ЖҮРЕК ҚАЛАУЫ

Жеңіс күні мерекелік концерт өткізіп, шеру ұйымдастыру дәстүрі бұрыннан қалыптасқан. Бұл күн жақындаған сайын осыдан шамамен 20 жылдай бұрын болған бір оқиға ойға оралады. Мен ол кезде құқық қорғау органдарында қызмет еттім. Өзімнің де аталарым соғыста қаза тапқан, анам да офицер болатын. Жұмыстан шығып, үйге келгенімде, подъездің алдында мұңайып, жалғыз өзі отырған қарияға көзім түсті. Жанына барып, мереке күні жабырқауының себебін сұрадым. Ол маған аяғы ауыратынын, сол себепті мерекелік шеруге бара алмағанын айтты. Бұл уақытқа дейін шеру аяқталып та қалған болатын. Қарияға мерекелік көңіл-күй сыйламақ болып, үйден қажетті азық-түліктерді шығарып, аулаға дастарқан жайдым. Басқа да көршілеріміз, ардагерлер мен қариялар, тыл еңбеккерлері жиналып, соғыс жылдарындағы әндерді шырқап, өз арамызда мерекені атап өттік. Міне, дәл осы оқиғадан кейін мен әрқашан шама-шарқымша мұқтаж жандарға көмектесуге бел будым. Біреуге қол ұшын созып, қайырымдылық жасау үшін көп ақшаң болуы міндетті емес екенін де түсіндім.

Осыдан кейін қаланың қай шетіне көшсем де, қандай жұмыс атқарсам да, мерекелерде осы аулаға келіп, қариялар, ардагерлер, жалпы тұрғындар жиналып, бір-бірімізге көтеріңкі көңіл-күй сыйлауды жыл сайынғы дәстүрге айналдырдық. Балалар үйінің талантты бүлдіршіндерін шақырып, ардагерлеріміздің құрметіне тамаша концерттік бағдарлама ұсынған болатынбыз. Шатыр құрып, түрлі тағам әзірледік. Қонақтар да бастамамызды қолдап, шама-шарқынша сыйлықтары мен тәттілерін ала келетін болды.

Өзгеге көмектескім келіп тұратын қасиет, ең бірінші кезекте, маған анамнан дарыған деп ойлаймын. Ол маған үнемі өзің асып-тасып жатпасаң да, шамаңның келгенінше мұқтаждарға қол ұшын созу керектігін айтып, құлағыма сіңіріп келді. Өзі де кезінде талай адамды қиын жағдайдан құтқарып, жәрдемін аямады. Басында қайырымдылықпен қосымша айналысып келсем, бұл үшін арнайы агенттік ашу жөнінде бес жыл бұрын шешім қабылдадым. Осылайша, “Гера” авторлық агенттігі жұмысын бастап, көмек көрсеткен адамдардың алғысына бөленіп келеміз. Бүгінде агенттікте 20 қайырымды жан бар. Жалпықалалық қайырымдылық шараларына қатысып, мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндермен кездесулер өткіземіз.

“Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бастамасымен, облыс орталығында өтетін қайырымдылық балына осымен үшінші жыл бас демеуші болып келеміз. Көмек сұрап келген жанның бетін қайтармауға тырысамыз. Түрлі мерекелік, спорттық шараларды ұйымдастырып, залдың безендірілуін өз мойнымызға алып, қажетінше фотограф, видеографтың қызметін ұсынамыз. Биылғы жылдан бастап Архангелкадағы балалар үйімен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Бүлдіршіндерге арнап жаңажылдық кеш, флористикадан шеберлік сыныбын ұйымдастырып, оларға арнап мерекелік сыйлықтар дайындадық.

Біздің облысымызда көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына, мүмкіндігі шектеулі ересектер мен бүлдіршіндерге, балалар үйі мен мектеп-интернаттарға көмек көрсететін ұйымдар өте көп. Біздің агенттік сол ұйымдармен тығыз қарым-қатынас жасайды. Яғни, қайырымдылық шарасын немесе кездесулер өткізетін кезде олар біздің көмегімізге жүгінеді. Бұл ретте меценаттардың, басқа да қайырымды жандардың, облыс басшылығының, қоғамдық ұйымдардың еңбегін де атап өткеніміз жөн.

Біз қайырымдылықты біреудің алғысын алу үшін емес, сәл де болса көмегімізді көрсету үшін жасаймыз. Екі жыл қатарынан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен, Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған қайырымдылық ұйымдары өкілдері мен донорлардың республикалық форумына қатысу мүмкіндігіне ие болдым. Қатыса отырып, елімізде өзі мен жақындарына ғана емес, халықтың әлеуметтік осал топтарына қол ұшын созуға дайын тұратын, қайырымды азаматтардың көп екендігіне көзім жетті. Ал форумға менің екі рет шақырылғаным – бұл бағыттағы жұмыстарымыздың нәтижесі. Форумға алғаш Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына орай қатысып, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға, қоғамның рухани дамуына қосқан үлесім үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталдым.

Алла ПИСАРЕНКО,

“Гера” авторлық агенттігінің директоры.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика