ҮРЕЙ ТУДЫРАТЫН ҮЙЛЕР

Қызылжарға оңтүстік бағыттан кіретін көше Қожаберген жырау есімімен аталады. Оның бойында бір дәмхана, санаулы ғана тұрғын үй және қаладағы кәсіпорындардың бірінің қоймалары орналасқан. Сол көшедегі 2 қабатты, 8 пәтерлік №24 үйдің жол жақ қабырғасы көкшіл түсті тор материалмен қапталыпты. Содан бері арада біраз уақыт өткен, тор әр жерінен жыртыла бастаған. Әлгі үйдің іші одан да сорақы екен. Төменнен жоғары қарай көз жүгіртіп шықтым. Қабырғалары қопсып түсіп жатыр, төбе де солай, әр жері опырылған. №5 пәтердің есігін қақтым. Зейнет жасындағы Анна Рудзеевамен сөйлестім. Он үш жылдан бері тұратын баспанасы жайлы жыларман күйде баяндады. Үй салынғаннан бері арада табаны күректей жетпіс жыл өтіпті. Қамыс үйдің сырты бертін келе кірпішпен қапталған екен. Үйді он жылдан бері көктем шыға су басады. Тереңдігі екі метр болатын жертөле суға толып тұр. Апатты жағдайдағы үйдің жылу жүйесінен ажыратылып тасталғанына да талай жыл өтіпті. Анна Васильевнаның айтуына қарағанда, қыста үйді жылытуға 6 тонна көмір сатып алуға мәжбүр. Оған бір көлік отынды қосыңыз. Әйтеуір, үйге суық су келеді екен, соған да тәубе.

№4 пәтерде тұратын Валентина Комакованың жасы 74-ке келіпті. Төрт пәтерлік подъезде басына түскен бар қиындыққа шыдап, барар жер, басар тауы болмағандықтан, жалғыз тұрып жатқан жайы бар. Ит байласа тұрғысыз жағдай. Басқа тұрғындар бас сауғалап көшіп кеткен. Бұл қария да маған бейнебір құтқарушысы келгендей мұңын шағып жатты. Ашық-тесік жатқан үй жылы болушы ма еді? Мұндай сәтте Валентина Константиновна киімімен қалың көрпені қымтанып жататын көрінеді. Қалалық әкімдіктегілер: “Үйлеріңіз кешікпей ысырылады. Жайлы пәтер аласыздар. Сәл шыдаңыздар”, – деп басу айтып кеткелі де біраз уақыт өтіпті. Бұл үйдегі 5 отбасы жоғарыдан жақсы хабар жетер деген үмітпен әлі отыр.

Қаламызда апатты жағдайдағы үйлердің саны жиырмаға жуық. Солардың арасында қабырғалары құлап, онда тұратын жандар уақытша басқа жерлерге көшіріліп жатқандары да жоқ емес. Мәселен, жуырда Уральская көшесіндегі ескіріп, тозған тұрғын үйлердің бірінің қабырғасы опырылған. Абырой болғанда, адамдар аман.

Енді қаламыздағы түн былай тұрып, күндіздің өзінде үрей тудыратын басқа ғимараттарға тоқталайық. Театр алаңында мәдени-бұқаралық шаралар жиі ұйымдастырылады. Оларға халық та көп жиналады. “Мәңгілік алау” да сол алаңда орналасқан. Одан сәл әріректе облыстық аурухана тұр. Емдеу мекемесімен жапсарлас, кезінде сол ауруханаға қараған, есік, терезелері баяғыдан бері жоқ, қабырғалары мүжілген, жаздыгүндері қаңғыбастар баспанаға айналдыратын, іші қоқысқа толған 2 қабатты ғимарат бірден көзге түседі. Көне ғимарат әлгі жердің сиқын кетіріп тұрғалы қашан? Аурухана басшыларының айтуына қарағанда, ол кезінде жекешелендіріліп кеткен екен. Содан бері 30 жылға жуық уақыт өткенімен, әлі сол қалпында тұр. Облыстық аурухананың бас дәрігері Юрий Белоног: “Бұл ғимаратқа кешікпей жан бітуі тиіс, оны бір құрылыс компаниясы сатып алғанға ұқсайды”, – деді.

Театр көшесіндегі №54 үйдің де барша жұрт біле бермейтін өз тарихы бар. Сонау Никита Хрущевтің тұсында бұл ауыл шаруашылығын механикаландыру техникумы болыпты. Кейінгі жылдары ауыл шаруашылығы мамандарының білімін жетілдіру училищесі болғаны біздің де есімізде. Екі қабатты бұл ғимарат та талай жылдардан бері жанынан өткен адам сескенетін, саутамтығы жоқ күйге түскен еді. Бүгінде оны қалпына келтіру жұмыстары қызу қолға алынып жатыр.

– Әзірше қандай ғимарат болатынын толық айта алмаймын. Екінші қабатына шағын кеңселер орналасуға тиіс. Бүгінгі күні төбесін, қабырғаларын жөндеп жатырмыз. Ғимараттағы құрылыс жұмыстары биыл аяқталады, – дейді жауапты маман Геннадий Погосян.

Ойқалаға барсаң, жау шапқандай астан-кестені шыққан ғимараттың кезінде облыстық психоневрологиялық аурухана болғаны есіңе түседі. Ондағы шағын бір бөлмеде бұдан бірнеше жыл бұрын темірден түрлі бұйымдар жасайтын цех жұмыс істеген. Соның марқұм болған иесінің айтқан сөзі әлі есімде. Ол осы ғимаратты сатып алып, бастан-аяқ жөндеу жұмыстарын жүргізбек болған екен. Бірақ оның шаруасына кедергі жасаушылар табылып, ойын жүзеге асыртпапты. Қаланың орталығын кесіп өтетін Пушкин көшесіндегі “Старт” дүкені жайлы газетімізде бір емес, бірнеше рет жазылды. Бұл көшемен өтпейтін адам жоқ. Көшенің келбетіне нұқсан келтіріп тұрған, өрт шалған бұл үй қаланың тазалығына, көркіне жауапты бір басшының көзіне түспегені таңдандырады.

Тауфик Мұхамед-Рахимов көшесінде №3 ауруханаға қарсы “менмұндалап” жыртық-жамау, алба-жұлбасы шыққан ғимарат тұр. Бұл – бұрынғы №5 монша. Сап-сау жұмыс істеп тұрған моншаның аяқастынан сатылып кеткенін сол кезде ешкім білмей қалған. Кешікпей монша деген аты жойылып, “Галактика” деп аталатын сырахана болып шыға келді. Содан кейін көп ұзамай мейрамханаға айналды. Ақыры жабылып тынды. Көршілес Уәлиханов көшесіндегі №6 үйдің іргесінде монша-кір жуу орны бар болатын. Оның да қираған қалпын көріп, неге ысырылып тасталмайды екен деген ойға қаласың. Бұл үйді де жаз шығысымен қаңғыбастар мекендейді. Солардың жатын орнына, дәретханасына айналған мұндай ғимараттың тұрғанын кім жақтыра қояр дейсіз? Мен есік алдында отырған қарияға әдейі бұрылдым.

– Бір жылдары бұл үйге ие табылғандай болып еді. Оның іші тазартылып, есік-терезелеріне темірден тор орнатылды. Бірақ көпке бармай бұзылды. Оны араққа құныққан маскүнемдер металл қалдықтарын қабылдайтын жерге өткізіп жіберді. Қазір оның іші қайтадан қоқысқа лық толған. Күн ысыған кезде үйіміздің маңын жағымсыз иіс алып кетеді. Әсіресе, балаларға обал. Балаларымыз бен немерелеріміз осындай көңіл құлазытатын, көзге оғаш көріністі көріп өсіп жатыр. Бұл жерде “Жас дарын” өнер мектебі орналасқан. Білім беретін мекеменің жанында осындай үйдің болуы жөн бе? Мына бір жайтты да айта кетейік. Кейде таныстарымыз үйлерің қай жерде орналасқан деп сұрап жатады. Сондайда олардың бізді тез тауып алулары үшін “Құбыжық үйдің жанында тұрамыз” деп жауап беруге тура келеді, – дейді қария.

Жәлел Қизатов көшесінің бойындағы әйелдер колониясымен көршілес 2 қабатты тұрғын үй еріксіз өзіне назар аудартады. Ақ кірпішпен қапталған. Бірақ қабырғасының жартысындағы кірпіштер құлап, қап-қара болып қарақағазы көрініп тұрғалы неше жыл өткен? Бас көшелердің бірі саналатын бұл жермен де өтпейтін жан жоқ. Уәлиханов көшесінде “Ақ отау” деп аталатын сауда нүктесі бар. Оның да қаңырап бос тұрғанына он шақты жыл өткен. Ашылмай жатып, жабылған әп-әдемі ғимарат не себепті пайдаланылмайтыны тағы белгісіз.

Қызылжар қаласы жылдан-жылға көркейе түсуде. Бірақ келбетіне нұқсан келтіретін, тозығы жеткен, иесіз қалған ғимараттар әлі де баршылық. Міне, солар көшелердің ғана емес, жалпы қаланың көркін бұзатыны алдағы уақыттарда назарға алынып, ескерілсе, нұр үстіне нұр болатын еді.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: қаладағы иесіз қалған ғимараттардан көріністер.

Коллажды жасағандар

автор мен Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика