ЖІГЕРЛІ ЖҮРЕК

Петропавл қаласының тұрғыны Ақжан Кәрім – өмір сынағынан сүрінбей өтіп, алға қойған мақсатына қол жеткізу үшін аянбай еңбек етіп жүрген жігерлі жандардың бірі. Шәмiл Шақшақбаев атындағы тiрек-қимыл мүшелері зақымданған мүгедек балаларға арналған интернат үйiнінде тәрбиеленген Ақжанның жұмыс істеуге деген құлшынысын жастарға үлгі етіп айтуға әбден болады. Өйткені, ол – денсаулығының кінәратына қарамай, барлық қиындыққа төтеп беріп, талмай еңбек етіп жүрген қайсар жігіт.

Бүгінгі қоғамдағы мүгедектердің мәселесін бір адамдай білетін, түсінетін және қиындықтан шығу жолдарын ұсынып, қоғамдық, әлеуметтік жұмыстарға белсенді түрде қатысып жүрген Ақжан – “Ардос-Жүрек” мүгедектер бірлестігінің директоры. Соңғы бірнеше жыл ішінде оның атқарған жұмысы ауыз толтырып айтарлықтай. 2015 жылы Ақжан “Ашық әлем” деп аталатын жобамен 11-ші әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесіне қатысты. Бұл еңбегін ол қоғам мен мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында туындайтын кедергілерді жоюға бағыттады. Байқауда оның ойы көпшіліктің көңілінен шығып, нәтижесінде жеңімпаз 1 миллион 200 мың теңгенің грантына ие болған. Осылайша, тынымсыз еңбектің арқасында бірлестік үлкен жеңіске қол жеткізіп, өзінің еңбек жолын бастаған. Қолға тиген қаражатты мақсатты түрде жұмсаған Ақжан жақында кезекті байқауға қатысып, тағы да биіктен көрінді.

Ұшқыр ой, ұтымды шешім қабылдауға келгенде заман ағымынан қалмауды бірінші кезекке қоя білетін ізденімпаз жан бұл жолы Алматы қаласында өткен жобалар байқауында бақ сынады. Бұл шараның өтуіне “Coca-Cola” компаниясы мен Орталық Азия университеті мұрындық болған. “Менің қолымнан келеді” атты сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен барлығы 442 адамнан өтініш түскен. Бірінші кезеңде олардың ішінен жүз адам іріктеліп алынса, екінші айналымға тек қана 16 өтініш иесі өткен. Солардың бірі – Ақжан Кәрім болды.

– Маған ұйымдастырушылар Алматы қаласынан телефон соғып, ақтық кезеңге өткенім туралы айтқанда қуанып қалдым. Еңбегімнің бағаланғанын түсініп, қалайда суырылып алға шығу үшін барлық ынта-жігерімді салуға дайын болдым, – дейді ағынан жарылған Ақжан.

Мықты деген он алты сайыскер екі апта бойы Алматы қаласында арнайы оқу-жаттығу сабақтарынан өтіп, әлеуметтік кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерген. Емтихан тапсырып, жобаларына қатысты қойылған сұрақтарға мүдірмей жауап беріп, сертификат алған.

Әлеуметтік салаға, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар өмірін жеңілдетуді мақсат еткен үміткерлердің барлығы дерлік осы бағытқа жаңа леп әкелуге сүбелі үлес қосқандар. Сондықтан да мықты деп таңдап алынған он алты қатысушы әу баста бір-біріне көмектесіп, қолдауларын аямаған.

Халықаралық сарапшылардың қорытындысы бойынша ең үздік бестікке Ақжан Кәрімнің жобасы енген. Ақжан қол жеткізген қаражатына мүгедек жандарды инклюзивті оқытатын орталық ашуды жоспарлап қойған.

– Қазір дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оқу орталығы облыстық Сәбит Мұқанов атындағы кітапханада орналасады. Сабақ кестесі алты негізгі бағыт бойынша жасалады, – дейді ол.

Ұйымдастырушылардың жоспарына сәйкес жаңадан ашылатын оқу орталығына келушілер IT-технологияны меңгереді. Жаңа әдістермен жүргізілетін сабақтар арқылы Ақжан мүмкіндігі шектеулі адамдардың қолынан көп нәрсе келетінін көрсетуді мақсат етеді.

Инклюзивті оқыту бес айға есептелген. Бірінші кезеңде компьютердің қыр-сыры үйретіледі. Сонымен қатар интернет-дүкен ашу, тауарларға жарнама жасау, есептеуге үйрету сияқты жан-жақты жүйелі жұмыстар жүзеге асырылмақ. Мұның барлығы ақылы түрде өтеді. Айта кету керек, мүмкіндігі шектеулі адамдарға жиырма пайыз жеңілдік бар.

– Оқуды ақылы қылғанымыздың да өзіндік себебі бар. Мәселен, тегін оқуға адамдар бірде келсе, екінші күні келмей, тіпті, оған бейжай қарауы әбден мүмкін. Осылайша, жұмыстың сапасы нашарлайды. Ол көздеген мақсатқа қол жеткізуге кедергі келтіреді. Ал ақшасын төлеген кезде адамда жауапкершілік пайда болады. Яғни, ол өз қалтасынан шыққан қаражаттың желге ұшқанын қаламайды, – деді ұйымдастырушы. – Оқу аяқталған соң, арнайы сертификат беріліп, кейін жұмыспен қамтамасыз етіледі.

Қазір техниканың күн санап дамып келе жатқан заманы. Сондықтан да компьютердің қыр-сырын меңгеруден ұтатын жағымыз өте көп. Мәселен, компьютерді білмеген адам жұмыс уақытының отыз пайызын босқа өткізіп алады екен. Ал компьютер немесе ноутбук сынған кезде оның бір ғана бөлшегін ауыстыру үшін маманға жүгініп, оның қызметіне қыруар ақша төлейді. Бұл жұмыстың тоқтап қалуына және артық шығынға әкеп соғады. Міне, Ақжанның қолға алған игі бастамасы осындай жағымсыз жайттардың алдын алуға бағытталған.

Жанашырлыққа жаны құмар Ақжан қазір “Оқу арқылы шығармашылық белеске қол жеткізу”, “Алтын қалам” деп аталатын сайыстарды өткізуді жоспарлап отыр. Дәстүрлі өтетін байқаулар мүмкіндігі шектеулі балалар арасында ұйымдастырылады. Бұл жерде Ақжанның көздегені – шығармашылық арқылы ерекше жандардың қабілетін ашуға мүмкіндік беріп, қоғамның мүгедектерге деген оң көзқарасын қалыптастыру.

Ақжанның тағы бір жаңа жобасы “Ақ тізім” деп аталады. Оның талабы бойынша жастар интернет арқылы арнайы тізімге енгізілген нысандардың жұмысын көріп, мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін жүріп-тұруына жасалып жатқан жұмыстарды бағалай алады.

– Өкінішке қарай бүгінде көптеген пандустардың талапқа сай салынбағанын көріп жүрміз. Осы жұмысқа жастарды тартып, олардан белсенділік күтеміз. Жұмылып жұмыс істесек, барлық кедергілердің артта қалатынына сенімдімін, – деді Ақжан.

Өзінің жүріп-тұруы қиын болса да, өзгелердің өмірін барынша жеңілдету жолында аянбай тер төгіп жүрген осындай жігерлі жастар көпке үлгі.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Comments   

 
0 #1 Мақпал 2018-04-18 09:54
Ақжанның игі бастамалары жайында оқып, қуанып қалдым. Заман талабынан қалмай, алға ұмтылған қазақтың осындай білімді, жігерлі жігіт-терінен айналайын! Бойында қайраты барда мүмкіндігі шектеулі жандардың өміріне шуақ нұ-рын шашып жүрген Ақжанның мұндай талпыны-сынан сан түрлі сылтауды алға тартып, жұмыс-сыз жүрген он екі мүшесі сау адамдар үлгі алса артық болмайды.
Quote
 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика