ЖАСТАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ

Өмірімнің қырық жылдан астамын ұрпақ тәрбиесіне арнаған менің Елбасымыздың “Президенттің бес әлеуметтік бастамасы” атты халыққа Үндеуінен алған әсерім зор болды. Одан “Жастар болашаққа сеніммен қарайтын болды ғой” деген ой түйдім.

Өзіңіз ойлап қараңыз, тұрғын үй несиесін бұрынғыдан да қолжетімді ету – ең алдымен, жас ұрпақтың қамы. Мектеп бітіріп, мамандық алып, үлкен өмірге араласқан жастардың алдынан шығатын ең үлкен мәселе – осы баспана жайы емес пе? Қазақтың қаншама талантты ақыны осы баспана жырын жырлап өтті. Құдайға шүкір, соңғы жылдары елімізде құрылыс саласы өркендеп, талай адам үйлі болып жатыр. Ал Елбасының жаңа тапсырмасы бұл үрдісті – жастарды тұрғын үймен қамту ісін бұрынғыдан да жылдамдата түсетіні анық. Оның айқын мысалына жолым түсіп Петропавл қаласына келгенде куә боламын. Кешегі “Бензострой”, ДСР шағын аудандары бүгіндері сәулетті тұрғын үйлер мен ғимараттар бой көтерген, облыс орталығына көрік беретін жерлерге айналған. Көптеген жастар жаңа үйлерден пәтер алып жатыр, оған неге қуанбасқа?!

Елбасы көтерген өзге бастамалар да жастарға тікелей қатысты. Мысалы, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студенттердің жатақхана жағдайын жақсарту деген керемет емес пе. Жас кезінен кісі есігін жағаламай, заманауи жатақханада алаңсыз білім алған студенттің жан-жақты маман болуына жол ашылады.

Жаңадан қосылатын 20 мың мемлекеттік грант та білімге қол созған талапты жастың қолтығынан демеу болатын үлкен іс. Биыл М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне бөлінетін грант санының бес есе өсетінін жуырда өзімнің сүйікті басылымым – “Солтүстік Қазақстан” газетінен оқып, тағы да бір қуанып қалдым. Бұл біздің түлектеріміздің көрші елде емес, Петропавл қаласында жоғары білім алып, мамандық игеруіне беріліп отырған зор мүмкіндік. Кәсіппен айналысамын деген жандарға да мемлекет тарапынан берілетін шағын несиенің мөлшері өлшеусіз көбейгелі тұр. Осы игіліктің бәрі Қазақстан жастарының алдында жаңа бір асу, сенімді серпін тұрғанын көрсеткендей.

Менің пікірімше, көтерілген барлық бастама ауқымды әрі салмақты, онда қазақстандықтарды толғандырып келе жатқан маңызды мәселелер қамтылған. Ондағы барлық мәселелер халқымыздың әлеуметтік ахуалын жақсартуға бағытталған. Нақтылай айтқанда, бұл бастамалар арқылы баспанамен қамту, салықты төмендету, білім беруді сапалы әрі қолжетімді ету, микрокредитті кеңейту, газдандыру секілді маңызды мәселелер шешімін таппақ.

Бұл өз кезегінде еліміздің әлеуметтік тұрғыда дамуына мүмкіндік береді.Осы арада ерекше тоқтала кетер жайт, әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан, Елбасымыз бірінші кезекте елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, қарапайым халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға баса назар аударып келеді.

Рахмет ЖҮСІПОВ,

ардагер-ұстаз.

Қызылжар ауданы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика