САНАНЫ УЛАП, БЕРЕКЕНІ ҚАШЫРҒАН

Осыдан екі ғасыр бұрын өмір сүрген жазушы Лев Толстой: “Арақ адам есін жояды, ұятын қашырады, арамдыққа және қылмысқа итермелейді”, – деп айтқан екен. Содан бері заман өзгерді, бірақ маскүнемдік проблемасы қоғамның басты жауы ретінде сақталып келеді. Бәрінен де өзінің ғана емес, өзгенің тағдырына балта шауып, денсаулығы мен өміріне қауіп төндіріп, түрлі қылмыстарға себепші болушылардың азаймай отырғаны өкінішті.

Өткен жылдың екінші жартысында өңірімізде жан түршігерлік оқиға орын алды. Мамлют ауданының Дубровное ауылында жаңа туған сәбиді тірідей отқа салған әженің әрекеті адам баласының өз жақынына қаншалықты қатыгез бола алатындығын көрсетті. Тыныш жатқан ауылдың тұрғындарын дүрліктірген сұмдықты жасаған әйел, ана деуге аузың бармайды. Бұған дейін Петропавл қаласындағы “Добрый путь” дәмханасының жанынан адамның бөлшектелген денесі табылғанды. Тергеу барысында оның бөтелкелесінің қолынан қаза тапқаны анықталды. Елулер шамасындағы ер адамның серігімен әңгімесі келіспей қалып, отырыстары ұрысқа ұласып, қарсыласын өлтіріп тынған. Арақтың буымен марқұмның денесін бөлшектеп тастауға да батылы жеткен.

Қатыгездігі жағынан бірінен-бірі асып түсетін қылмысқа барғандар – ақыл тоқтатар жасқа жеткен адамдар. Екеуі де ащы суды сілтегенді қатты ұнатқан. Санасын улап, естерін кетірген сол арақ ақыры түптеріне жетіп тынды.

Өкінішке қарай, алкогольдің салдарынан орын алатын осындай қайғылы оқиғалар туралы жиі естуге мәжбүрміз. Еліміздегі әрбір бесінші қылмыс және адам өлтірудің жартысына жуығы, тұрмыстық жағдайдағы қылмыстардың 60 пайызы мас адамдардың қолымен жасалады екен. Еліміздің тәртіп сақшыларының есебінде 70 мыңнан астам маскүнем бар, оның 10 мыңнан астамы – әйел, кәмелеттік жасқа толмаған 300 жеткіншек те осы тізімде. Ішімдікке әуестерді жіті қадағалауда ұстағанның өзінде, алкогольдің жойқын күші ырық берер емес. Расында да, арақ пен оны ішкен мас адамның кесірі орасан. Алкоголь адамның ішкі ағзасына және жүйке жүйелеріне өлшеусіз зақым келтіреді. Алайда, этил спиртінің адамның эмоциялық күйіне әсері бәрінен де қауіпті. Спиртті ішімдікке уланған адам, өз іс-әрекеттеріне есеп беруден қалады. Мамандар мас адамның қылмысқа баруына осындай жағдай ықпал ететіндігін айтады.

Маскүнемдік дерттен айығу қаншалықты қиын болса, оның салдарымен күресу, қоғамды құқық бұзушылықтардан арашалау да соншалықты ауыр жұмыс. Облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің деректеріне қарағанда, былтыр өңіріміз бойынша мас күйде жасалған қылмыстар саны – 1096, соның жартысынан астамы Петропавлда орын алған.

– Алкогольді ішімдіктер денсаулыққа зиянын тигізіп қана қоймай, жұмыссыздықтың, әлеуметтік жауапкершіліктің төмендеуінің, түрлі қылмыстарға ұрынып, жол апаттарының орын алуының негізгі себепкері болып отыр. Бүгінгі күні жергілікті ішкі істер бөлімдерінің есебінде 3541 маскүнем, 613 нашақор бар. Өткен жыл ішінде араққа тәуелділіктен айықтыру мақсатымен 220 адам дәрігерлер қолына тапсырылды, – дейді Петропавл қалалық жергілікті полиция қызметі басшысының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Арыстан Сұлтанғазиев.

Жергілікті полиция қызметінің құрылуымен құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті күзету, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстың жолын кесу жұмыстары күшейтілді. Жыл басында тұрғындар алдында есеп берген ауыл-аймақтардағы учаскелік инспекторлар елді мекендерде қылмыс санының азайып жатқандығын жеткізді. Криминогендік жағдайы қолайсыз саналып, көптеген қылмыстық оқиғалар орын алған Мағжан Жұмабаев ауданын мысалға алар болсақ, аудандық ІІБ-нің жергілікті полиция қызметі жұмысының оң нәтижесін бұл жерден де байқауға болады. Жалпы қылмыстар саны – 16,8 пайызға, ауыр және аса ауыр қылмыстар саны – 57,5 пайызға, оның ішінде адам өлтіру қылмысы 33,3 пайызға азайған. Ұрлық-қарлық, тонау, алаяқтық фактілерінің көрсеткіштері де екі есеге дейін қысқарған. Алайда, өзге елді мекендердегідей мұнда да айықпай тұрған дерт бар, ол – маскүнемдік.

Жергілікті полицейлер мас күйде жасалатын қылмыстардың алдын алуға ерекше басымдық беріп, бұрын қылмыс жасағандарды қатаң бақылауға алған. Өткен жылы ауданда маскүнемдікке шалдыққан 21 адам дәрігер-наркологтың есебіне қойылыпты. Учаскелік инспекторлар есепте тұрған 158 тұлғаны мекенжайы бойынша тексеріп, әңгіме жүргізу, нарколог маманның қабылдауына апару сияқты алдын алу шараларын жүйелі түрде өткізіп тұрады. 6 адам мәжбүрлеп емдеуге жіберілген. 21 азамат алкоголь өнімдерін заңсыз саудалағаны, ал 87 тұрғын көлікке мас күйде отырғаны үшін жауапқа тартылған. “Жастар көп жиналатын ойын-сауық орындары да үнемі назарымызда. Түнгі уақытта үлкендердің қарауынсыз жүрген 270 кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім анықталып, 65 ата-ана, сондай-ақ, ішімдік ішкен жастардың 19 ата-анасы, спирттік ішімдіктер мен темекі сатқан 23 сатушы әкімшілік жауапкершіліктерге тартылды”, – дейді Мағжан Жұмабаев аудандық жергілікті полиция қызметінің бастығы Жандос Исатаев.

Мас күйде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мен қоғамдық тәртіпті сақтау шаралары әр жерде де жүргізіліп келеді. Алайда, қанша тырысқанмен де, маскүнемдік проблемасы жойылып, арақ-шарапқа құмарлық азаймайынша, заңсыз әрекеттер мен қайғылы жайттарға жол бермеу мүмкін еместігі аян. Қазіргі күні маскүнемдікке салынғандарды қоғамға қайтарудың жалғыз жолы – арнайы емдеу-сауықтыру мекемесіне жіберу. Тек оларды өз ниет-қалауларынсыз, мәжбүрлеп емдеуден пайда шамалы. Ішкілікке салынғандар көбіне өздерін аурумын деп есептемейді, емделуге құлықсыздық танытады. Емделіп шыққанның өзінде өздеріне жұмсалған уақыт пен еңбекті зая кетіріп, ескі ауруларына қайта басып жатады.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика