ЖУРНАЛИСТ — ҚОҒАМНЫҢ КӨЗІ

Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов: “Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі”, – деген еді. Журналистің иығындағы жүктің жеңіл емес екендігін осыдан-ақ аңғаруға болады. Көпшіліктің көңіліндегі сөзді билікке бұлжытпай жеткізіп, соңғы жаңалықтан дереу хабардар ету – жауапкершілігі мол жұмыс. Бүгіндері “төртінші билік” өкілдері бұл міндетті қалай атқарып жүр? Оқырмандардың осы сауал төңірегіндегі пікірлерін сұрап білдік.

Егінбай ҒАБДУЛЛИН, зейнеткер:

– Журналистика – екінің бірі бара бермейтін сала. Тілшінің аузынан шыққан бірауыз сөз отыз рулы елге тарайды. Сондықтан оларға аңдап сөйлеп, ақырын жүріп, анық қадам басу керек. Қоғамдық пікір туғызатындай, оқырманның жадында қалатындай мақала жазып, сюжет шығару оңай шаруа еместігін түсінемін. Бұл тұрғыда өңіріміздің журналистері сенім үдесінен шығып жүр. Газет болсын, телеарна болсын, жедел ақпарат таратып, өзекті мәселелердің шешілуіне атсалысуда. Мен “Qazaqstan”, “Qyzyljar” арналарындағы “Қарекет” “Жүрсіннің жүйріктері”, “Ән – аманат”, “Ұлағат” бағдарламаларын үзбей көремін. Жылда облыстық “Soltústik Qazaqstan” газетін жаздырып, оқып тұрамын. Бұл баспасөз құралы өңірімізде өткір сөз, өрелі пікірімен белгілі.

Дулат ТӘШКЕН,

актер:

– Бүгінгі күннің “төртінші билік” өкілдері өз міндеттерін тиісті деңгейде атқарып жүр деп айта аламын. Журналистер билік пен халық арасындағы алтын көпір іспетті. Өңіріміздегі газеттерді оқып, телеарналарды қарасаңыз, тілшілердің тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, түйткілдің түйінін тарқатуға қолғабыс жасап жүргендерін байқайсыз. Сол себепті, олардың еңбегі лайықты бағасын алып отыруы тиіс. Жоғары технология ғасырында сөздің қадірі кемімесін деген тілегім бар. Өйткені, сөздің құны арзандаған кезде журналистің беделі түседі. Бұған тілшілер де, тұрғындар да жол бермейтініне сенімдімін. Мен “Egemen Qazaqstan” және “Soltústik Qazaqstan” газеттерінің тұрақты оқырманымын. Көтерілген көкейкесті мәселелерді оқып, риза боламын.

Данияр УӘЛИХАНОВ,

студент:

– Әлеуметке қызмет ететін журналистер қауымын төл мерекесімен құттықтаймын. Теледидарда, газет-журналдарда жұмыс істейтін журналистердің қызметі абыройлы. Олардың зерттеу материалдары көңіл қуантады. Сондай-ақ, “Soltústik Qazaqstan” газетіндегі жастарға арналған “Жас қыран” қосымшасы, “Qyzyljar” арнасындағы “ЖасStar” бағдарламасы шығып тұратынын білемін. Қоғамдағы белсенді жастар жайлы репортаждар дайындалса, мақалалар көптеп жазылса басқалары соларға қарап бой түзейді.

Дайындаған

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика