МЕЙІРІМ НҰРЫ

Бауыржан Момышұлының: “Ұстаздық – ұлы құрмет”, – деп айтқаны бар еді. Иә, кез келген адамға ұстаз болу бақыты бұйырмайды. Бұл – тек жаны жақсылыққа құштар, оқу-білімге ынтызар, жүрегі ізгілік пен махаббатқа толы адамдардың қолынан келетін іс. Бала жанының бағбаны болу – абыройлы міндет қана емес, үлкен жауапкершілік. Бар өмірін бала тәрбиесіне арнап келе жатқан Ботагөз Ибраева туралы көп сыр шертуге болады. Өйткені, оның ауданымыздың білім саласының дамуына қосқан үлесі зор.

Бәріміз де анадан туып, ұстаздан білім алдық. Кім-кімге болса да балдәурен балалық шақ ыстық. “Біз де бала болдық” дегендей, қазір сол кезеңдерді сағынышпен еске аламын. Ең алғаш мектеп табалдырығын аттағанда, қалам ұстатып, әліппені танытқан Ботагөз Ибраеваның менің өмірімде алатын орны ерекше екенін айтқым келеді.

Қазір бәріміз есейдік. Бір мамандықтың иесіміз. Менің мұғалім мамандығын таңдауыма сол кісі ықпал етті десем, қателеспеймін. Бала күнімде Ботагөз Әлімқызына қарап бой түзедім. Болашақта ұстаз болып, балаларды білім нәрімен сусындатуды армандадым. Өйткені, ұстазымның жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі біздерге үлгі еді.

Бастауыш сынып оқушылары аңғал, әр нәрсеге сенгіш келеді ғой. Біздің білімге деген құштарлығымызды оятуға барын салған мұғалімімнің сіңірген еңбегі орасан. Сабақта бәріміз тыныш отыратынбыз. Бізге қатал болып көрінгенімен, жүрегі жұмсақ болатын. Әр оқушыға өзінің баласындай қарады. Осындай тәлімді ұстаздан білім алғанымды мақтаныш етемін.

Карасевка орта мектебінде 1996-2007 жылдары білім алдық. Талай қызықты оқиғалар болды. Ең жақсы, жарқын сәттерді Ботагөз Әлімқызымен бірге өткізгенімізге қуаныштымын. Біздің адам болып қалыптасуымызға, азамат болып ержетуімізге ата-анамыз бен мұғаліміміз орасан зор үлес қосты. Әрқашан әділ, шынайы болуды айтып отыратын Ботагөз апай бойымызға жақсы қасиеттерді сіңірді. Осындай ізгі ниетті, кеңпейіл ұстазымыздың арқасында жазу-сызуды үйреніп, жақсы оқуға талпындық. Оның еңбегі еш кеткен жоқ.

Жоғары санатты ұстаз Ботагөз Ибраева Айыртау ауданына қарасты Карасевка орта мектебінде 30 жылға жуық қажырлы еңбек етуде. Аз уақыт емес, әрине. Алайда, әлі де ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлес қосатынына сенімім кәміл. Ол – өзгені сыйлайтын, өзін де сыйлата алатын адал да әділ ұстаз. Әріптестері де оның болмысын, білім-білігін жоғары бағалайды. Ол – жақсы ұстаз ғана емес, оқушылардың қамқоршысы, жанашыры.

Мектеп – кеме, білім – теңіз дейтін болсақ, Карасевка орта мектебінің ұжымы ұстазымыздың шығармашылық қабілетін жоғары бағалайды. Ұстаздық жолда тынбай еңбек етіп жүрген Ботагөз Әлімқызы заман ағымына сай білімін жетілдіріп, оқыту курстарына қатысып отырады. Оның жан-жақты ізденісі, жаңаша оқытуға талпынысы кейінгі буынға үлгі екенін айту артық болмас. Жеткіншектерге сапалы білім, саналы тәрбие беруді мақсат еткен білікті маман сыни тұрғыдан ойлауды дамыту арқылы оқушылардың әлеуметтік дағдыларын қалыптастырып отыруды жөн санайды. Бұл оқушының өздігінен ізденуіне, тұжырым жасай білуіне зор ықпал етпек. Облыстық, республикалық семинар-тренингтерге қатысып, әріптестерімен тәжірибе алмасып отырады. Оның шәкірттері де талай биік белестерді бағындыруда. Жарас Беркімбай “Жас суретші” атты республикалық балалар сурет сайысында бірінші орын алса, Нұрбол Уәлиахмет, Гүлім Шыңғыс, Асылжан Арапова, Санжар Бопан, Нарқыз Жетпісбай есімді оқушылары пән олимпиадаларынан жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, жүлдегер атануда.

Осындай ұстаздың алдын көріп, тәрбиесін алып, өнегесін ұққан түлектері бүгінде еліміздің әр қиырында, әр салада жемісті еңбек етуде. Тіпті, республиканы былай қойғанда, алыс-жақын шетелдерде еңбек етіп жүрген шәкірттері бар. Өзінің ізін басқан оқушылары да аз емес.

Басымыз қосылса, өткен күндерді еске алып, ұлағатты ұстазымыздың ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбегіне ризашылық білдіруді естен шығарған емеспіз. Біз онымен мақтанамыз. Ботагөз апайдан тәлім алған әр шәкірт бақытты деп ойлаймын.

Марал ӘБІШЕВА,

№2 Саумалкөл мектеп-гимназиясының ұстазы.

Айыртау ауданы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.