ЖОЛ ТӘЖІРИБЕ АЛАҢЫ ЕМЕС

Жүргізуші куәлігін алып, “темір тұлпарды” тізгіндеген әрбір адам, ең алдымен, жолдағы жауапкершіліктің маңызын түсінуі керек. Бүгінгі заманда көлік басқару қажеттілігі күн сайын артып, жүргізушілер қатары көбеюде. Бірақ сол жүргізушілердің арасында өзінің ғана емес, өзгелердің қауіпсіздігіне қатер төндіретіндері аз емес. Рөлге отырғандар арасында жылдамдықты шамадан асырып, қауіпсіздік белбеуін тақпайтындар, жол жүру ережесін білмейтіндер мен елемейтіндер де бар.

Үстіміздегі жылдың басынан бері жергілікті тәртіп сақшылары жол жүру ережесіне қатысты 19 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Өткен жылы бұл көрсеткіш 86 мыңды құраған. Жазаланғандар арасында жүргізушілердің қатары көбейіп бара жатқаны алаңдатады. Өйткені, нақ солардың жауапсыздығы мен ережелерді білмеуінің салдарынан көлік апаттарының саны ұлғайып, азаматтар жарақат алып, ажал құшып жатыр.

Соңғы уақытта көлік тізгініне отырғандардың тең жартысы – автомектептердің есігін ашпай-ақ, көлік жүргізуді өз бетінше меңгеріп, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында емтихан тапсырғандар. Бұл – жол қозғалысы ережесінің теориясына қатысты тест сұрақтарына әркім дайындала алады деген сөз. Ал тәжірибені қалай меңгермек?

Жүргізушілерді дайындап жүрген мамандар да дабыл қағуда. Олардың айтуынша, жол қозғалысы ережесі бойынша тест сұрақтарын жаттап алу жеткіліксіз. Компьютер тәжірибелі маманның орнын алмастыра алмайды. Өйткені, білікті маман ережелерді оқытумен қатар, жол бойында орын алатын жағдайларды көз алдыңызға елестете отырып түсіндіреді.

2016 жылдан бастап қолданыстағы заңнамаларға енгізілген өзгерістерге сәйкес, “В” санаты, яғни жеңіл автокөлік жүргізу куәлігін алу үшін автомектептерде оқымай-ақ, емтихан тапсыруға рұқсат етілген. “Жүргізуші куәлігін оқымай-ақ алуға болады” деген хабар көпшілік арасында талқыға түсіп, қызу пікірталас туғызғаны мәлім.

Қабылданған өзгерістерден кейін автомектептердің қызметіне жүгінетіндердің қарасы азайған. Петропавлдағы “Автоучкомбинат” автомектебі директорының орынбасары Жанат Қарабаев та бұл жаңашылдыққа қарсы. Оның айтуынша, облыс орталығының өзінде жүргізушілер даярлайтын он автомектеп бар. Көлік жүргізуді оқыту бағдарламасы 228 сағатқа жоспарланған. Оның ішінде медициналық көмек, жол ережесі, жол қауіпсіздігі, көлік құрылысына қатысты сабақтар қамтылған. Тәжірибелік сабақтарда көлікпен жүріп үйренеді. Кез келген адам арнайы курстан өтпей, осындай үлкен көлемдегі материалдарды өз күшімен үйінде меңгеріп шығады дегенге сену қиын.

– Адам өмірі – басты құндылық. Демек, өмірін бағалайтын азамат болса, ол міндетті түрде автомектепте білім алуы қажет. Шәкірттеріміз екі жарым айда білімді тәжірибемен ұштастырып, дайын жүргізуші болып шығады. Оқу курсын тамамдағандар алдымен осы жерде емтихан тапсырып, бітіргені туралы сертификат алады. Кейін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында тестілеуден өтеді, – дейді автомектеп директорының орынбасары Жанат Қарабаев.

“Автоучкомбинатта” жарты ғасыр ішінде көлік жүргізуді үйренген азаматтардың санын дәл айту қиын. Бірақ өңір тұрғындарының кез келгенінен аталмыш автомектеп жайында сұрасаңыз, өздері болмаса да осы серіктестікте жүргізушілікке оқыған таныстарын тізе бастайды. Автомектептегі оқу сыныбының жабдықталуы кәсіптік-техникалық оқу орындарынан кем емес. Сыныптардың ішінде осы заманғы автокөліктердің құрал-жабдықтары, бөлшектері бар. Көліктердің техникалық құрылымын оқытудың тигізер пайдасы зор. Мектепте теориялық және тәжірибелік білім беретін бес ұстаз сабақ жүргізеді. Арасында 40 жылдан астам жүргізушілік өтілі бар нұсқаушы Виктор Елисеевті ерекше атап өтуге болады.

– Мектебімізде оқып шыққандардың шамамен 50 пайызы нәзік жандар болса, 15 пайызы – колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері. Менің ойымша, автокөлікті жүргізуге ер адамдардан гөрі, әйелдерді үйрету жеңілірек. Себебі, олар айтылған тапсырмаларды тез ұғып, ұқыптылықпен, жауапкершілікпен орындайды. Автомектепте оқымай, куәлік алу мәселесі жолдағы жағдайды одан сайын ушықтырады. Сол себепті, ең алдымен, қажетті білімді автомектепте алу маңызды, – дейді Виктор Елисеев.

Көбінесе жол апаттары болған кезде жүргізушілерді кінәлап, олар оқыған автомектептерді жазғырамыз. Бірақ бұған жүргізушілерге көлік тізгінін ұстауға рұқсат беретін құзырлы органдар да жауапты. Облыс орталығындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының жүргізуші куәлігін алушыларға қояр талабы қатаң. Үстіміздегі жылдың басынан бері бес мың азамат сынақтан өтіп, көлік жүргізуге қол жеткізген.

Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында жүргізуші куәлігін беру автоматты түрде жүзеге асырылып, жүргізушілердің біліктілігіне бейнебақылау арқылы баға беріледі. Талапкерлер алдымен 40 сұраққа жауап беріп, одан соң өз білімін тәжірибе жүзінде дәлелдейді. Ол үшін арнайы жол белгілері мен бағдаршамдар орнатылған автодромда көлік жүргізеді. Орталық мамандары талапкер автомектепте оқып жаттықса, бұл сынақтан сүрінбей өте алатындығын да айтады.

– Оқымай-ақ жүргізуші куәлігін алу дегенді құптамаймын. Кез келген мамандықты алу үшін міндетті түрде сол мамандық бойынша оқу қажет. Әрине, өз бетінше көлік жүргізіп, жол қозғалысы ережесін үйренуге де болатын шығар. Алайда, білікті, тәжірибелі ұстаздан үйренетін дүниелер көп. Бүгінде тәжірибесіз жас жүргізушілердің жол-көлік апатына жиі ұшырайтыны – соның дәлелі. Жүргізуші куәлігін алғысы келетін әрбір үміткер автомектепте оқығаны абзал, – дейді мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының бас маманы Жасұлан Дәулетов.

Жол қателікті кешірмейтіні белгілі. Сондықтан көлік тізгініне отырмас бұрын әбден дайындалып,тәжірибе жинап алғанның еш артықтығы жоқ. Автомектепте оқуға кететін бір-екі ай уақыт пен азын-аулақ қаржыны үнемдеймін деп өзіңіздің және өзгенің өміріне қауіп төндіретініңізді ұмытпағаныңыз абзал.

Жанаргүл МЕЙРАМ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика