ҚОЛДАУҒА ЛАЙЫҚ ИГІ БАСТАМА

Жаназа дастарқанына байланысты тағылымы мол әңгімелер, орамды ойлар көптен айтылып жүр. Енді, міне, сәті түсіп, бұл өзекті мәселе де өз шешімін тапты. Ол жайында “Қызылжар” орталық мешітінде болған алқалы жиында естіп, қуанып қалдық.

Үнемшілдікке, ысыраптың алдын алуға бастап отырған бұл шешімді халық көптен тосқанына күмәніміз жоқ. Бүгінгідей қымбатшылық заманында қайғының қара бұлтын жамылған отбасыларға демеу көрсету мақсатында жасалып отырған қадам өте орынды. Менің бұл ойымды барлық мұсылман қауымы қолдайды деген ойдамын. Және осындай игі шараға ұйытқы болғаны үшін “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай Байкемелұлына алғыс айтамыз.

Жақында бір дұғада бас имам жамағатқа осы мәселе туралы тәлімді, тәрбиелі сөздер айтты. Сол сәтте бір аңғарғаным, жиналған қалың қауымның барлығы бір адамдай оны тыңдап, бұл, шынымен де, дұрыс шешім екенін мойындады. Осыған қарағанда, алдағы уақытта аталмыш бастама қоғамда қолдау табуға тиіс. Әрине, бастапқы кезде түсініспеушілік болуы, біраз қиындықтар орын алуы мүмкін. Бірақ жұдырықтай жұмылып, бірлігімізді білдірсек, бәрі ойдағыдай шешіледі.

Соңғы екі-үш жыл ішінде қалада жаназада жыртыс тарату тоқтатылды. Мұның өзі – жамағаттың бас имам мен жалпы мешіт қызметкерлерінің айтқан сөздеріне иланып, дұрыс бағыттан таймай келе жатқанымыздың бір көрінісі. Осылай жалғаса берсе, жаназа дастарқанына байланысты қабылданған жаңа шешім де көп ұзамай жүзеге асады.

Жаназа рәсімдеріне байланысты құжатта қаралы үйдің дастарқанына қойылған етті бөліп алуға, жеміс-жидек, көкөністер қоюға тыйым салынғаны да дұрыс. Енді әйелдер жағы да ойланып, алдағы уақытта шешімнің орындалуына бір адамдай атсалысады деген үміттеміз.

Алланың жердегі үйінде ақ ниетпен қабылданған шешім баршаның игілігі үшін жасалып отыр. Мұны әр адам жақсы түсініп, көздеген мақсатқа қол жеткізу үшін бірінші қадамды әркім өздерінен бастағаны дұрыс. Бас имам Кенжетай Байкемелұлы айтқандай, қайғы құшқан отбасына келгенде сынамайықшы, ағайын!

Жамбыл НҰРЛАНҰЛЫ,

зейнеткер.

Петропавл қаласы.  

Comments   

 
+1 #1 Әділ 2018-01-22 10:20
Жаназа дастарқанына байланысты қабылданған шешім қоғамда өз қолдауын табатынына сенімдімін. Өйткені, бұл көптің қалауынан шыққан орынды ой. Барымызбен, байлығымызбен той-томалақта мақтанайық. Ал жаназаның өзін бәсекеге айналдырып, бірімізді-бірім із сынағанша, қайғы құшқан отбасына көңіл айтып, жанды жылытар жылы сөзбен демеу көрсетейік.
Quote
 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.