ҚАРАҚОҒАДАҒЫ ҚЫЗУ ТІРЛІК

“Ауылдың жақсылығы жолынан білінер” демекші, Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Қарақоға ауылының тыныс-тіршілігі кіре берісінен-ақ аңғарылып тұрғандай. Ауылға таңғы сағат тоғыз шамасында келдік. Әдетте жұмысқа асыққан халықтың қарасын қаладан ғана көретін біздер үшін бұл күтпеген көрініс болды. Мұнда кәдімгідей қайнаған қызу тірлік.

Әр елдің қалыптасу кезеңі, өркендеу жолы болатыны секілді бұл ауылдың да тарихы әріден бастау алады. Сондықтан елдің тыныс-тіршілігін сөз етпес бұрын, әуелі оның тарихына үңілгеніміз жөн болар. Тоғыз шақырым жерде Ресеймен шекаралас №249-шы теміржол разъезі болған. Қамыспен көмкерілген осы батпақты жерде Қарақоға станциясы құрылып, кейін үлкен ауылға айналған. Теміржол батпақтың үсті арқылы өткен. Ағаштан вокзал ғимараты тұрғызылып, жанында бірнеше үй қоныстанған. 1908 жылы станцияға “Қара қоға” атауы берілген.

Жергілікті тұрғындар қара қоғаны үй шаруашылығына пайдаланған деседі. Қамысты отын етіп жақса, басындағы қоғасын – төсек-орын жасауға пайдаланған. Ал тың игеру жылдары Омбы облысынан адамдар қоныс аударып, осы жерде тұрақтанады. Ауасы таза, айналасында қайыңды орман өскен, қоғасы көп өзен-көлге бай жер ордалы орынға айналады. Кеңес дәуірінің қылышынан қан тамған тұста халық үшінші бесжылдықтың жоспарын орындауға кірісіп, астық дайындайтын кәсіпорындарды салуға атсалысқан. 1928 жылы Қарақоға элеваторы осынау науқанды дүрмекте салынған ірі кәсіпорынның бірі болып саналады. 1962 жылы “Қарақоға” кеңшарының орталығы ретінде мұнда дәнді дақылдар өсіріліп, мал шаруашылығы кең өріс тапқан. Осыдан 25 жыл бұрын жүргізілген халық санағында ауылда 2703 адам тіркелсе, бүгінгі күні де тұрғындар саны азаймаған.

Қазір Қарақоға ауылдық округіне Ноғайбай, Образец, Чистое елді мекендері қарайды. Округтегі 812 үйде 2408 адам бар. Тұрғындардың 55 пайызы – экономикалық белсенді адамдар. Оның ішінде 930 адам тұрақты жұмыс істесе, 398-і өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Округте жұмыссыздық деңгейі 0,2 пайызды құрайды. Былтыр 89 тұрақты жұмыс орны ашылса, оның ішінде құрылыс, ауыл шаруашылығы, жеке кәсіпкерлік пен басқа салалар бойынша 61 орын биыл құрылды. Бес отбасыға 587,4 мың теңгенің атаулы әлеуметтік көмегі көрсетілді.

Биыл жәрдемақының жаңа төлем жүйесінің енгізілуіне байланысты аз қамтылған отбасылардың санын қысқарту мақсатында оларды “Өрлеу” бағдарламасына қатыстыру көзделуде. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 40 пайызға қысқарып, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен келісімшарт жасалғанын атап өткен ауылдық округ әкімі Анна Жорова адамдарды қоғамдық жұмыстарға тарту мақсатында да белсенді шаралар атқарылып жатқанын жеткізді. Тағы айта кетерлігі, биылдан бастап ауылдық округ жергілікті басқарудың өзіндік дербес бюджетіне ие болыпты.

Қазіргі таңда Қарақоға ауылында 600-ден астам үй бар. “ЖНВ”, “Ноғайбай” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің тұрғындарға қолдауы ерекше. Адамдарын жұмыспен қамтып, елдің гүлденуіне атсалысуда. Соңғы жылдары көп жұмыс атқарылыпты. Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін ескі су тарту құбырлары қайта қалпына келтіріліп, үйлерге су тартылуда. Мәселен, өткен жылдың соңы мен биылғы жыл басынан бері 152 үй таза ауызсумен қамтамасыз етілді. Бұл жұмыстар одан әрі жалғасын тауып, Мәдениет үйін жөндеуден өткізу жоспарлануда. “ЖНВ” ЖШС-і Қарақоға ауылындағы Мәдениет үйін сатып алыпты, енді күрделі жөндеу жұмыстарын өз қаражаты есебінен жүргізбек. Тұрғындардың сұранысын азық-түлік, құрылыс, киім, жиһаз дүкендері қамтамасыз етеді. Одан басқа салт-жора қызмет түрлері көрсетілетінін де айтқан жөн. Фельдшерлік-акушерлік пункт пен дәріхана да жұмыс істейді.

Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл – бүтін бір елдің асыраушысы. Мұнда мал шаруашылығы жақсы дамыған. “Жайылым жер жоқ, мал азығы қымбат” дейтін кейбір ауыл тұрғындарына қарақоғалықтарды әбден үлгі етуге болады. Тіршілік тынысын мал, егін шаруашылығынан тапқан тұрғындар өрістерін кеңейтіп, ерінбей еңбек етуде. 24 мың гектарды құрайтын ауыл шаруашылығы жерінің 17 мыңы егістік алқап. Жоғарыда аталған екі шаруашылықтан басқа мұнда “Ноғайбай”, “Теміров”, “Парасат”, “Қарақоға” фермерлік шаруа қожалықтары бар. Өз аулаларында тұрғындар 1585 қара мал, 400-ге жуық жылқы, екі мыңнан астам қой мен ешкі, 16 мыңдай құс ұстайды.

Өткен жылы мал шаруашылығын дамыту мақсатында 13 жеке кәсіпкерлік жұмысын бастаған. Жиырмадан астам қосалқы шаруашылықпен айналысатындар “Керей” ауыл шаруашылығы кооперативіне бірігіп, мемлекет тарапынан түрлі бағдарламаларға қатысуда. Округ әкімінің айтуынша, жеке секторда төрт түлік саны артқан. Былтыр сүт бағытын дамыту үшін “Х.Шолпан” ауыл шаруашылығы кооперативі құрылыпты.

Кәсіпкерлік саласы да жақсы қарқынмен дамуда. Сұлулық салоны, шаштараз, пластикалық ыдыстар, сұйықмай өндірісі, ағаш өңдеу цехтары бар. Диірмен мен наубайхана, мал бордақылау алаңы, көлік доңғалағын жөндеу шеберханасы, газ құю бекеті, учаскелік полиция пункті, жасанды жамылғысы бар шағын футбол мен балалар ойын алаңдары, хоккей қорапшасы және үш спорт залы бар.

Ауылдың көркем табиғатынан қуат алып өскен қарақоғалықтар өзі туған топырағын барынша қадірлеп-қастерлейтіні басқа жұртқа үлгі болатын қасиет. Төрт түлікті түлетіп, табыс көзін тапқан кәсіпкерлер кез келген шаруаға жұдырықтай жұмылып, ел үшін жақсы істер тындыруда. Ауылда тыныштық пен тәртіп орнату мақсатында жеке кәсіпкерлердің қолдауымен бірнеше көшеде бейнекамералар орнатылған. Қарақоға ауылында қаңырап, қираған, бос тұрған үй жоқ. Керісінше заманауи үлгіде салынған үйлер қатарға қосылып, ауыл кеңеюде. Түтіні түзу ұшқан ауыл адамдары жаңаша өмір сүрудің үлгісін көрсетіп, тұрмыста тарықпай отыр десек, қателеспеспіз.

Осындай қызу тірлікті көріп, қалайша қуанбасқа?! Ауылдағы үшқабатты мектеп те ауылға ерекше сән беріп тұрғандай. Сан мыңдаған түлекті ұшырған қастерлі білім ошағына соқпай кету мүмкін емес. Қазығы 1971 жылы қағылса да, оқу ғимаратынан қылау таба алмайсың. Іші мен сырты мұнтаздай таза. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында мектептің шатыры ауыстырылып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жылу қазандығы сыртқа шығарылғанын да айта кеткен жөн. Бұдан басқа “ЖНВ” серіктестігінің демеушілігімен бастауыш сыныптың 42 оқушысы тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Қарақоға орта мектебінің директоры Жәния Хайдарова қазақ және орыс тілдерінде оқытылатын білім ошағында 320 оқушы барын айтты. Оның ішінде 50 бала интернатта тұрады. Балаларды 51 ұстаз білім нәрімен сусындатуда. Материалдық-техникалық базасы жақсы мектепте төрт кабинет соңғы үлгіде жабдықталған. Мектеп директорының айтуынша, ұстаздар саны жеткілікті, маман тапшылығы жоқ. Жаңаша оқыту бағдарламасына көшкен оқу ордасында үштілді білім беру жүйесі енгізілген.

Бүгінгі күні бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамтамасыз ету мәселесі де өзекті. Шынын айтқанда, екіқабатты балабақша түгілі, кейбір ауылдағы мектептер оқытуға бала таппай отыр. Ал мұнда, Құдайға шүкір, бала саны жеткілікті. Жас ерекшеліктеріне қарай үш топқа бөлінген балақайлар үшін барлық жағдай жасалған. Іші кең, жарық әрі жылы. Ойыншықтардың да түр-түрі бар. Жатын және ойын бөлмелері, хореографиялық-гимнастика залы қажетті құралдармен жабдықталған.

– “Балапан” балабақшасы 2011 жылы ашылды. Бұрынғы училищенің ғимараты балабақша ретінде қалыпқа келтіріліп, пайдалануға берілді. Екі топ қазақ және орыс тілдерінде оқытылса, бір топ аралас. Қазіргі күні елу бала келеді, оларды бір жарым жастан бастап қабылдаймыз, – деді балабақша меңгерушісі Гүлсана Қапкенова.

Руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы болар ауылдың ажарлы тұрмысын көріп, көңіліміз марқайды. Бүгіндері қарақоғалықтар өзара тату-тәтті, сыйластықпен өмір сүруде. Бастысы тұрмысы түзу халықтың тоқ көңілі бізді қанаттандырды. Ауылдың бәрі осындай болса ғой.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Мағжан Жұмабаев ауданы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика