де ескертті. Дегенмен, атымды естігесін ой тізгініне қолы іліккендей, елдің амандығын, туған-туысқан, таныстарды сұрай бастады.

– Қарағым-ай, қатарым кеткен жетіммін ғой. Білетіндерімнің көбі бұл дүниеде жоқ, жастарды тани қоймаймын, – деді. Байқаймын, ақсақал бүгінгіден гөрі, өткенге анықтау. Жасыратыны жоқ, менің де бір мақсатым реті келсе өткеннің көмескі әңгімелерін, дүниеде жоқ кейбір азаматтар туралы білу еді. Сұрақтарымнан кейін көп ойланған қария:

– Білуші едім, ұмытып қалыппын, – деп қиналумен болды. Алайда, сөздің реті Қызылой ауылына ауысқанда кәдімгідей желпініп, есіне өткен өмірдің көріністерін, адамдарын түсіріп, сауалдарыма жауап беруге тырысып бақты. Сондағы Мәнту ақсақалдың әңгімесін тарқатып айтып берейін.

1928-1930 жылдары маңайдың жұрты отырықшылана бастағанда Көшебе Таузарға жататын Бертіс ұрпақтарының бес ауылы ата дәстүрінен таймай, жазда қазіргі Тимирязев ауданының жеріндегі Дос, Кәк көлдерінің маңындағы жайлауларын бетке алатын. 1928 жылы көштері Маманай-Күйкейлетіп өткенде олар Майбалық көлінің шығысында тұрақты елді мекен салу басталғанына куә болады. 1929 жылдың күзінде Маманайдың солтүстік бетінен 6-7 шақырымдағы қыстауларына қайтып келе жатып, бой көтеріп қалған қалашықты көреді.

Дегенмен, келесі жылы да биліктің ырқына көнбеген Бертіс ауылдары артыныптартынып жолға шығады. Алайда, сол жылдары үкімет саясаты үгіттен зорлыққа ауысып, көшпенділікте қалған ауылдар әртүрлі қысым көреді. Мал есепке алынып, салық күшейтіледі, ірі байлардың мүлкі тәркіленіп, өздері айдалып, із-түзсіз кетеді. Кешегі табындары жайлауға симай, байлықтары қисапсыз, алдарына ешкім шыға алмайтын ауқатты жандардың бір күнде жоқ болғаны кейінгінің бәрінің қайратын қайтарып тастайды.

1930 жылы ауқаттылардың келесі легі, тіпті, орта деңгейдегі шаруалардың мүлкі тәркіленіп, өздері жер аударылады. Бір жерге қоныстанбаған елдер кеңес өкіметіне қарсы шыққандар қатарына жатқызылады. Оның үстіне үрейлі жұрт малын жаппай сойып, өрістегі табындар күрт азайып, келесі жылы жайлауға көшудің маңызы да жойылады.

Осындай жағдайда Бертіс ұрпақтары, атап айтқанда, Жиынды, Қарағаш, Майқамыс, Ойықкөл және Жапа ауылдары отырықтануға бел байлап, 1931 жылы ұжымшарға бірігіп, оған Қызылой деген ат қояды. Бес ауылдың 80-нен астам шаңырағы үшін еркін өмір артта қалып, ауыр еңбекке толы күнкөріс басталады. Сол кезден бастап кешегі көшпенділердің өмірі жаңа уақыттың арнасына түсіп, басқа жұртпен тығыз байланыста болады. Оның бастысы – ортақ еңбек еді. Берген тапсырма бойынша өгізбен, атпен жер жыртылып, егін салынып, ортақ мал өсіру, өнім тапсыру колхозшылардың күнделікті ісіне айналады. Кейінірек ауыл жігіттерінің кейбіреуі Майбалық МТС-ына жұмысқа тартылып, тракторға отырады, техникаға байланысты басқа да мамандықтарды игере бастайды.

Бастапқы жылдары ұжымды Байқамыш Жұманов деген азамат басқарады. Алайда, ұжымшардың нығайып, тұрақты өндіріс кәсіпорны болып қалыптасуына Зұлқарнай Аманжолов көп еңбек сіңіреді. Ол ауылды 14 жыл, соның ішінде ең қиын соғыс жылдарында басқарып, негізінен, кәрі-құртаң, әйелдер мен жасөспірімдердің еңбегімен майданға қажетті өнім өндіруді қамтамасыз етіп тұрады. Кейінгі жылдары Қызылой көрші ұжымшарға қосылғанша Қажымұрат Елеукин деген жігіт басқарыпты.

Мәнту қарт біраз адамдардың есімдерін есіне түсіре алмады. Алайда, ойланып барып, Әжібек, Бекхожа, Құсайын деген азаматтардың аттарын атады. Белсенділердің қатарындағы аңшы Әкімжан Кәрібаев құнды аң терілеріне берілген Үкімет тапсырмасын орындауға жауапты болғанын айтты. Ауылдың мектебіне арналып, ағаш үй салынады. Кейін ол Петровкаға көшірілген. Қарт мұғалімдерден Қожағали Мұқышев деген кісінің есімін атай алды.

Қызылой ұжымшары жиырма шақты жылдың ішінде іргелі шаруашылыққа айналады. Ауыл елдің жақсы да, қайғылы да кезеңдерін басынан кешірген. Қуғын-сүргін кезінде байдың баласы, молда, колхозға қарсы деп кінәланған алпысқа келген Мүтәллап Қойлыбаев деген азамат 1937 жылдың күзінде қамауға алынып “үштіктің” үкімімен ату жазасына кесіледі.

Қызылойлықтар соғыс ауыртпалығын да елмен бірдей көтерді. Мәнту ағамыздың сөздерін жандандыру үшін облыста шыққан жинақтарды ақтара отырып, екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің қатарында туған жері Қызылой деп көрсетілген Қасым Садықовтың атын ғана таптым. Ал осы ауылдың тумалары Жұмабай Бекбауов пен Әбілдер Ибраимов Петровкада туған деп көрсетілген екен. Әрине, қолына қару ұстап, жауға тойтарыс берген қызылойлықтар олар ғана емес, сол сапардан оралмағандары да бар. Тылдағылар жеңіске ауыр еңбекпен өз үлестерін қосты.

Мәнту ағамыз қару ұстауға жарамаса да, еңбек майданына алынып, 1943-1947 жылдар аралығында Лениногорскіде (қазіргі Риддер) қорғасын зауытында ауыр жұмысқа қатысып, абыройлы еңбегі үшін талай медальдар, грамоталар алған. Содан кейін туған жеріне оралып, 1961 жылға дейін тракторшы ретінде жұмыс істеп, кейіннен жылқышы, малшы болады.

Ағамыз айтқандай, Қызылой ауылы елді мекендерді ірілендіру саясатын жүзеге асыру барысында құрып кетеді. 1950 жылы ол “Организованный труд” колхозының бригадасы болады. Кейінгі жылдары елеусіз қалған ауыл тарайды. Ұжымшар орталығы Петровкаға тек 26 отбасы көшеді де, қалған 50-ден астамы маңайдағы ауылдарға, көпшілігі көрші Ресейге қоныс аударады.

Шаршаңқырағына қарамастан, тоқсандағы ақсақал өзін біразға дейін қамшылап бақты. Кей кездерде әңгімеміздің желісі жорғадай жортса, кейде қарттың ойы кідіріп, не айтқысы келгенін есіне түсіре алмай қалатын кездері де болды. Сонда тағы да: “Білуші едім, ұмытып қалыппын”, – деп ақталды. Біраз отырып қалыппыз, мазасын алғаным үшін кешірім сұрап, соңында: “Аға, әңгімеңе рахмет!” – дедім.

– Әй, қарағым, Ахметжан, Қызылой деген дүркіреген ел едік. Бұл күнде таусылып болдық. Бәрінен де сол елдің, сол заманның ізсіз кетіп бара жатқаны өкіндіреді. Азаматы саналы елдер туралы кітаптар шығып, тарихы, жұрты ұрпақтарға қалып жатыр. Ал біздің ауылдан да талай сауатты, сан алуан қызмет істеген азаматтар шыққан. Әлгі атаған Бекхожаның, Құсайынның, Қожахметтің ұрпақтары да – білім алып, биік шендерге жеткендер. Бірақ та туған ауылының өткеніне көңіл бөлмей келеді. Не істерсің? Өкінгенмен қолдан келер қайыр жоқ. Бірер жылда біздер кеткесін аталарымыздың, әкелеріміздің, біздің өміріміз де құмға сіңген судай ізі қалмайтын болып тұр, – деп кейіді Мәнту ақсақал.

Мен сол кездесуде диктофонға жазып алған әңгімені реттеп, газетке жариялаймын деп уәде беріп едім. Көп кешікпей Мәнту Көпенұлы бақилық болғанын естідім. Қарияға берген уәдемді орындай отырып, ойға келдім. Мәнту ағамыздың туған ауылы туралы толғануы, көңіліне ұялаған мұңы жалғыз Қызылойға ғана қатысты емес, әрине. Тек біздің облысымызда кезінде тұрақты мекендер болған, алайда, заманның ағысының әртүрлі себептерімен жойылған жүздеген ауылдардың заты түгіл, аттары да ұмытылған. Солардың ішінде халқымыздың өмірінің айнасындай, кезінде аты елімізге әйгілі болған талай ауылдар бар еді. Тіпті, өзгені қойғанда, олардың Ақмола, Көкше шапқан, Маңғұл, Қара қос, Үш қызыл, Үш құдық, Жалғыз құдық, Шолақ Досшан, Сәндіқара, Алпағар, Құралай, Алабие, Қандыкөл, Қарашай, Ғипнат, Аллатай, т.б. көптеген аттарының өзінде біз білмейтін сырлар бары анық. Бүгін сол ауылдарда туып-өскен, тіпті, тумаса да аталары мен әжелерінен, әкелері мен аналарынан естіп тоқығаны бар ұрпақ қалды. Олай болса, түп-тамыры тараған елді мекен туралы естелік әңгіме қалдырып, тарихтың бір бетіне “таспен басқан” азаматтар ұрпақ парызын орындап, мол сауапқа қалар еді.

Ой салатын бірер факті келтірсек. Ұжымдастыру кезіне дейін өлкеміздің барлық қазағы көшпенді болды деген ұғым – қате. Тіпті, ертеде, нақты айтқанда, 1860 жылдары тұрақты мекендері бар қазақ ауылдары орыс әкімшілігінің есебіне енген. Ресей империясының 1908 жылы жүргізген есебі бойынша тек қазіргі Петропавл уезіндегі Полудин, Тайынша, Петропавл болыстарында 117 тұрақты қазақ ауылы болғаны туралы мәліметтер бар. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының соңында Петропавл округінде тұратын (оған қазіргі Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарының жерлері қараған) 34600 қазақ шаруашылығының (отбасының деп түсіну қажет) 4 мыңдайы көшпей, бір жерде өмір сүрген.

1928-1932 жылдары көшпелі ауылдарды біріктіріп, отырықшылдандыру науқаны барысында, тек 1997 жылға дейінгі шекарасындағы Солтүстік Қазақстан облысының аумағында (өкінішке қарай, сол жылдары облыс құрамында болып, 1944-1997 жылдары бұрынғы Көкшетау облысына қараған аймақтар туралы мәлімет жоқ) шамамен екі жүздей қазақ ауылы ұйымдасқан екен. Кейіннен әртүрлі себептермен олардың саны азаяды. Қазақ ауылдарының жабылуы, әсіресе, ұжымшарларды ірілендіру науқаны жүрген елуінші жылдары көп кездесті. Шамамен сол жылдары 70-тей елді мекен жойылған. Көкшетау өңіріндегі жойылып кеткен елді мекендер саны одан анағұрлым көп екені анық.

Жаңа тарихи кезеңде, яғни 1990 жылдардан бастап қазақ ауылдарының қатарының әрі қарай азаюы да – нарық билеген заманның бір ерекшелігі. Экономикалық қиыншылықтар, тұрмыс жағдайының төмендеуі ауылдықтардың шалғай, күнкөрістің көзі жоқ мекендерден ірі қалаларға көшуін жиілетті. Ауылдардың іргесін, әсіресе, жастардың тұрақтамауы сөгіп тұр. Ал жастары жоқ ауылдың келешегі бұлыңғыр. Міне, осының салдарынан тек кейінгі жылдары облыста 90 ауылдық мекен, оның ішінде 23 қазақ ауылы тарап кеткен.

Ахметжан ҚУАНТАЕВ,

“Асыл мұра” орталығының қызметкері.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика