ӨНЕГЕЛІ ШАҢЫРАҚ

Хинизовтар отбасындағы соңғы күндер тынымсыз өтті. Мерибан Зейналабитқызы жұмыстан қолы қалт етсе, қыздарының концерттік нөмірлерін пысықтап, сахналық киімдерін тікті. Он жасар Мәриям мен жетідегі Самира “Түрік мәдениеті” қоғамдық бірлестігі Петропавл балалар үйінде ұйымдастырылған мерекеде өнер көрсетті. Содан кейін 1 мамырға арналған шараларға дайындықтары басталды.

Қазақстандық түріктер Халықаралық балаларды қорғау күнін жылына екі рет атап өтеді. Алғашқысын Түркия еліндегідей сәуір айында мерекелесе, екіншісін әдеттегідей 1 маусым күні тойлайды. Бала десе, ішер асын жерге қоятын Сабир мен Мерибан Хинизовтар осы екі күнде балаларын қуантуға тырысады.

– Бала – бауыр етіміз, біздің келешегіміз. Оны қалай тәрбиелесек, ертеңіміз де соған байланысты болмақ. Кішкентай азаматтарды әрдайым алақаныңда ұстап, мейіріңді төгіп, еркелетіп, демеп отырғың-ақ келеді. Бірақ күнделікті жұмыс қамымен жүргенде, бұған уақыт жете бермейді. Сондықтан аталған күндерді мүмкіндігімізше тиімді пайдалануға тырысамыз, – дейді Мерибан Хинизова.

Хинизовтар Қазақстан халқының бірлігі күнін де отбасымен бірге қарсы алуды дәстүрге айналдырған. Осы жолы да ата-ана қыздары қатысатын мерекелік шараларды қалт жібермейді. Талапты өрендер түрік әні мен биінен шашу шашып, скрипкада ойнады.

– Қазақстанда тұратын барлық этнос өкілдерінің өз салтын, әдет-ғұрпын ұмытпай, жаңғыртуына барлық жағдай жасалған. Еліміз шын мәнінде – достықтың бесігі. Әсіресе, осындай шуақты мерекелер кезінде мұны терең сезініп, рухани азық алып, көңілімізді көтеріп, бір марқайып қаламыз, – дейді Сабир Махаммадұлы.

Хинизовтар әулетінің басынан кешкендері Қазақстанды екінші Отаны санайтын өзге этнос тарихынан көп ерекшеленбейді. Түріктер де қазақ даласына қуғын-сүргін кезінде қоныс аударған. 1944 жылдың қазанында Грузия жерінен Орта Азияға қарай бет алған эшелондар белгіленген жерге бірнеше ай бойы жүріп жеткен екен. Жолдағы азапқа шыдамай, талай өмір қыршыннан қиылған. Ал аман жеткендерді қарсы алған қазақтың дарқан даласы өзінің жылы құшағына қысқан.

– Ата-әжеміздің жерлестерімен бірге қоныс тапқан орны – Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданы. Сол жерде балалары дүниеге келді. Бәрі де қазақша білім алып, ел қатарлы өсті. Әке-шешем бауырларыммен бірге сол жерде әлі күнге дейін тұрып жатыр, – дейді ол.

Арман қуып, дәрігер болуды қалаған Сабир Халықаралық қазақ-түрік университетінің медицина факультетін ойдағыдай аяқтайды. Жерлес қызға үйленеді. Жас отбасы біздің өңірімізге ешқандай жолдамасыз, өздерінің қалауымен келген екен.

Бүгінде зайыбы Мерибан екеуі облыстық туберкулезге қарсы диспансерде жұмыс істейді. Сабир Махаммадұлы – хирург, зайыбы болса мейірбике. Бұл жердегі жұмыс, әрине, оңай емес. Дегенмен, ерлі-зайыптылар – ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүргенді қаламайтын жандар. Адал еңбегінің ырысын көріп, үш баланы адамгершілік қасиеттерге баулып өсіруде. Дәрігерлер отбасына медицина қызметкерлері үшін салынған үйден үш бөлмелі пәтер берілген.

Еліміздің болашағы қазақ тілінде деп білетін ата-ана қыздарын қазақ сыныбына оқуға берген. Үлкен қыздары мемлекеттік тілді жақсы біледі. Сүйікті пәні – қазақ әдебиеті. Мәриям мектепішілік, сондай-ақ, түріктер бірлестігі өткізетін іс-шараларға қазақ тілді жүргізуші ретінде қатысатынын айтпай кетуге болмас.

– Отбасымыздағы бесеуіміз де үш тілде қатар сөйлейміз. Тіпті, үш жасар ұлымыз Мұстафа да бірнеше тілді қатар алып келеді. Меніңше, тұрып жатқан еліңнің мемлекеттік тілінде сөйлемеу сол елді сыйламау деп түсінемін. Сондықтан қазақ тілді ортада міндетті түрде қазақша сөйлейміз, – дейді Сабир Махаммадұлы.

Қазақстандағы 200 мыңнан астам түріктердің көбі қазақ тілін жақсы біледі. Қазақ әліпбиі латын қарпіне көшірілген кезде, тілдері ұқсас екі ұлттың жазуында да көп айырмашылық қалмайды.

– Ұлымыз мектепке барғанда, жазуды латын қарпімен бастап үйренеді. Сол күндерді ерекше сезіммен күтіп жүрміз. Бұл еліміздегі талай түрік азаматтарының екі тілді бірдей қолданып, жазбаша қазақ тілін оңай түсінуіне мүмкіндік берері сөзсіз. Тіпті, түркі тілдес халықтар біріне-бірі жақындай түсуіне де әсер етеді, – дейді Мерибан.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: Хинизовтар отбасы.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика