ӨКІНІШ

Өмір жолы сан тарау. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін мына жалғанда өзіңнен кейін ұрпақ қалдыру – адам баласы үшін ең маңызды міндеттердің бірі. Бірақ ол жайында жастық шақта бәріміз бірдей ойлана бермейміз. Сондықтан шығар, бір күндік дүние қызығына масаттанып, болашағын ойламай, бала деген байлықтың маңыздылығын түсінбейтіндер бар. Сондай жандардың бірі Жамбыл (мақала ішіндегі есімдердің барлығы өзгертілген) есімді оқырманымыз. Жастықтың жалынымен талай қателікке бой алғызған ол бүгінде елуден асқан ел ағасы. Тоқтаусыз ағып жатқан өмір атты өзеннің жарты жолынан асқан кезде артына қарап, жүрегін сыздатқан өкінішімен бөлісті.

Жамбыл ЖҰМАБЕКОВ,

55 жаста.

Мен әке-шешемнің жалғыз ұлымын. Тағдырдың жазуы солай болған шығар, менен кейін туған бауырым бір жастан енді ғана асқанда ауырып шетінеп кетті. Тоғыз ай көтеріп, аман-есен өмірге әкеліп, әлдиімен ақ бесікке бөлеген анашым енді ғана тәй-тәй басып, алғашқы қадамдарын жасай бастаған сәбиінен қапаста көз жазып қалғанда етегі жасқа толды. Мен ол кезде он жастамын. Сол күнгі анашымның “құлыншағым, құлыным...” деп еңіреп жылаған дауысы өмір бойы құлағымнан кетпейді. Бауыр етің – балаңнан айырылу қаншалықты қиын екенін тірідей қол үзу одан ауыр болатынын басыңнан өткенде ғана түсінеді екенсің.

Әкем мен анамның ендігі бар қуанышы, жан дегендегі жалғызы мен ғана болған соң маңдайыма жел тигізбей өсіріп, оқытып, қалағанымды сатып әперіп отырды. Әкем де бетімнен қаққан емес. Осылай ай артынан ай, жыл артынан жыл өтіп, есейіп, ер жеттім. Оқуға түсетін уақыт жеткенде ата-анам “жалғызымыз жатақханада тұрмасын деген оймен” бар малын сатып, тірнектеп жиғанына қаланың қақ ортасынан екі бөлмелі үй сатып әперді. Бала кезімнен оқуға зерек болып өскендіктен, жоғары оқу орнына түсу аса қиын болған жоқ. Жаңа жерде жаңа достар да тез табылды.

Уақытта тоқтам бар ма, төрт жыл зыр етіп өте шықты. Қолымызға диплом алған соң, ескі достар жан-жаққа тарап кеттік. Мен қалада қалдым. Әкемнің ақылымен өз кәсібімді аштым. Айналасы он жылдың ішінде ісім өрге домалап, бір емес, екі бірдей дәмхана ашудың сәті түсті. Құжаттардың барлығында менің қолым тұрғанымен, жұмыстың басы-қасында үнемі әкем жүрді. Осындай қолдаудың барына үйреніп алғаным соншалық, кейбір кездерде екі-үш күн бойы жұмыс басына бармай, алаңсыз қыдыратын кездер де болған. Мұндай қылығыма әкем ренжігенімен, қашанда менің сөзімді сөйлейтін анашым араша түсіп: “Жас қой, жүрсін, көрсін. Қыздармен таныссын, үйленсін. Менің немере көргім келеді”, – деп әкемнің жанды жерінен басып қоятын.

Алғашқы кездерде мен мұндай әңгімелерге мән бермейтінмін. Бірақ отызға аяқ басқанда анашымның “жүрсін, көрсін” деген сөздерінің орнына “қашанғы жүре бересің, үйленбейсің бе?”, – деген өкпе-назы көбірек айтылатын болды. Соның өзінде де мұндай әңгімелерден бойымды аулақ ұстауға тырыстым.

Досымның туған күн кешінде Сымбат есімді бойжеткенмен таныстым. Ол мені көркем мінезімен бірден баурап алды. Кейін сезімдеріміз жарасып, екі жылдай кездесіп жүрдік. Үйлену де ойымызда болды. Бірақ мен асықпадым. Еркіндікке толы өміріммен біржола қоштасқым келмеді.

Бірде кешқұрым Сымбатты әдеттегідей жұмысынан тосып алдым. Оның көңіл-күйі жоқ екенін байқадым. Өзі жылаған сияқты. Өңі бозарып кеткен. “Киноға барайық”, – деп едім, келіспеді. Терең күрсінгеніне қарағанда менімен маңызды бір нәрсе туралы сөйлескісі келіп тұрғанын ішім сезді. Содан не болғанын сұрадым, ол үндемей біраз тұрды да: “Екеуіміздің бұлай жүргеніміз енді ұят болады, сенің қандай ойың бар? Ашығын айт”, – дегенде аузыма сөз түспей қалды. Сол сәтте оның менен үйлену туралы ұсыныс тосқанын сездім, бірақ мұндай қадамға бара алмадым. Әңгімеміз жараспаған соң, сол күні кешке екеуіміздің жолымыз екі жаққа айырылды.

Кейін Сымбатқа бір-екі рет телефон соқтым, тіпті, тұрған үйіне де іздеп бардым. Бірақ ол ізімғайым жоғалып кетті. Көзден кеткен соң, көңілдегі сезім де біртіндеп өше бастады. Фирмадағы жұмыс, үйдегі күйбең тірлік дегендей өмір арнасындағы толассыз ағып жатқан толқындар барлық ойымды жуып-шайып әкеткендей болды. Сөйтіп жүргенде Сымбаттың орнын жаңа таныс, жаңа сезімдер басқанын өзім де байқамай қалдым. Шыны керек, қаншама қыздармен таныссам да олардың біреуін де Сымбатқа ұқсата алмадым. Ол ерекше жан еді.

Қамал алар жастан асқанда анам, оның артынан әкем дүние салды. Үнемі әкемнің қамқорлығында жүріп, еш қиындық көрмегендіктен болар, бірнеше жыл қиналдым. “Еш нәрсе ойламайын” деп күні-түні жұмыстан шықпадым. Сәті түсіп, жұмысым ойдағыдай жүріп, жинаған қаржым тауға түскен қардай қалыңдай берді. Екі бөлмелі үйімді сатып, қаланың шетінен екі қабатты коттедж сатып алдым. Күні бойы жұмыста болып үйге оралған кезде аңырап тұрған бос бөлмелерді көріп, отбасы, бала-шаға жайында ойлайтынды шығардым.

Бірде жұмыстан келе жатып, жол бойында жауынның астында дірдектеп тоңып тұрған кішкентай балақайды байқап қалдым. Ұзын бойлы, арықша келген, қараторы бала менің кішкентай кезімдегі өзімді көз алдыма алып келгендей болды. Танымасам да, бірден жаныма жақын адамдай көрінген осы баланы аялдамада тастап кетуге қимадым. Сөйттім де, көлігімді тоқтатып, оны шақырып алдым. Танымайтын адам болған соң тосырқай қараған балаға жылы шырай танытып: “Кел, батыр, мін, жеткізіп салайын. Мына нөсерлеп жауған жауынның көпке созылар түрі бар сияқты. Мін, қорықпа”, – дегеннен кейін күлімсіреп көлігіме отырды.

Біз біраз әңгімелестік. Есімін Санжар деп таныстырған бала ата-анасымен, іні-қарындастарымен бірге тұратынын айтты. Осылайша әңгімелесіп отырғанда діттеген жерімізге де жеттік. Санжардың үйі де менің котеджімнен аса алыс емес екен. Келіп тоқтай қалғанда соңғы үлгіде салынған баспанама таңырқай қараған Санжар: “Қандай күшті үй, осындай баспанада тұратын сіздің балаларыңыз бақытты екен”, – деді де қош айтысып, жаңбырдың астымен асығыс жүгіре жөнелді.

Сол түні мен көз ілмей шықтым. Жол үстінде кездескен Санжардың бейнесі көз алдымнан кетпей тұрып алды. Оның сөйлеген сөзі, көзқарасы, тіпті, шашын қайырғанының өзі маған қатты ұқсады. Ал оның “сіздің балаларыңыз қандай бақытты” деген сөздері жүрегімде осы уақытқа дейін ұйықтап жатқан бір сырлы сезімге сәуле шашқандай болды. Ол – бұған дейін маған мүлдем бейтаныс әкелік сезім еді. Неге екенін қайдам, Санжарды тағы бір көргім келіп, ол оқитын мектепке бардым. Бірақ кездесудің сәті түспеді, жауынның астында қалған ол екінші күні ыстығы көтеріліп ауырып қалыпты.

Арада екі ай өткенде жұмыстан ерте шығып, үй жаққа бара жатқанда аялдамада тұрған Санжарды тағы байқап қалдым. Ол жалғыз емес еді. Қасында анасы бар екен. Бір қарағанда танымай қалдым. Аялдамадан өтіп барып тоқтап, дұрыстап қарасам, Санжардың қасында тұрған әйел Сымбат екеніне көзім жетті. Сол сәтте аспан айналып жерге түскендей болды. Шынымен де мен өз көзіме өзім сенбей қалдым. Менен он шақты ғана қадам жерде Сымбат пен Санжар тұрды. Олар қоғамдық көлікке мініп кетті. Беталыстары үй жақ екенін бірден түсіндім. Сөйттім де олардың артынан білдірмей көлігіммен жүріп отырдым. Сымбат пен Санжар автобустан түсіп, дүкенге соғып, кейін үйлеріне қарай беттеді. Мен оларға көрінбей үлкен ағаштың тасасына тығылып тұрып, соңдарынан біраз жерге дейін көзбен шығарып салдым.

Анасына еркелеген Санжар “Мама, мама, мен ертең сабаққа бармаймын. Бүгін футбол ойнап жүріп, аяғымды ауыртып алдым” деп еркелеп қояды. Санжар менің туған балам екенін бірден түсіндім. Иә, Сымбаттың соңғы кездесудегі маған неге ренжігенін, кейін телефонын өшіріп тастап, ауылға кетіп қалғанын сонда ғана ұқтым.

Олар үйлеріне жақындай бергенде алдарынан кішкентай ұлы мен қызын жетектеген ер адам шығып, Сымбаттың қолындағы сөмкелерін алып, барлығы бірге үйлеріне кіріп кетті. Әңгімелері жарасқан екеуіне қарап, олардың ерлі-зайыпты, ал қасында балалары екенін аңғармау мүмкін емес еді. Бақытты отбасының сыртынан қарап тұрып, ішім күйіп, жан-жүрегім сыздады. Сол сәтте өзімнің қаншалықты бақытсыз екенімді ұқтым.

Алыстап бара жатқан ұлымның артынан жүгіріп барып, “Балам!” деп ыстық құшағыма қатты-қатты қысқым келді. Бірақ олай істеуге арым жібермеді, мылқау адамша тілімді тістеп тұрдым да қалдым.

Осылайша мен елуден асқан шағымда балам бар екенін білдім. Өкініштісі сол, мен одан тірідей айырылып қалдым. Балам өзінің туған әкесі жайында еш уақытта білмейтін шығар. Мен оған айтпаймын да. Себебі, сүттей ұйып отырған бақытты отбасының шырқын бұзуға менің қақым жоқ.

Егер уақытты кері қайтарар күшім болса, Сымбатқа үйленіп, Санжарды өзім тәрбиелеп, дәл қазір осы отбасының иесі мен болар едім. Әттең, баланы байлыққа айырбастап жібергенімді тым кеш түсіндім. Енді оның сыртынан қарап, қызықтаудан басқа амалым жоқ. Міне, бір кездері Сымбатты жылатқаным үшін тағдыр мені осылай жазалап, жалғыздық деген “сыйлықты” тарту етті.

Жалғыз ұлымның өзімнен жырақта жүргенін ойлағанда мына жалғаннан безіп кеткім келеді. Бірақ жұмыр басты пенде болған соң, оған да көнесің, басқа амалым жоқ. Қазір менде байлық та, мансап та, қымбат көлік те бар. Бизнесімнің де көкжиегі кеңейді. Бірақ менен кейін осының барлығына ие болып қалатын балам жоқ. Мені қинайтыны осы. Мына өмірде өзіңнен кейін ізіңді жалғар ұрпағың болмаса, бәрі де бекер екен.

Дайындаған

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Comments   

 
0 #1 Жәмила 2018-04-18 08:22
Мақаланы оқып отырып, ойға батасың. Өкі-нішке қарай, мұндай тағдыр иелері арамызда аз емес. Бала – бақыт, байлық екенін кеш ұғын-ғаннан не пайда? Санжар сияқты қаншама бала туған әкенің мейірімін, жан жылуын, қамқорлы-ғын сезінбей жүр. Осынау жалған дүниеде әр адам жақындарына қамқор болып, олардың қадірін түсінсе екен.
Quote
 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика