ИЕСІЗ ҚАЛСА — ЖЕР ЖЕТІМ

Жамбыл ауданындағы Орталық ауылының тумасы, бүгінде Петропавлда тұрып жатқан Сәркен Мүтәлапұлы ауылдастырының өтініші бойынша редакциямызға хат жолдапты. Сексенге келген қарияның қолына қалам ұстауына себеп болған жалғыз мәселе – Орталық ауылындағы екі қабатты ғимараты Орман бастауыш мектебінің жабылып қалуы.

Хатта: “Ауыл құрылған кезде онда жаңа мектептің салынуына марқұм Елтай Жұсыпов мұрындық болып, өзі жиырма жылдан астам уақыт білім ошағын басқарған еді. Одан кейін ширек ғасырға жуық уақыт бойы Альбина Жакетқызы басшылық етіп, мектепті жақсы күтіп ұстады. Енді ауылда оқушы жетіспегендіктен, мектептің есігіне қара құлып ілінді. Қаншама шәкіртті білім нәрімен сусындатқан мектеп үйі иесіз тұрған соң, қирап қала ма деген қаупіміз бар. Сондықтан еңселі мектебімізді сақтап қалу үшін оңтүстік өңірлерден көшіп келіп жатқан ағайындарды ауылымызға әкеліп, қоныстандырса жақсы болар еді. Бұл – ауыл мектебінің қайтадан ашылып, жан бітуінің бірден-бір жолы. Ауылда елден көшіп кеткендердің жабулы тұрған үйлері де бар”, – деп орталықтықтардың жанайқайын жеткізіпті ақсақал.

Хат мазмұнынан белгілі болғанындай, Орталық ауылы бұрынғы Преснов, қазіргі Жамбыл ауданында 1930 жылдары құрылған. Әр жерден қыстаулар біріктіріліп, Суаткөл мен Молалы-көл аралығында Орталық ауылы пайда болыпты. Ол кезде ұжымшарды Аю Қайдауылов, Қыздар Жүсіпов, Уақпан Тәжин басқарса, соғыс кезінде жараланып елге оралған Қуандық Әбілдин, Сұраған Сембаев, Қажай Сыздықов кеңшардың тізгінін ұстаған. Оның бер жағында Бейсенбай Оспанов, Омкен Шәйкенов, Сексенбай Тұралиев, Есім Шайкин басқарған кезде кеңшар дүркіреп тұрған.

Ауылдың шырқы сонау қайта құру кезінде бұзыла бастағанын жазыпты автор. Бір кездері ауылдың 60, 80 жылдығын ат шаптырып, жылқы сойып, ас беріп, түрлі ұлттық ойындар өткізіп, есте қаларлықтай етіп тойлаған орталықтықтар сол жылдарды сағына еске алады. Сол жиынға осы ауылдағы Орман орта мектебінде мұғалім болып қызмет атқарған жерлес жазушы Сафуан Шаймерденов Алматыдан арнайы келіп, Орталық ауылының жұртшылығына ақ тілегін арнаған. “Мақалаға арқау болып отырған бір кездегі Орман орта мектебін үздік бітірген Ерік Нұрақаевты, Егінбай, Амангелді Қайдауыловтарды, Екпін Әбиевті, Саян Жұсыповты, Сәбит Күрлеуітовті ауылдықтар үнемі мақтан тұтып, айтып отырады”, – дейді хат авторы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласында: “Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар”, – деп атап көрсеткендей, ауыл аумағында тарихтан сыр бүгіп, үнсіз мүлгіген, жоңғар шапқыншылығы кезінде қалмақтар қыстаған орманның да үңілген жанға ақтарар құпиясы аз емес сияқты. Бұл күнде оның қойнауынан шөп шабатын ауылдықтар Сәркен ақсақалдың бала күнінде әкесі көрсеткен зират басына тәу етіп жүретін көрінеді. “Ауыл маңында жоңғар шапқыншылығы кезінде туған жердің тұтамдай телімі үшін қасық қаны қалғанша шайқасып, өліспей беріспеген Дәулетімбет руынан шыққан Сүйіндік батырдың зираты бар. Аталарыңның зиратын малға бастырмаңдар, обал болады дейтін әкем”, – дейді Сәркен ақсақал.

Бүгінде осындай тарихы бар орталықтықтар араға жылдар салып мектебі жабылып, жұмыссыз тұрғындардың көпшілігі көшіп кетіп, ормандай елді мекеннен бар-жоғы жиырма шақты отбасы қалар деп ойламаған болар. Бұрын бес көшеден тұратын үлкен елді мекен болған Орталықта бүгінде 18 үй түтін түтетіп отыр. Су ішетін жалғыз құдығы, электр жарығы мен телефоны бар.

Ауыл түп орнымен жойылып, алтын ұя мектебі бұзылмай тұрғанда, оны сақтап қалудың жолын іздеген жерлестерінің мұңын жеткізген Сәркен ақсақалдың сөзінің жаны бар. Шынымен де, еліміз тәуелсіздігін алған жылдары қаншама балабақша, Мәдениет үйлері мен сауда орындары қиратылып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткенін баршамыз білеміз. Қазір сол қиратылып, бұзылған нысандардың орнына жаңасын салып, әлі де болса, қайтадан қалпына келтіре алмай отырған жайымыз бар.

Ендеше, “Барымыздан айырылып қалмас үшін оңтүстіктен көшіп келіп жатқан ағайындарды мектебі бүтін, тұрғын үйлері бар Орталық, тағы басқа да осындай күй кешіп отырған елді мекендерге неге қоныстандырмасқа?!” – деген сауалымызды Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Зейнолла Мәкеновке қойған едік.

– Биыл біздің ауданымызға оңтүстіктен 69 отбасын қоныстандыру көзделіп отыр. Бірақ оларды мектебі, жұмыс орны немесе жермен, малмен айналысатын шаруа қожалықтары, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар елді мекендерге орналастыру тапсырылған. Көшіп келгендер арасында мал ұстап, егін егемін деп, өздерінің келісімімен сол ауылға барғысы келетін отбасылар табылып жатса, оны да көреміз. Мен өзім Майбалықтың тумасымын. Ауылым жабылып қалмас үшін Шымкентке барып, екі отбасымен келісіп, Майбалыққа орналастырдым. Орталықтан шыққан мықты-мықты азаматтар болғанымен, олардың ешқайсысы туған ауылын көтеруге құлық танытпай отыр, – деді Зейнолла Бекетұлы.

Бүгінгі таңда өңірімізде осындай жағдайды басынан өткеріп, жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған елді мекендер көптеп саналады. Мәселен, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Валентина Черныхтың айтуынша, өткен жылы 19 бастауыш мектеп жабылған. Ауылдың бар тыныс-тіршілігінің нышаны саналатын мектептің жабылуы, елді мекеннің болашағының бұлыңғыр екенін көрсетеді.

– Бастауыш мектепті сақтап қалу үшін онда ең кемі – 5, негізгіде – 41, орта білім ошағында 81 оқушы болуы керек. Есіл ауданындағы Бірлік ауылының бастауыш мектебін еліміздің оңтүстік өңірлерінен көшіп келген ағайындарды сол жерге қоныстандыру арқылы сақтап қалдық. Ал Орман бастауыш мектебінде бір оқушы ғана қалды, – дейді Валентина Черных.

Демек, мектебі жабылған 19 ауылға “Туған жерім” деп туын тігетін жанашырлар табылмаса, таяу жылдарда бұл елді мекендер де бұзылып, жұрты ғана қалмасына кім кепіл?

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Comments   

 
0 #1 Асылжан 2018-01-15 08:13
Ауылда қалған ағайын-туысқа "Ауылдан көшпе, ағайын!" деп ақыл айтуға шеберміз. Ал ақылгөйлердің бәрі кезінде азын-аулақ қиындықққа шыдамай, ауылды тастап, үдере қалаға көшкендер. Меніңше, сөзбен емес, іспен үлгі бола білу керек. Бүгінгі күні алтын бесік - ауылдан көшпей, түтін түтетіп отырғандар нағыз патриоттар. Ал енді оңтүстік өңірлерден көшіп келіп, қоныстанып жатқандар арқылы проблемамызды шешіп алғымыз келеді. Мұнымен ауыл мәселесі түбегейлі шешілетітіне сенімім жоқ.
Quote
 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.