БОЛАШАҒЫМЫЗ ЖАРҚЫН

Бүгінгі таңда елімізде 130-дан астам этнос өкілдерінің бірлігі мен тірлігі жарасып, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Барлық этнос өкілдерінің өз тілін, діні мен мәдениетін сақтап қалулары үшін жағдай жасалуда. Осы орайда, өңірімізде жемісті еңбек етіп, облыс орталығында өз тұтынушыларынан жоғары баға алып отырған жеке кәсіпкер Шамсулло Хайбуллоевты атап айтуға болады.

Бүгінде алпысты алқымдаған кәсіпкер 1996 жылы Қазақстанға қоныс аударған. Содан бері Петропавл қаласында тұрып, кәсібін дөңгелетуде. Кейіпкерімізбен Интернационал көшесі бойындағы “Биғайша” сауда үйінде орналасқан кеңсесінде кездестік. Кәсіпкердің айтуынша, Джурабек Амиршоев деген немере ағасы 1964 жылы әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын Петропавлда өтеген екен. Ағайыны сол жылдары шаңырақ көтеріп, Қызылжарда тұрақтап қалған. Оған қонаққа келіп жүрген ол Петропавл қаласының тыныс-тіршілігімен таныса келе, қоныс аударуға бекінеді.

– Алғашында азын-аулақ ақшамды салып, күнкөрістің қамымен базарда аяқкиім сатумен айналыстым. Осы аралықта екі жыл уақыт өтіп, шамалы қор жинаған соң әйелім мен балаларымды алдырдым. Мемлекеттің қолдауымен “БТА банкі” АҚ-ы облыстық филиалынан жылдық пайызы төмен несие алып, 2003 жылы жеке кәсіпкерлігімді құрдым. Содан бері шаруамды дамытып келемін. Дәмхана ашу көптен бергі арманым еді. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының арқасында оған да қол жеткіздім, – дейді Шамсулло Сейфуллоұлы.

Жылдар өте келе кәсіпкердің бастаған ісі өрге басып, 2006 жылы аграрлы өңірдің астығын шетелге экспорттаумен, жүк тасымалында экспедиторлық қызмет көрсетумен айналысатын “Хатиджа” жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрады. Компанияда тауар логистикасы, менеджерлер мен маркетинг қызметтері жұмыс істейді. Басшысының іскерлігінің нәтижесінде серіктестік Тәжікстан мен Өзбекстан елдеріне жыл сайын 6-10 мың тонна дәнді дақыл жеткізуде. Қазіргі уақытта компанияның өнімдері тұтынушылар арасында сұранысқа ие.

Еліміздің егемендік алғалы бері шағын және орта кәсіпкерлік саласы ел экономикасымен қатар дамып, оның қозғаушы күшіне айналды. Бұл ретте мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдауға арналған әртүрлі бағдарламалар қабылданып, сәтті жүзеге асырылуда. Кәсібін дөңгелеткен Шамсулло Сейфуллоұлы да бұл қолдаудың шарапатын сезініп отыр. Кәсіпкер 2012 жылы тағы бір жеңілдетілген несие рәсімдеп, “Kayvand-Экспорт” компаниясын құрған. Бұл серіктестіктің қызмет көрсету ауқымы кең. Темір жол бойындағы экспедиторлықтан бөлек, мұнда “Цесна Гарант” автосақтандыру, сантехникалық құралдарды сату, “Ариана Травел” туристік агенттігі жұмыс істеуде. Сондай-ақ, “Қазақстан темір жолы” Ұлттық компаниясы” АҚ-ы және Петропавл халықаралық әуежайымен келісімшартқа отырып, билет сату кассасын ашқан. Қазіргі уақытта компанияда жиырмадан астам адам еңбек етеді.

Кәсіпкерлікпен нанын тауып отырған азаматтың қоғамдық жұмысы да танымал. Бүгінде ол Қазақстан халқы облыстық ассамблеясындағы “Сомониён Север” тәжік қауымы” қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді. Бірлестіктің басшысы Анваршох Амиршоевпен бірге өңіріміздегі тәжік этносы өкілдері конфессияаралық және этносаралық келісімді одан әрі нығайтуға күш салуда. Егер елімізде тәжіктер саны жарты миллион болса, олардың жеті жүзге жуығы Қызылжар өңірінде тұрып жатыр.

Шамсулло Хайбуллоев Қазақстанға келгеніне еш өкінбейді. Өмірінің жиырма екі жылын Қызылжар өңірімен байланыстырған бұл азамат тәуелсіз еліміздің ертеңі бұдан да жарқын болатынына сенімді.

– Өзге этнос өкілдері секілді, менің де қазақ жұртына айтар алғысым мол. Құшақ жая қарсы алғаны үшін қазақ халқына мәңгілік қарыздармыз. Бүгінде Қазақстан мен Тәжікстан арасында қарым-қатынас нық орнаған. Екі ел басшыларының арасындағы келісімнің негізінде тәжікстандық азаматтар Петропавлдағы Ұлттық ұлан әскери институтында білім алу мүмкіндіктеріне ие болды. Кәсіппен шұғылдануға ниет білдіргендерге де барлық жағдай жасалуда. Тек табысты еңбек етіп, елдің дамуына атсалысу қажет. Алдағы уақытта кәсібімді кеңейтіп, жаңа саланы игеру жоспарымда бар, – дейді Шамсулло Сейфуллоұлы.

Кәсіпкерлік пен қоғам өміріндегі еңбегі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған мерекелік медалімен және облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұл – кәсіпкердің еңбегіне берілген жоғары баға.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика