ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІ

Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары дүниеге келгендер жігерлі болып өсті. Бұл, мүмкін, табиғи заңдылық болар. Өйткені, сталиндік қуғын-сүргін кезеңі мен соғыс жылдарында талай қазақ зиялысы құрбан болды емес пе?! Сондықтан қазақ жері олардың орнын басар жаңа толқынды қажетсінді. Біздің Қарой-Сілеті өңірінен шыққан белгілі тұлғалардың да бірқатары 1946-1949 жылдары туыпты. Олардың қатарында әдебиеттанушы, профессор Серік Негимов, әйгілі палуан Малғаждар Омаров, қоғам қайраткері Қажымұрат Нағманов сынды білім-білігімен ерекшеленген азаматтарды атауға болады.

Ауданымызда осы аты аталғандардан кем көрмейтін, қадірлі, өнеге тұтар аға буын өкілдері аз емес. Педагогика саласының ардагері, ауданымыздың құрметті азаматы Ғұмар Әшенов – солардың бірі. Талшық орта мектебін басқарған 20 жылға жуық уақытта білім ордасы талай биіктерден көрініп, тәрбие беру ісінде үздік нәтижелерге қол жеткізді.

Ғұмар Әдиәнбекұлы соғыстан кейін Омбы облысындағы Москаленко ауданында дүниеге келген. Балалық шағы қазағы қалың Назыбай ауданындағы Бәйімбет батырдың есімі берілген ауылда өтіпті. Ізденімпаз бала орта мектепті кілең беспен аяқтап, кейін Омбыдағы ауыл шаруашылығы техникумын агроном мамандығы бойынша тамамдайды. Бұл кездері “22-партия съезі” атындағы ұжымшарды дүйім жұрт танитын. Оны басқарған Иван Регида екі мәрте Еңбек Ері атағын алған. Ұшымшар да “миллионер” атанған. Міне, жас жігіт өз еңбек жолын осы Региданың қол астында бастайды. Алайда, көп ұзамай оны тәлімгері, Бәйімбет мектебінің директоры Шәмшиден Ахметов мектепте жұмыс істеуге шақырыпты. Ғұмар ұстазының сөзін далаға тастамай, өзінің білім ұясына мұғалім ретінде қайтып оралды. Шәмшиден ағасының үгіттеуімен Омбы педагогика институтына биология пәнінің ұстазы мамандығына түсіп, ойдағыдай тамамдайды. Бала жасынан оқып-тоқуға құштар болған жігітке оқушыларды тәрбиелеп, білім нәрімен сусындату қиындық тудырмайды. Жігерлі жас аз уақыт ішінде біліктілігін шыңдап, жастарды табиғат әлемімен таныстырып, қоршаған ортаны аялап, қадірлеуге үйретті. Нәтижелі жұмысымен көзге түсіп, еңбегі бағаланған жігітке өз елді мекенінің, кейін Маңғыт ауылының орыс орта мектебін басқару міндеті жүктелді.

Еліміз тәуелсіздік алған соң Ғұмар Әшенов отбасымен тарихи Отанына көшіп келді. Өнегелі ұстаз, білікті маман бірден Талшық орта мектебінің директоры қызметіне шақырылып, сол жерде көп жылдар еңбек етті. Білім беру ісімен шектелмей, бірнеше жыл мемлекеттік қызметті де абыроймен атқарды. Адал жанның аудан әкімі аппаратының жетекшісі, кеңесшісі, орынбасары болу да қолынан келді.

Қоғамдық және ғылыми жұмыстарға да уақыт таба білген Ғұмар Әдиәнбекұлы 2015 жылы Астанада өткен “Қазақ хандығының 550 жылдығы” атты ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып қайтты. Кейін атаулы дата құрметіне орай шығарылған арнайы медальмен марапатталды. Марапат демекші, Кеңес одағы кезінде және одан кейінгі жылдары Ғұмар Әдиәнбекұлына көрсетілген сый-құрмет аз болмады. Ағамыз үшін солардың ішіндегі ең қымбаты – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Құрмет грамотасы. Ол 2015 жылы табыс етіліпті. Ерекше қадір тұтатын Президентпен жүздескен сәтті де ол қуанышпен еске алып отырады. Бұл кездесу сайлау науқандарының бірінде, ағамыз аудандық штабты басқарған кезде болған.

Осыдан бірер ай бұрын Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жарыққа шығарған “Казахи из России в Казахстане” атты энциклопедияға Ғұмар ағамыздың да есімі енді. Мұны екі елде де бірдей адал қызмет етіп, білім саласын жетілдіріп, ұрпақ тәрбиелеу ісіне өшпес із қалдырған адам еңбегінің тиісті бағалануы деп білемін. Ғұмырында ащы мен тұщыны бірдей татқан ағамыздың басқарған ұжымы үнемі алдыңғы қатардан көрінді. Өнегелі ұстаздан тәлім-тәрбие, бағыт-бағдар алып, өмірден өз орнын тапқандар қаншама?! Былтыр Ғұмар ағамыздың көпжылғы еңбегі лайықты бағасын алып, оған “Білім саласының құрметті қызметкері” төсбелгісі табыс етілді.

– Азамат елге қалтқысыз қызмет етуі тиіс. Елдің қамын жеп, жоғын жоқтауы керек. Ал ұрпақ тәрбиелеу – көзі ашық, көреген адамның қасиетті борышы, – дейді ол.

Адамгершілік, біліктілік, кәсіпқойлық – осы үш қағиданы ағамыз әлі күнге ұстанып келеді. Оның ойынша, жауапты тұлға осы үшеуінен жұрдай болса, басшы болуының қажеті жоқ. Жетпісті еңсерген ағамыз әлі күнге өзі еңбек еткен саланың, жалпы ауданның тыныс-тіршілігін назарынан тыс қалдырмай, араласып тұрады.

Болат ӘМІРИН.

Ақжар ауданы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика