ҰЛТТАР ДОСТЫҒЫНЫҢ ҰЯСЫ

Әміршіл-әкім­шіл жүйенің озбырлығы салда­рынан туған жерден еріксіз көшуге мәжбүр болып, Тайынша ауданын паналаған поляк және неміс ұлтының өкілдері үшін бұл өлке – екінші Отаны іспетті. Сол сұрқия саясат 1936 жылы Украинада алаңсыз күн кешіп жатқан Станислава Мажиновскаяның отбасына да дүрбелең ала келеді. Қиын сәттерді еске алған сайын Ясная Поляна ауылының тұрғыны қазақ жеріне, халқына деген шексіз ризашылығын айтып отырады. “Мен ата-анамды жер аудартып жіберген соң, үш жылдан кейін дүниеге келіппін. Оларды осында әкелгенде мұнда тек иен дала мен жалғыз құдық болған екен. Өмір сүрудің өзі қорқынышты еді. Қазақтар туған бауырындай қарсы алып, көп көмектесіпті. Ата-анам баспаналарын қалай жылтуды білмей дал болғанда, қамыс, қурай жинап берген бауырмал халықтың нәрестелі болған отбасыларға отынына дейін әкеліп, жағдайларын жасауға қолғабыс еткендерін қарттарымыз жиі естеріне алып отыратын”, – дейді Станислава Мажиновская өткен өмірін ой елегінен өткізіп.

“Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыз­дан кетпес” дегендей, қазақ халқы сол кездегі тұрмыстың ауырлығына, көңілдің жүдеулігіне қарамастан, қолындағысын бөліп бергені, үйлеріне панала­тып, азық-түлікпен, киім-кешекпен көмек­тескені ауыл көнекөздерінің жадында. “Мен ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымды білдіргім келеді. Дүниежүзіне үлгі болып отырған еліміздегі бейбітшілік, достық, бірлік үшін көп рақмет”, – дейді қария.

“Коперник” облыстық поляк мәдени орталығы төрағасының орынбасары Валентина Корневаның айтуынша, бүгінде өңірімізде 12 мыңнан астам поляк тұрып жатыр. Олар қасиетті қазақ же­ріне орнығып қалғандарына еш өкінбейді. Қай-қайсымен тіл­дессең де, елді ардақ тұтады. Туған елдің тұғырын биіктету жолында еңбек еткеннен асқан бақыт жоқ екенін айтады. Қазақстан мен Польша арасындағы өзара се­німге, құрметке құрылған ізгі қа­рым-қатынас та қос халықты тонның ішкі бауындай одан әрі жақындастыра түскенін байқау қиын емес.

“Біз төл мәдениетімізді, тіліміз бен ділімізді сақтап қалу мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Мен үшін бұл өте маңызды. 1936 жылы Вишневка ауылына жер аударылған атам оның немересі полякша сөйлеп үйренеді деп армандамаған да шығар. Ұрпағының ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, қуатты мемлекетте тұрып жатқанын көргенде, риза болып, ертеңімізге алаңдамайтын еді...”, – дейді Валентина Корнева.

Виктория КОВАЛЬ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика