ӨНЕГЕЛІ ӨМІР

Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағын тәрбиелеу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту, шәкіртке ата-анасындай тәрбие сыйлау. Мамлют санаторлық орта мектеп-интернатының алғашқы директоры Григорий Кубраков осындай ұстаздардың бірі еді. Григорий Максимович Мамлют санаторлық орта мектеп-интернатын 25 жыл басқарып, өмірінің ең жарқын беттерін осы ұжымда өткізді. Оның есімі педагогиканың “Үлкен энциклопедиялық сөздігіне” енгізілді.

Ол 1939 жылдан екінші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейін фельдшер болып қызмет етті. Соғысқа қатысып, аман оралған соң түрлі жұмыстарды атқара жүріп, А.С.Макаренконың педагогикалық теориясын оқыды, әдістемелерін жүрегімен қабылдады. Отбасын құрғанына қарамастан, мұғалімдік институтқа түсіп, Мамлют санаторлық орта мектеп-интернатына басшы болды. Онда А.С.Макаренконың жүйесін енгізді. Григорий Кубраков – “Макаренко жолымен” (Мамлют санаторлық орта мектеп-интернатының іс-тәжірибесінен), “Макаренконың өсиетімен” (мұғалімдерге арналған), “Еңбек және сенім мектебі” (Д.Х.Фарбермен бірлесіп шығарған) атты үш кітаптың және “Президент және әкімдерге хаттар” кітапшасының авторы.

Ол сіңірген еңбегі үшін “ҚазКСР халық ағарту ісінің үздігі”, “ҚазКСР еңбек сіңірген мұғалімі”, “Соғыс және еңбек ардагері”, “КСРО халық мұғалімі” атақтарының иегері атанды және 2009 жылы есімі “Қазақстанның үздік адамдары” энциклопедиясына енгізілді.

Григорий Кубраков белгілі адамдармен үнемі байланыста болды. Профессор В.В.Кумаринмен, А.А.Фроловпен, Д.Х.Фарбермен, жазушы И.Синицинмен жиі әңгімелесетін, пікірталастарға түсетін, мұның өзі ұжым алдында оның беделін арттырды. Мектепке алғаш басшы болып келгенде, оның алдында жұмысқа қабілетті педагогикалық ұжым құру, оқытушы-оқушы ынтымақтастығын жолға қою, мектепте шығармашыл ахуал қалыптастырып, барлығымен психологиялық келісім ортасын орнату сияқты кез келген басшыны ойландыратын күрделі мәселелер тұрды.

Григорий Максимович А.С.Макаренконың еңбектерін оқып, оның тәрбиелеу жүйесіне тереңдей бойлады. Мақсаты тұлғаның жеке сұранысын, ұжымның әр мүшесінің жеке бейімділіктерін қанағаттандыратын қабілетті, тәрбиеленушілердің сауатын ашып қоймай, оларды келешек өмірге дайындайтын, белсенді педагогтер даярлау болды. Бұл экспериментті бастау өте қиынға соқты. Григорий Максимович жүйенің мақсаты мен міндетін жақсы түсінді және оны ұжымға дұрыс жеткізе білді. Бастапқыда теория мен әдістемені үйрену керек еді. Оған қарсылар да, үндемей қалғандар да, ол жаңалықты енгізудің болашағына сенбегендер де болды. Дегенмен, басшы өз дегеніне жетті. Кейінірек ол өзінің естеліктерінде: “Экспериментке жазбаша рұқсат бермесе де, маған кедергі келтірмегені үшін облыстық білім басқармасына алғыс айтамын”, – деп жазды.

Григорий Кубраков терең білімді, тәжірибелі, өз ісіне берілген жарқын тұлға болды. Директордың тұлғасы табысқа жетудің алғашқы шартына сай келетін. Басшы өзіне керекті мамандарды таңдай білетін. Ұжымның педагогикалық мәдениеті, жұмысқа дайындығы, білімін жетілдіруі, халықтық білімнің заманауи жаңаруына, мектептердегі жаңашыл тәрбиелеу тәжірибесіне негізделді. Педагогтер мен оқушылардың мектепті басқару идеясына белсене қатысуы балаларды баурап алды. Балалардың мүмкіндігіне қарай өнімді еңбек ұйымдастырылды. Осының барлығы директор мен оның пікірлестерінің ақылмен, шебер басқаруының, қайсарлықтың арқасында жүзеге асты. Педагогтер мен тәрбиеленушілер бірлесіп жұмыс істеді, қателерін айқындады, пікір таластырды, шешім қабылдады және қиындықтардан шығудың жолын таба білді.

Өткен ғасырдың 70-80 жылдары Григорий Максимович өз тәжірибесін облыстық, республикалық семинарларда таратты. А.С.Макаренконың тәжірибесін шығармашылдықпен қайта қарап, қолдануды ұсынды. Оның кең дүниетанымы, идеяға берілгендігі, өте жоғары қоғамдық мәдениеті, дәріс оқу дарыны тыңдармандарды өзіне тартты. Оқыту мен тәрбиелеу бір-бірімен тығыз байланысты, бірақ әртүрлі үдеріс деп атады. Санаторлық мектеп-интернатқа Қазақстанның басқа облыстарынан, Ресейден, Украина мен Белоруссиядан делегациялар келетін.

Қазіргі уақытта халық мұғалімінің ісін педагогикалық еңбек ардагері Күлбаршын Әбдірахманова жалғастыруда. Ұжым көптеген қиындықтарды бастан өткізді, бұл қиындықтар оларды бұрынғыдан да ұйыстырды. Қазір ұжым келешекке сеніммен қарайды. Сүйікті директорды еске алу мақсатымен Мамлют санаторлық орта мектеп-интернатының қабырғасына оның 80 жылдық мерейтойына орай ескерткіш тақта қойылды. Григорий Максимовичтің көзін көрген, онымен қызметтес болған мұғалім Нина Вдовенконың басшылығымен шәкірттердің естеліктері жинақталып, кітап болып шықты.

Жылдар өтіп, қаншама өзгерістер болса да, Мамлют санаторлық орта мектеп-интернатының жұмыс жүйесі өзгерген жоқ. Григорий Курбаковтың жылдар бойы еңбекпен жинаған бай тәжірибесі көпшілікке үлгі, осы жерде тұрғандардың, оқығандардың, жұмыс істегендердің және істеп жатқандардың мақтанышы болып қала береді.

Қабырғасын білікті ұстаз қалап кеткен санаторлық мектеп-интернаттың ашылғанына биыл 55 жыл болса, Григорий Максимовичтің туғанына 90 жыл толады. Оның еңбектерін, мақалаларын қайталап оқып, бұрынғы шәкірттерімен сөйлесе отырып, ұстаздың өз ісінің нағыз шебері, есімі бас әріптермен жазылуға лайық адам болғанын түйсінесің.

Бибісара САМБАЕВА,

Мамлют санаторлық орта мектеп-интернатының мұғалімі.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика