ЕҢБЕКПЕН ЖЕТКЕН МҰРАТҚА

Білімділік, бауырмалдық, әдептілік, ең бастысы, адамгершілік сияқты асыл қасиеттерді бойына жинай білген азаматтардың бірі – бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отырған экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Алтай Қожахмет.

Сонау 1928-1929 жылдары бастау алған қуғын-сүргін қаншама адамды кіндік қаны тамған жерінен еріксіз көшіріп, тағдырларын тас-талқан етті. Сол нәубет Алтай Қожахметұлының отбасының да шырқын бұзған. Атасы Бейсенбай, әжесі Ботай, әкесі Қожахмет пен шешесі Мәруәр қудалауға ұшыраған. Бай болғаны үшін ғана отбасының барлық мүшесі Көкаралға айдалған. Көкарал – Арал теңізінде орналасқан жүздеген аралдардың ішіндегі ең үлкені. Бұл жерде талай адам тағдырдың тауқыметін тартқан.

– Үлкен ағам Ауан мен үш әпкем Көкаралда туып, сонда қайтқан екен. Одан кейін әке-шешемді еңбек майданына – Шығыс Қазақстандағы Риддер қаласына жіберген. Мен сонда туғанмын. Өмірдің қиындығынан денсаулығы сыр берген әкем де сол жақта дүние салды. Бұл 1945 жыл болатын. Соғыс аяқталған соң әкемнің Бексейіт деген інісі бізді ата-анамның туған жері – Қызылжар өңіріне көшіріп алды, – деді балалық шаққа ойша оралған Алтай Қожахметұлы.

Жырақта жүріп, біраз қиындықты бастан кешірген әулет аман-есен туған елге жеткен соң, Есіл ауданына қоныстанған. Ауыл мектебінде үшінші сыныпта оқып жүргенде анасы қайтқан. Сегіз жасында жетім қалған Алтай қарт әжесінің қамқорлығын көп көрді. Кезінде үлкендер “Атаң ауылы” деп атайтын елді мекен ұжымдастыру кезінде тарап кеткен. Осы ауылда төртінші сыныпқа дейін білім алған ол әрі қарай оқуын Еңбек орта мектебінде жалғастырған. Өзінің алғырлығымен, есепке жүйріктігімен көзге түскен немересінің аяқалысына қуанған әжесі оның толыққанды азамат болып қалыптасуына сүбелі үлес қосқан. “Әжеміз өте салмақты адам болды. Ол бізге әке орнына – әке, шеше орнына шеше бола білді. Қарындасым екеуімізді ешкімнен кем қылмай өсірді”, – деп жалғады Алтай Қожахметұлы әңгімесін.

Мектепті тамамдаған соң Алтай Қожахметұлы Петропавл қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумының бухгалтерлік бөліміне оқуға түседі. Жастайынан жетімдіктің кермек дәмін татып, балалықпен ерте қоштасқан ол техникумды аяқтаған соң, бірден еңбекке араласты. Жас маман 1958 жылы еңбек жолын Ақмола облысы Қорғалжын кеңшарында бухгалтер болып бастайды.

Қолына диплом алып, енді қызметіне кірісе бастағанда, ауылдағы кәрі әжесі өмірден өтіп, қуанышы су сепкендей басылады. Бауырларынан, ата-анасынан айырған ажал құрығы бұл жолы әжесіне қол салып, оны тағы бір сынға алды. Бірақ жігерлі жігіт тағдырдың жазғанына мойынсұнбай, алға ұмтылып, барлық қиындықты жеңуге тырысты.

Өзіне тапсырылған міндеттерді дер кезінде орындап, жауапкершілігімен, есепке жүйріктігімен көзге түскен жас маман бір жылдан кейін Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Онда да үш жыл бойы әскери бөлімнің бас есепшісі болып қызмет атқарады.

Білімге құштар Алтай Қожахметұлы міндетті әскери борышын өтей жүріп, жоғары білім алуды жоспарлайды. Оның бұл талпынысын басшылар жағы да қолдайды. Байқоңырдағы әскери бөлімде партия қатарына өткен сарбаз көп ұзамай Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетіне сырттай оқуға түседі. Үш жылдан кейін есепші-жауынгер Отан алдындағы борышын өтеп болып, оқуын жалғастыру үшін күндізгі бөлімнің студенті атанады.

– Алматыда оқу оңайға түскен жоқ. Бірақ сонда да ешкімге салмақ салмауға тырыстым. Күндізгі бөлімге ауысқан алғашқы кезде жатақханадан орын берілмеді. Шәкіртақы да болмады. Сөйтіп, біраз қиналдым. Кейін партия жиналысына қатысып, жағдайымды айттым. Ондағылар маған түсіністікпен қарап, мәселе шешімін тапты, – деді ол.

Алтай Қожахметұлы қайда жүрсе де, ауылдағы ағайын-туыстан қол үзбеуге тырысқан. Әсіресе, Жамбыл ауданының Баян ауылында ұжымшар басқарған жездесі Сексенбай Тұралинмен жақсы қарым-қатынаста болған. Қашанда сабырлы мінезімен, мейірімділігімен ерекшелене білген жездесі оған қолдау көрсетіп, шаңыраққа ие болар жалғыз туысына баскөз бола білді. Жастайынан жетім қалса да, жақсылардың шарапатын көрді.

Білікті маман бірнеше кеңшарда бас экономист қызметін атқарған. Облыстың бас еңбек инспекторы, экономика басқармасы бастығының бірінші орынбасары болып та жұмыс істеген. Бірақ мұнымен де шектеліп қалғысы келмеген Алтай Қожахметұлы ғылым жолына түсуді ойластырған. Сөйтіп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыру және сол арқылы шаруашылық экономикасын көтеру мәселесін ғылыми жұмысының тақырыбы етіп алған. Өзіндік ізденіс пен жаңашылдыққа деген қызығушылығы арқасында еңбек ете жүріп, ғылыми жұмыс жазған. 1983 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтының ғылыми кеңесінде экономика ғылымдарының кандидаты атағын қорғаған.

Алтай Қожахметұлы облыс орталығындағы Қарағанды политехникалық институты филиаланың қоғамдық ғылымдар кафедрасында аға оқытушы, ал 1993 жылдан зейнеткерлік жасқа жеткенше статистика басқармасының бастығы болып қызмет етті. Күні бүгінге дейін оқытушылықтан қол үзбеген ғалымның өмірі М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетімен тығыз байланысты. Білікті маманның алдынан осы уақытқа дейін жүздеген студент дәріс алған. Жас буынды білім бұлағынан сусындата жүріп, оқу-әдістемелік құралдар, ғылыми тақырыпта мақалалар жазған. Осының өзінен-ақ оның жұмысқа деген ынта-ықыласының қандай екенін көруге болады.

Ғылымға сіңірген еңбегінің арқасында Алтай Қожахметұлы тоқсаныншы жылдары доцент ғылыми дәрежесін алды. Бұл құжатты Мәскеудегі бүкілодақтық комиссия бекіткен. Ал 2001 жылы өзі еңбек етіп жүрген СҚМУ-дің профессоры атағына қол жеткізді. Міне, мұның барлығы ерінбей, қажымай-талмай еткен үлкен жұмыстың жемісі.

Барлық студентке туған баласындай қарап, қолынан келгенше көмегін, қолдауын аямайтын азамат бүгінгі таңда қаржы және менеджмент кафедрасында дәріс оқиды. Оның алдынан білім алған студенттердің біразы – университеттің білімді, білікті ұстаздары.

Болашақ жарымен Алтай ағамыз Алматы қаласында жүрген кезде танысыпты. Кәмила Қасымқызы – Шал ақын ауданындағы Ленин ауылының тумасы. Ол Талдықорған қаласында кітапханашы мамандығы бойынша білім алған. Сезімдері жарасқан жастар оқуларын аяқтаған соң шаңырақ көтерді.

Бақыт кілтін сыйластықтан тапқан ерлі-зайыпты бір шаңырақ астында жарты ғасырдан астам уақыт бірге тұрып келеді. 2016 жылы алтын тойларын атап өткен олар Ержан, Бауыржан, Раушан есімді балаларын қатарынан қалдырмай өсіріп, оқытып, бүгінде ұлдарын ұясына, қызын қияға қондырған қадірлі ата-ана. Немере-жиеннің аяулы ата-әжесі ретінде ұрпақ қызығына бөленіп отырған жайлары бар. Білім мен өнер тізгінін қатар ұстаған ұлдары қолөнерден құр алақан емес. Петропавл қаласында тұратын Бауыржан зергерлікпен айналысады. Мұндай ептілік Астана қаласында тұрып, заң саласында еңбек ететін Ержанда да барын әкелері мақтанышпен айтты.

Өмірдің қанша қиындығынан өтіп, биік белестерді бағындырса да кішіпейіл, қарапайым мінезінен таймаған белгілі ғалым, абзал азаматтың жүрегінің кеңдігі, ақыл-парасаты жастарға өнеге.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика