ЕР МҰҒАЛІМ НЕГЕ ТАПШЫ?

Ұстаз – ардақты мамандық. Инженер де, кәсіпкер де, әртіс те мұғалімнен білім алған. Тек білім алып қана қоймай, бойына тәлім-тәрбие сіңіріп, тұлға болып қалыптасады. Бәрі де ұстаздықты ұлы міндет деп санады. Ұлы ұстаздардың қолынан ұлағатты шәкірттер тәлім алып шықты.

Қазақтың атақты ақын-жазушыларының көпшілігі еңбек жолын ұстаздықтан бастады. Шерхан Мұртазаға мектепте Мұхамеджан Қаратаев, ал Зейнолла Қабдоловқа Хамит Ерғалиев сабақ берді. Мұқағали Мақатаев та Қарасаз орта мектебінде мұғалім болған. Елдегі ең қадірлі мамандықтың бірі болған соң, ертеректе ауданның идеология жөніндегі хатшысы қызметіне де мұғалімдер ұсынылатын. Ал бүгін ше? Соңғы жылдары елімізде ер мұғалімдер азайып бара жатқаны жасырын емес. Статистикалық деректерге сүйенсек, олардың үлесі 20 пайызға да жетпейді екен.

Тоқсаныншы жылдардың басында еліміз ауыр жағдайды бастан өткерді. Әрине, бұл білім беру саласын да айналып өткен жоқ. Сөйтіп, мұғалімнің қадірі қашты. Сол кезде тұрмысты түзеу үшін мектептердегі азаматтардың басым бөлігі жұмыстан кетуге мәжбүр болды. Бірқатары сауда жасауды жөн көрсе, бірсыпырасы басқа салаға кетті. Содан кейін олардың дені мектепке қайта оралған жоқ. Мұғалім болуды мақсат тұтатын жігіттер де азайды. Ақыры, мектептер “апайлардың” ордасына айналды. Психологтердің пайымдауынша, бұл ұлтымыздың ертеңі үшін қауіпті. Ер балалардың жаратылысы өзгереді: “қыз мінезділер” көбейеді. Ұлдарымыз ұсақталып кетеді. Босбелбеу, бойкүйездердің саны артады. Қысқасы, ер мұғалімдердің тапшылығының салдарынан ұрпақ тәрбиелеуде ұтыларымыз көп. Сол себепті, өскелең ұрпақтың бойына нағыз азаматқа тән қасиеттерді сіңіруі үшін педагог мамандығына жігіттерді тарту маңызды.

Мен білім алған мектепте тарих пәнінен сабақ берген Әсет Рамазанов есімді ағайымыз ұлдар арасында ерекше сыйлы болды. Талапшыл сол кісіге қарап бой түзеп, көп нәрсе үйрендім. Тарихқа, ұлттық құндылықтарға деген көзқарасым қалыптасты. Батыр бабаларымыз жайлы айтқан әңгімелері біздің батыл да намысшыл болуымызға септігін тигізді. Қазіргі таңда мен ағайымның жолын қуып, мектепте қызмет атқарудамын. Бүгіндері ұлдарды – патриот, қыздарды ибалы етіп тәрбиелеу – басты мақсатым болып табылады.

Мектеп – білім беретін мекеме ғана емес, сондай-ақ, тәрбие ошағы. Ал тәрбие беретін шаңырақта отбасындағы сияқты әйелмен қатар ер-азаматтардың болуы қажет. Психологтердің пікірінше, мұндай сәйкессіздіктің салдарынан тәрбие кемшін болып, ибалы қыздар мен өр мінезді, намысшыл ұлдардың саны азаяды. Мәселен, “Менің атым – Қожа” фильміндегі сотқар Қожа кімді сыйлады? Өзінің сынып жетекшісі, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Хадиша Майқанованы тыңдады ма? Жоқ, оның құйтырқы әрекеттерін тек бірақ мұғалім, яғни Оспан Рахманов ағай ғана тыя алды емес пе?!

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсам, білім ошақтарына жалынды да жігерлі ер мұғалімдерді тарту – айбынды да қайратты азаматтарды жетілдіріп шығаруға салған инвестиция болмақ.

Құдайберген ҚОСПАҚАЕВ,

№2 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика