БАСПАНАСЫ ЖОҚТАРҒА БЕРІЛЕДІ

“7 – 20 – 25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру” бағдарламасына қатысушы банктердің тізімі анықталып, несие беру басталды. Бұл туралы Ұлттық банктің облыстық филиалында өткен баспасөз мәслихаты барысында оның директоры Диас Мэлс мәлімдеді.

– “Баспана” ипотекалық ұйымы “ЦентрКредит банкі”, “Қазақстан Халық банкі”, “Еуразиялық банк”, “Цеснабанк”, “АТФ банкі”, “RBK банкі” және “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” акционерлік қоғамдарымен келісімшартқа қол қойды. Ал “ForteBank” АҚ-ы мен “Сбербанк” АҚ-ның еншілес банкі үстіміздегі жылдың соңына дейін бағдарламаға қосылуға дайын. Бағдарламаның негізгі шарттары өзгеріссіз қалды. Яғни, жылдық мөлшерлеме – 7 пайыз (комиссиясыз), тұрғын үй құнының бастапқы жарнасы – 20 пайыз, ипотекалық несиенің ең ұзақ мерзімі – 25 жыл, – деді Диас Ержанұлы.

Бағдарлама Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылдың 5 наурызында халыққа арнаған “Президенттің бес әлеуметтік бастамасы” Үндеуін жүзеге асыру аясында әзірленген. Диас Ержанұлы бұл бағдарлама елімізде құрылыс саласына тың серпін беріп, тұрғын үй секторын толығымен жаңартуға мүмкіндік жасайтынын айтты. Бастапқы кезеңде жаңа үйлерге ғана несие беру қарастырылған. Сонымен қатар бағдарламаны жасау кезінде өңірлердегі баспана бағасындағы айырмашылықтар ескерілген. Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларында тұрғын үй сатып алу үшін бағаның ең жоғары шегі 25 миллион теңге болса, қалған өңірлерде 15 миллион теңгеден аспауы керек деп белгіленген. Ипотеканың жалпы көлемі 1 триллион теңгені құрайды.

Бағдарламаға меншігінде баспанасы және басқа ипотекалық қарыздары жоқ Қазақстанның әрбір азаматы қатыса алады. Бағдарламаға қатысушы табысын растайтын құжаттарды, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша өтелмеген берешегінің жоқ екені туралы мәліметті, меншігінде тұрғын үйінің жоқтығы туралы анықтаманы, сатып алатын тұрғын үй құжаттарын және тәуелсіз бағалаушының бағалау есебін ұсынуы тиіс.

Банктер ипотекалық несиелерді бағдарлама талаптарына сәйкес береді. Олай болмаған жағдайда тұрғындар 8 (7272) 27-20-25 тегін нөмірі бойынша хабарласа алады. “Сall-орталық” тәулік бойы жұмыс істейді. Сондай-ақ, толғандырған сұрақтың жауабын www. baspana72025.kz сайтынан білуге болады. Қазіргі таңда бағдарламаның мобильді қосымшасы әзірленуде.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика