ЕҢБЕГІ ЖАНҒАН ЕРМЕК

Былтыр Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметке сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бір топ солтүстікқазақстандық мемлекеттік наградаларға ие болған еді. Ермек Айтжанов – үшінші дәрежелі “Еңбек Даңқы” орденімен марапатталып, мерейі асқан жерлесіміздің бірі.

Ол – қарапайым еңбек адамы. Бейбіт күннің батыры ерлікті де, қаһармандықты да еңбек ете жүріп жасайды. Өзінің ісіне адалдық таныта білген жерлесіміз ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, табыс табуына мүмкіндік жасап отырған Мағжан Жұмабаев ауданындағы “Возвышенка жері” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде он бес жылдан бері табан аудармай еңбек етіп келеді.

– Менің бар өмірім ауылдық жерде өтуде. Тек Ақжар ауданындағы Ленинград ауыл шаруашылығы колледжінде оқыған және Алматы облысының Отар қаласында Отан алдындағы борышымды өтеген кезде ғана ауылдан ұзап шыққан екенмін. Содан бері елден кету ойымда жоқ. Себебі, бұл жерде тұрақты жұмысым, сыйлы ортам бар, басшылық тарапынан да барлық жағдай жасалынған, – дейді Ермек Шахметұлы.

Дарқан даланың қыр-сырына қанық диқанның айтуынша, еккен дәнің мәпелеп күтсең ғана жайқалып өспек. Яғни, “алтын дән” диқандардың маңдай терімен өседі дейтін тәмсіл шындыққа жанасады. Қара жерге дән сіңіру, алқаптарды күтіп баптау, тыңайтқыш сеуіп, арамшөбін отау тәрізді таусылмайтын шаруаларды мұқият атқарып, тиянақты істеу – Ермек Шахметұлының жыл сайынғы міндеті. Өзгеге үлгі бола білген, ел ішінде жақсы аты шығып, абырой арқалаған ол маусым сайынғы еңбек жарысында жеті жыл қатарынан алдыңғы лектен көрініп жүр.

Білікті диқан қашан да көктемгі дала жұмыстары мен күзгі орақ науқанының бел ортасынан табылады. Кез келген жұмысты уақытында әрі сапалы орындай білетін Ермек Айтжанов көктемгі егіс науқанында “К-700” тракторымен жер жыртса, күзгі жиын-терінде “Есіл-760” комбайнын тізгіндеп, орақ науқанына белсене қатысады. Әңгіме барысында озат механизатор танапқа сіңірілген дәннің өніп, оның масақтары теңіздей толқып жайқалған сәтін көргенде, жүрегін қуаныш сезімі билейтінін жасырмады. Өйткені, диқан қара жерге тұқым сіңірген кезде “дән дұрыс өніп, өссе екен” деп ішінен тілеу тілейді емес пе?! Бұл – жалғыз өзінің ғана емес, барша еңбеккерлердің ортақ тілегі. Жалпы, жеке басының емес, көптің ырыздығын тілеу – атадан балаға мирас болып келе жатқан иманды ниет. Ермек Шахметұлы – осындай адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіре білген азамат.

Соңғы жылдары агроқұрылымда мал шаруашылығын дамыту қолға алынған. Қол қусырып отыруды білмейтін еңбек адамы жүк көтергіш механизмі тіркелген трактормен шаруашылықтың малына азық таратып, олардың қыстан аман шығуына өз үлесін қосады.

Ел тәуелсіздігінің 26 жылдығы атап өтілген былтырғы жыл озат диқан үшін жемісті болғаны анық. Жыл бойы атқарған жұмысы өнік, ісі берекелі, жалпақ тілмен айтқанда, алдынан жұмыс үркіп отыратын диқанның ұзақ жылғы еткен еңбегі, төккен тері лайықты бағаланып, үшінші дәрежелі “Еңбек Даңқы” орденімен марапатталды. Бірақ бұл құрметтің жалғыз өзіне ғана емес, “Возвышенка жері” серіктестігінің ұжымының мүшелеріне берілген марапат екенін Ермек Айтжанов жақсы түсінеді.

– Тәуелсіз елдің осындай жоғары наградасына ие болу әрбір адам үшін үлкен мәртебе деп есептеймін. Мен сияқты ауыл адамдарының еңбегін Елбасының өзі атап өткеніне дән ризамыз. Талмай атқарылған еңбегіміздің ескеріліп, марапатталуымыз бізге, қарапайым еңбек адамдарына шабыт беріп, күш-қуатымызды арттыра түседі. Себебі, құрметтейтін болсақ, ең алдымен, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосып отырған еңбек адамын құрметтеуіміз қажет. Ырыздықтың дәнін өсіріп жатқан солар ғой, – дейді марапат иесі.

Еңбекқорлығымен және жұмысқа деген адалдығымен ерекшеленетін Ермек Айтжанов жайында әріптестері де, ауылдастары да жақсы пікір білдіреді. Өз ісіне тиянақты, жауапкершілік сезімі мол жанның еңбек еткен ортада абыройға ие болуы – заңдылық. Қатарластары оны үлкенді – аға, кішіні іні тұтқан бауырмалдығы үшін де сыйлайды. Жұмыстың ауыр-жеңілін таңдамайтын кейіпкеріміз жастардың да еңбексүйгіш болуын қалайды. Сондықтан өскелең ұрпақ өкілдерінің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға атсалысуларына тілектес.

Бүгінде Ермек Шахметұлы зайыбы Жұлдыз екеуі үш баласын тәрбиелеуде. Үлкендері Дәурен М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де физик-астроном мамандығын меңгеріп жатса, кенже ұлы Темірлан – ауыл мектебінің оқушысы. Ал қызы Меруерт небәрі төрт жаста ғана.

Агроқұрылымның табысына өзіндік үлес қосып, жұмысына белсене араласып, тәжірибелі механизатор атанған Ермек Айтжановтай еңбек адамдары әр ауылда баршылық. Еңбекке енді араласа бастаған жастар осындай тұлғалардан үлгі алса, нұр үстіне нұр болар еді.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.