ЖАЗА БАСҚАН НӘЗІК ЖАНДАР

Осыдан бес жыл бұрын Явленка ауылының маңында өзенге батып бара жатқан 40 жастағы ер адамды құтқарып, Есіл ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен, Төтенше жағдайлар министрлігінің “Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін” құрмет белгісімен марапатталған 25 жастағы оқытушы Ксения Шестоперованың адам өлтіргені үшін сотталғаны өңір жұртшылығын дүрліктірген болатын. Ол ішімдік ішіп алып, мазаларын ала берген көршісін пышақтап, мәйітті ауласына жасырғанын мойындап, полицияға өз еркімен келген. Тергеу барысында барлық жайттар егжей-тегжейлі қарастырылып, денсаулығына байланысты жеңілдіктер мен адам өмірін құтқарған ерлігі әрі қылмысын мойындап келгені ескеріліп, жазасы жеңілдетіліп, Ксения Шестоперова жеті жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ол қазір темір тордың арғы жағында жазасын өтеуде.

Бұл – әйелдер жасаған бір ғана қылмыс. Ресми мәліметтерге сүйенсек, еліміздің түрмелерінде шамамен 39 мың адам жазасын өтеп жатса, соның үш мыңға жуығы – әйелдер. Жазасын өтеуші нәзік жандардың 59 пайызы 30 бен 50 жас аралығындағылар болса, 20 пайызы 30-ға да толмаған екен. Түрмеде он екі де бір гүлі ашылмаған 18-дегі қыздар да бар, олардың үлесі үш пайызды құрайды. Түзеу мекемелерін зерттеумен айналысатын халықаралық орталықтың деректеріне қарағанда, сотталғандар саны бойынша еліміз әлемде 74-інші орында тұр. Бұл тізімде 2 млн.-нан астам сотталушысы бар Америка Құрама Штаттары көш бастаса, Сальвадор, Түркіменстан мемлекеттері де алдыңғы қатарда. Ал осыдан 15 жыл бұрын Қазақстан бұл тізімде АҚШ пен Ресейден кейінгі үшінші орында тұрған болатын.

Республикамызда соңғы үш жылда жеті түзеу мекемесі жабылған. Мұны қылмыс санының азайғанымен түсіндіруге болады. Бүгінде еліміздегі нәзік жандар алты әйелдер колониясында жазаларын өтеуде. Олар Алматы, Қарағанды, Атырау, Шымкент, Өскемен және Петропавл қалаларында орналасқан. Шымкент қаласындағы колония қауіпсіздігі жоғары, қатаң режімдегі түзеу мекемесі болып табылады. Ал біздің облыстағы әйелдер колониясы 2011 жылы ашылған. Оған дейін бұл мекемеде кәмелеттік жасқа толмағандар жазасын өтеген.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облыста бас бостандығынан айыру орындарында 212 нәзік жан жазасын өтеуде. Олардың 210-ы “ЕС-164/6” түзеу мекемесiнде, яғни әйелдер колониясында, екеуі Ольшанкада орналасқан колонияда отыр, дені – 30 бен 40 жас аралығындағы әйелдер. 2017 жылы түрмедегі әйелдердің саны 174 болғанын ескерсек, биылғы жылдың бірінші тоқсанында ғана олардың саны айтарлықтай көбейгені аңғарылады. Ольшанка елді мекеніндегі “ЕС-164/9” мекемесінде абайсызда қылмыс жасағандар, жазасы жеңіл жандар отырады. Аңғарғанымыздай, өңірімізде жаза басқан әйелдердің басым бөлігі – “ЕС-164/6” түзеу мекемесiнде. Әйелдер колониясында отырғандардың 66-сы облыс тұрғындары болса, 71-і – Қостанай облысынан, 51-і – Ақмоладан, қалғандары – Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар, Жамбыл, Қарағанды және басқа да өңірлерден жіберілген сотталушылар. Сотталғандардың 85 пайызы ауыр және аса ауыр қылмыстары үшін жазаға тартылғанын атап өткен жөн. Яғни, адам өлтіру, есірткі қылмысы, тағы басқалар. Мекеме бастығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Қанат Сүлейменовтің айтуынша, сотталған әйелдер ерлерге қарағанда бостандыққа мерзімінен бұрын шығып жатады.

– Әйелдер колонияда ұйымдастырылатын түрлі шараларға белсене қатысып, өнерлерін көрсетуге тырысады. Ал тәртіп жағынан алатын болсақ, олармен жұмыс істеу әлдеқайда қиынырақ. Көбінесе, басқа өңірлерден келетін азаматшалар тәртіпке бағынбай жатады. Ереже бұзып, тәртіпке бағынбағандарға қосымша жаза берілсе, тәртібі жақсы сотталушылар үшін жеңілдіктер қарастырылған. Биылғы жылдың басынан бері мекемеден 17 әйел мерзімінен бұрын босатылды. Ал төртеуі берілген жазаны толық өтеп, бостандыққа шықты, – деді Қанат Елубайұлы.

Мекемедегі ең жасы – Қостанай облысының 1996 жылғы тұрғыны. Ол жәбірленушіге ауыр дене жарақатын салғаны үшін үш жылға қамауға алынған. Ал, керісінше, ең үлкенінің жасы 67-де. Жазасын өтеуші 2016 жылы есірткі сатқаны үшін 10 жылға сотталған.

Қанша адам болса, сонша тағдыр бар, түрмеде отырған әйелдердің де әрқайсысының өз тағдыры, басынан кешкен оқиғасы, өз шындығы бар. Мәселен, былтыр жаңа туған жиенін пешке өртеп, жан түршігерлік қылмысқа барған әйел де осы мекемеде жазасын өтеп жатыр.

– Жаза басқан әйелдердің қатесін түсініп, қылмысқа қайта бармауы үшін мекемеде тәрбие жұмыстары жүргізіледі. Колонияда еңбек етумен қатар, оқыту жағы да қарастырылған. Сотталған әйелдер диплом да ала алады. Яғни, түрмеден босап шыққаннан кейін жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие. Ал колонияда еңбек ету арқылы олар мемлекетке қарызын өтейді, – дейді Қанат Сүлейменов.

Мекемеде сотталғандармен үш психолог жұмыс істейді. Олардың айтуынша, әйелдер қылмысқа түрлі себептермен барады екен. Соның арасында отбасындағы кикілжің, алкогольді ішімдікке тәуелділік, ақшаның жетіспеушілігі, тағы басқа себептер жиі кездеседі.

– Мекемеде адам өлтіру фактісі бойынша отырған әйелдер көп. Мұның себебін олардың қолайсыз отбасынан шыққандығымен, алкогольді ішімдікке және темекіге әуестігімен түсіндіруге болады. Ал алаяқтыққа, әйелдерді көбінесе, ақшаның жетіспеушілігі итермелейді. Топтық қылмысқа баратындар да жиі кездеседі. Мәселен, ағасы екеуі өздерімен бірге пәтер жалдап тұрған адамды өлтіріп, 15 жылға сотталған әйел отыр. Ал ең ұзақ мерзімге сотталған 45 жастағы әйел, бірнеше қылмысқа бірден барған. Психиатриялық аурухананың бұрынғы меңгерушісі қызмет бабын асыра пайдаланып, бірнеше қызметкермен бірлесіп, науқастарды өлтіріп, мал-мүлкін өз аттарына аударып отырған. Ол 25 жылға қамауға алынды. Түрмеде жаңа туған нәрестесін өлімге қиған қыздар да бар, – дейді психолог Юлия Зель.

Түрмелерді зерттеу халықаралық орталығының мәліметінше, темір тордың арғы жағында отырған әйелдердің дені тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Осы орайда, әйелдер арасындағы қылмысты азайтуда оларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алудың маңызы зор екені сөзсіз. Алдын алу жұмыстарын жүргізудің арқасында әйелдерге қатысты жасалған қылмыстар 2016 жылы – 1,2 пайызға, 2017 жылы – 18,6 пайызға, 2018 жылдың 3 айы ішінде 2 пайызға төмендеді. Облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің алдын алу және түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 2018 жылдың 3 айында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған қылмыстар 60 пайызға төмендеген.

– Үкіметтік емес ұйымдармен тығыз қарым-қатынас жасалып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі бойынша оқу орындарында, ұйымдарда, кәсіпорындарда талқылаулар, семинарлар, “дөңгелек үстелдер” өткізіліп тұрады. Жыл басынан бері “Әйелдерді қолдау орталығы” қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, 120 адамды қамтыған екі іс-шара ұйымдастырылды. Биылғы жылдың үш айында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жәбір көрген 211 әйелге көмек көрсетілді. Петропавл қаласының және Қызылжар ауданының жергілікті полиция қызметкерлері “Әйелдерді қолдау орталығы” қоғамдық бірлестігі жанындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандарына арналған қабылдау орнына 10 әйел мен 10 баланы орналастырды, – дейді облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы Арыстан Сұлтанғазиев.

Статистикалық мәліметтер әйелдер арасындағы қылмыстың азая түскендігін көрсеткенімен, жоғары айтылған қатыгез әрекеттер жаға ұстатпай қоймайды. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аналардың қылмысқа барып, біреудің жанын қиып немесе алаяқтық жасап, есірткі сатып, түрмеде отырғаны жанға батады. Әйелдің орны түрме емес. Олар бала-шағасына аналық мейірімін төгіп, шаңырақтың берекесін келтіріп, төрде отыруы қажет еді ғой.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика