ӨЗГЕЛЕРГЕ ӨНЕГЕ

Арман қала – Астананың 20 жылдық мерейтойын тамашалауға әркім-ақ құштар болғаны рас. Бірақ бұл бақ кез келген адамға бұйыра қойған жоқ. Кейбіреулердің қолы қысқа болса, басқаларына уақыт тапшылығы, жұмысбастылық бөгет жасады. “APPLECity Distributors” компаниясы “Астана – арман қала” атты ынталандыру бағдарламасы аясында өздерінің үздік қызметкерлеріне мереке күндері кәсіпорын қаржысы есебінен елордаға саяхат жасау мүмкіндігін ұсынды. Сауда-саттықпен айналысатын фирма басшылығы үздіктерді соңғы төрт ай ішіндегі жұмыс нәтижесі бойынша іріктеді. Атап айтқанда, республика бойынша 671 қызметкердің ішінен еңбек өнімділігі ең жоғары екі супервайзер, бір жинақтаушы, логистика бойынша бір өңірлік директор, екі қойма жұмысшысы және неғұрлым көп қызмет көрсетіп, барынша мол тауар тасымалдаған 4 жүргізуші таңдап алынды. Олардың арасында Петропавл қаласындағы өңірлік өкілдіктің екі қызметкері де бар.

Сауда өкілі Нұрбек Мұратов пен жүргізуші Николай Богачев төрт күнге Астанаға саяхаттап, қайталанбас әсерге бөленіп қайтты. Олар шілденің 4-і мен 7-сі аралығында бес жұлдызды “Хилтон” қонақүйінде тұрып, оның барлық қызметтерін қалауынша пайдаланғандарына дән риза. Нұрбек пен Николай 6 шілде күні өткен мерекелік іс-шара ұмытылмас әсер сыйлағанын жарыса әңгімеледі. Ауқымы кең мейрамды алғаш рет көрулері екен. Саясаткерлерді, эстрада жұлдыздарын жақыннан көру де олар үшін таңсық.

“Құлагер” демалыс орнында фирманың салтанатты іс-шарасы – тимбилдинг өткізіліп, онда үздіктерді кәсіпорын басшылығы грамоталармен марапаттады. Одан соң әріптестер пейнтбол ойнап, елорданың мәдениет ошақтарын, Ұлттық мұражайды, “ЭКСПО” қалашығын, “Думан” ойын-сауық орталығын аралады.

Николай да, Нұрбек те жұмыс берушінің қаржысы есебінен мұндай саяхатқа бірінші рет шығыпты. Олар басшылықтың басқа елге, тіпті басқа қалаға емес, еліміздің бас қаласына жолдама сыйлауы дұрыс шешім екенін, осының өзін отансүйгіштіктің айқын көрінісі деп ұғынғандықтарын жеткізді.

Роза ШӘКЕНОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика