ЖАРИЯЛАНБАҒАН СОҒЫСТЫҢ ЖАУЫНГЕРІ

Көпшілігімізге “Жарияланбаған соғыс” деген атпен мәлім он жылға созылған ауған соғысында қаншама жас жігіттердің от пен оқтың ортасында қалып, қыршынынан қиылғаны белгілі. Зардабы әлі күнге дейін жойылмаған, жүректе өшпестей із қалдырған, бұл қанқұйлы қақтығыс 1979 жылы басталып, 2238 күнге жалғасты. Жат жер, жат ел саналып келген Ауғанстанда 22269 қазақстандық интернационалдық борышын өтеді. Солардың бір мыңға жуығына туған жеріне оралу бақыты бұйырмады. Сұрапыл сұм соғысқа 1500 солтүстікқазақстандық аттанып, 43-і қаза тапты.

Жамбыл ауданындағы Түлкіойнақ ауылының тумасы Болат Майсатаев жиырмаға да толып үлгермеген шағында қан майданға аттанды. Ауылда қалып еңбек етіп, ата-анасына қолқанат болуды ойлаған Болат Архангелкадағы кәсіптік-техникалық училищені бітірген соң, жүргізуші болып кеңшарда еңбекке араласқан. Бірақ 1979 жылдың көктемінде әскер қатарына шақырылып, Өскемен қаласындағы авто-батальонда азаматтық борышын өтейді.

– 15 қаңтар күні біздің батальон аяқ-астынан дабылмен көтеріліп, 160 жауынгер жедел түрде пойызбен жолға шықтық. “Қайда барамыз?” деген сұрағымызға, қысқа да нұсқа: “Әскери бөлім ауыстырылады”, – деген жауап алдық. Терезелері тарс жабылып тасталған пойыз үш тәулік бойына бір тоқтамай жүріп, Термез қаласына келіп тоқтады. Келіп жетісімен жедел түрде әскери машиналарға жайғастық, – дейді өткен күндерінің ұмытылмас бір сәтін еске алған Болат.

Алғашқы кезде жауынгерлер “Қорған” деп аталып кеткен мотоатқыштар полкіне қарайтын әскери бөлімге қосылған. Ал бірер күннен кейін Сырдария өзеніндегі жиналмалы көпір арқылы Ауғанстанның шекарасын кесіп өткен. Хинджян провинциясы маңындағы шағын өткелден өтер кезде дұшпандар автоколоннаны оқтың астына алған. Бұлай боларын күтпеген жауынгерлер қорғану үшін бронетранспортерлердің астына жасырынып, жан сақтаған.

Қатардағы жауынгер, миномётші Болат Майсатаев үстіне “Василек” деп аталатын миномёт орнатылған “ГАЗ-66” маркалы әскери автокөліктің аға жүргізушісі ретінде соғыс өрті барған сайын өрши түскен ауған елінде талай жан түршіктірер оқиғалардың куәгері болады. 1979 жылдың 23 ақпанында болған лаңкестік әрекет Болаттың әлі күнге дейін көз алдынан кетпейді. “Саланг” өткеліндегі туннельден өту кезінде дұшпандар кеңес әскерлерінің автоколоннасын бөгеп, қасақана қапаста қалдырады. Сол жерде 15 жауынгер газға тұншығып, көз жұмған.

Жан беріп, жан алысқан соғыс жағдайындағы достық қарым-қатынас өте қымбат әрі ыстық саналады. Болаттың қимас досы Владимир Дрягин. 1981 жылғы мамыр айының 1-і күні азық-түлік әкеле жатқанда, колоннаны байқап қалған дұшпандар гранатомёттен оқ жаудырған. Сол ұрыста Володя мерт болған.

Ауған еліндегі соғыстан кейін аман-есен үйіне оралған Болат еңбек жолын Жамбыл аудандық ішкі істер бөлімінде жалғастырады. Сол жерде оның омырауына салтанатты жағдайда жоғары награда – “Ерлігі үшін” медалі тағылды. Марапаттың қандай ерлігі үшін беріліп жатқанын Болат кейін түсініпті.

Жағдай былай болған. Әдетте, әскери көліктегі миномёт ұрыс кезінде жерге түсіріліп, оның орналасқан орны әлсін-әлсін ауыстырылып отырады. Бірде Болат жауынгер жолдастарына миномётті жерге түсіріп, жүз метр алшақтау жерге қоюды ескерткен. Сәлден соң дұшпандар миномётті жойып жіберу үшін автокөлікті нысанаға алады. Міне, осылай жерлесіміз соғыс жағдайында әскери қаруды сақтап қалған.

“Әскери борышымызды өтеп болып, Баграм қаласында Ташкентке ұшатын ұшақты күтіп үш тәулік жаттық. Өйткені, бірінші кезекте сол соғыста қазаға ұшыраған жап-жас қаруластарымыздың мәйіттері салынған табыттар жіберіліп жатты. Ташкенттің аэропортына аяғымыз тигенде ғана барып, біз өзіміздің аман екенімізді сезіндік. Өзімізге-өзіміз сонда ғана келгендей болдық. Себебі, дұшпандар ұшақтарды да атып түсіріп жатты ғой”, – деп еске алады Болат сол күндерді.

Кейін облыс орталығына көшіп, қаладағы ішкі істер органдарында қызметін абыроймен атқарып, құрметті демалысқа шыққан Ауған соғысының ардагері өмірінің сол кезеңін еш ұмытпақ емес.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген автор.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика