ҰСТАЗ ҰЛАҒАТЫ

“Сақтадым өнерменен тағатымды,

Түзедім тірліктегі ағатымды.

Ұстаздық еңбек еттім елу жылдай,

Жан емен бос өткізген сағатымды”, – деп жырлаған ұстаз Сейтен Сауытбеков нағыз сегіз қырлы, бір сырлының өзі еді. Ол ең алдымен аса білікті ұстаз, оған қоса ақын, жазушы, журналист, әнші, суретші, ауыз әдебиетін жинаушы-фольклоршы, әдебиет зерттеуші ғалым, аудармашы болған.

Сейтен Лиманұлы 1908 жылғы 10 мамыр күні сол кездегі Петропавл уезінің Аққусақ болысындағы №4 (Балуан) ауылда туған. Әкесі Лиман көзі ашық, молда болған адам екен. Ол Сейтенді бес жасынан бастап араб әліппесімен оқытыпты. 1925 жылы Сейтен ауылдағы төрт сыныптық мектепті бітіреді. “Ол кезде менің төрт сынып бітіруім көрші алты ауыл үшін институт бітіргенмен бірдей болды. Халық болыстық оқу бөліміне аттана шауып, “Мұғалім боларлық білімді кадр бар”, – деп арыз беріп, ақысын өздері төлемекші болып мені мұғалімдікке тағайындаттырды”, – деп жазды Сейтен Лиманұлы өз естелігінде.

Сөйтіп оның мұғалімдік қызметі басталады. “Халықтың тапқан мектеп үйі шынылары сынған сығырайған үш терезесі бар, еденін сыпырып алған шым үй болып шықты. Ол ауыл тұрғындарының сұрауымен берген Бейсен деген байдың отауы екен. Мектеп заттарын оқушылардың туыстары істеп берді, сынып тақтасы бір табақ қара қаңылтыр болды. Орындық пен үстел жетпегендіктен, біраз баланы төсенішке отырғызуға мәжбүр болдық. Қағаз жетіспейді. Оқушылар қолдарына түскен әртүрлі қағаздардан дәптер құрастыратын, 7-8 оқушыға бір оқулықтан келетін. Мұғалімдік тәжірибе аз, бұрын өзімді мұғалім қалай оқытса, мен де солай оқыттым. Әрі 90 түрлі таңбалы араб әрпімен таныстырып оқытуға тура келді. Осындай қиыншылықтарға қарамай, оқушылар білімге құштарлығын көрсетті. Кейін латын әрпімен басылып шыққан тұрақты оқулықтарды қолдандық”, – деп жазыпты Секең 1991 жылы маған берген естелігінде.

Петропавл педтехникумын бітіргеннен кейін жас мұғалім Төңкеріс ауданындағы Майбалық жетіжылдық мектебіне жіберіледі. Мұнда ол үш жыл мұғалім болады, ал 1931-1936 жылдары осындағы ауыл жастарының мектебінде мұғалім әрі оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарады. Ол кезде елде сауатсыздықты жою науқаны жүріп жатқан болатын. Сондықтан Сейтен мұғалім бастапқы жылдары ересектерді де оқытты. 1934 жылы қыркүйекте Майбалық мектебіне жазушы, ақын Сәбит Мұқанов келеді. Ол келісімен өлең, жыр айтатын мұғалімдер мен оқушыларды жинап, әдебиет, поэзия жөнінен әңгімелер айтып, ойын-сауық кеш өткізеді. Оған Сейтен Сауытбеков, Әділхан Ғабдулхақов, Кәлау Тайжанов сияқты мұғалімдермен бірге Көкен Қопышев, Қайырбек Сыздықов, Қабдол Бегеев, Қабдол Алпысов сияқты әдебиет пен өнерге бейім оқушылар да қатысады.

Сейтен Сауытбеков Көкшетау облысы Рузаев ауданының Гавриловка ауылындағы С.М. Киров атындағы орта мектепте директор болып істейді. Осында қызметте жүріп пединституттың математика факультетінің үш курсын сырттай оқып бітіреді. 1942 жылдың 1 қаңтарынан әскерге алынып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Майданнан аман оралып, Октябрь аудандық оқу бөлімінде инспектор болып істейді. Кейін Балуан сегізжылдық мектебінде, Ленин орта мектебінде директор қызметін атқарады. Сосын Алматыға көшіп барады. Сейтен Сауытбеков мұғалім, директор болып қызмет атқарған мектептердің әрқайсысы да оқу-тәрбие жұмыстарынан алдыңғы қатардағылардың бірі атанды. Оның қолынан өткендердің алды ғылым докторы, партия қызметкері, ауыл шаруашылығы маманы, инженер, журналист болды.

45 жыл ұстаздық өмірінде жетіжылдық білім алмай, мектепті тастап кеткен бірде-бір оқушы болмапты. Ол мектеп бітірген оқушылардың жоғары оқу орындарына түсуіне ықпал жасап отырған. Соның нәтижесінде Балуан ауылының Ақбасов, Мусин сияқты кейбір отбасыларында 3-4 жоғары білім алған адамдар бар.

Оқушыларды білімге, өнерге, қоғамдық жұмыстарға баулумен қатар, мұғалімдік тәжірибесі жоқ жастарды ұстаздыққа үйретуде де Секеңнің еңбегі айтарлықтай. Мысалы, сегіз сыныпты бітірген Шәкен Симамбаеваны Балуан мектебіне орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беруге тәрбиелейді. Кейін ол жақсы мұғалім болып қалыптасып, көпшіліктің құрметіне бөленді. Ауылда жүргізуші болып жүрген Смағұл Байылов үшін халықтан жылу жинап, жетім баланы мұғалімдік оқуға жібереді. Содан ол Балуан мектебінің белді мұғалімінің бірі болады. Секең тәрбиелеген Қ.Мұстафин, Н.Есенжолов облыстағы тәжірибелі мұғалімдер қатарында болды. Мұндай мысалдар аз емес.

Сейтен математикадан ғана сабақ берумен шектелмеген, әдебиет пен тарихты да жақсы білген, өнер, сурет үйірмелерін жүргізген. “Өзім қызмет істеген мектептер көркем өнер жұмыстарынан үнемі алда болды. Мысалы, 1936 жылы Пресновкада қазақ-орыстар слеті болды. Сол мерекеге Майбалық мектебінен концерт апару жұмысы маған жүктелді. Концерт репертуарының басқа түрлерін айтпағанда “Кеңес” күйі мен “Шалқыманы” орындау үшін қазақ домбырасының оркестрін ұйымдастырдым. 1936 жылы мұндай істі біз ғана қолға алған едік. Ол бастамаға халықтың өте сүйінгені әлі есімде”, – дейді ұстаз өзінің естелігінде.

Балуан мектебінде жақсы нәтиже берген жұмыстың бірі ата-аналар университеті болды. Ол туралы оның ұйымдастырушысы, мектеп директоры Сейтен Сауытбеков “Қазақстан мектебі” журналында көлемді мақала жариялады. Бұл жұмыс жөнінде Балуан мектебі облыста бірінші орында тұрды. “Мектеп жұмысындағы қиыншылықтың бірі көрнекілік және техникалық құралдардың жетіспеушілігінен туындайды. Көрнекі құралмен қамсыздандырудың бір жолы – ауыл шаруашылығы жұмыстарына қатысу, саяси үгіт ісінде белсенділік көрсету. “Қызмет қыл да, міндет қыл” дегендей, кеңшар директорынан көрнекі құралдар сатып алу үшін қаржы бөлуін талап еттік. Нәтижесінде Балуан сегізжылдық мектебі көрнекі құралмен қамтамасыз етілу жағынан кейбір орта мектептерден де бай еді. Осындай озық жұмыстар тындырған себепті мектебіміз облыстық тірек мектебінің бірі болды”,– деп жазды Секең.

1968 жылы аудан, облыс жұртшылығы Сейтен Лиманұлының ұстаздық еңбегінің 45 жылдығы мен туғанына 60 жыл толуын салтанатты түрде аттап өтті. Оған 200-ден астам адам қатысты. Қалың жұртшылық зор ризашылығын білдіріп, мерейтой иесін шын жүректен құттықтады. Осыдан кейін ол республикалық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шықты. Алайда, ол бұл шағында да бос отырған жоқ. Алматыдағы республикалық А.С.Пушкин атындағы орталық кітапхананың сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар бөлімінде аға редактор болып істеді. Сондағы жұмысы туралы ол өзінің естелігінде былай деп жазады: “Міндетім араб әрпімен басылған кітаптарды оқып шығып, жүйеге келтіру, олардың мазмұны бойынша карточка жасау... Революцияға дейін басылып шыққан қазақ ақын-жазушыларының кітаптарын түгел оқып шықтым. Ол кезде “Қара таңбалы” болған Ахмет Байтұрсыновтың, Әлихан Бөкейхановтың, Міржақып Дулатовтың, Мағжан Жұмабаевтың кітаптары менің қолыма тимеді. Олар құпия сақтауда жатты. 1980 жылы оннан астам шығыс халықтары тіліндегі кітаптарға көрсеткіш жасап, баспадан шығардым. Өзім араб, парсы, түрік, татар, қырғыз тілдерін білемін. Өзбек, тәжік тілдеріндегі кітаптарды, сөздіктерді пайдаланып оқыдым”.

Сейтен Лиманұлы әр күні мен сағатын шығармашылық істе де тиімді пайдаланды. Өлең, әңгімелер, мақалалар, очерктер жазуды ерте кезден бастаған. Бұрынғы Рузаев ауданындағы С.М.Киров атындағы орта мектепте директор болып істеп жүрген кезде аудандық “Еңбек” газетінде өлеңдері мен әңгімелері басылып тұрды. Өзіміздің “Ленин туы” (қазіргі “Soltústіk Qazaqstan”) газетінде шығармалары жүйелі түрде жарық көрді. 1967 жылы оның “Балуан” атты поэмасы осы газеттің бес нөмірінде жарияланды. Поэма бірден жұртшылық назарын аударып, поэзия жанашырларын елең еткізді. Ақын өзі туып-өскен жердің шежіресін жырына арқау етіп, ұрпағына өткеннің шерлі бір хикаясын айтып берді. Поэманың оқиғасы қандай қызықты болса, көркемдігі де сондай сұлу болып шыққан.

Өмір тәжірибесі мол ақын өлеңді ермек үшін жазбады, оқырмандарына ұлағатты үлгі ұқтырып, ой тастау үшін толғанады. Ол бос сөзге әуес емес еді. Әрбір жыр жолдарында салиқалы сыр қозғап, ой тұнығынан сусындатуға тырысады.

Сейтеннің әртүрлі газеттерде екі жүзден астам мақала, әңгіме, очерктері жарияланды. Сонымен қатар “Қазақстан мектебі”, “Жұлдыз” журналдарында бірқатар педагогикалық, әлеуметтік тақырыптардағы шығармалары жарық көрді. Ал “Балдырған” журналында балаларға арналған өлең, әңгіме, ертегі, жұмбақ, сөзжұмбақ, жаңылтпаштары жиі шығып тұрды. Бұған қоса бірнеше кітаптар жазып, баспадан шығарды. 1972 жылы оның алғашқы туындысы жас бүлдіршіндерге арналған “Өс, бөбек” жинағы шығысымен, кішкентай оқырмандарды баурап алды. Бала психологиясын жақсы білген автор өз еңбектерін түсінікті де қызықты етіп жазды.

Бұдан басқа “Аютас” (1975 ж.), “Үлес” (1978 ж.), “Таң сәулесі” (1981 ж.), “Өртенген өлең” (1984 ж.), “Халықтар достығы” (1985 ж.), “Ақазу арлан” (1989 ж.), “Тағылым тегі” (1995 ж.), т.б. кітаптары жарық көрді. Жалпы оның жастарға арнаған шығармалары мол. Тіпті, тоқсан жастан асқанша қолынан қаламы түскен жоқ.

Секеңде ұстаздық пен жазушылықпен бірге суретшілік өнері де барын айттық. “Адамда өнердің барлық түрінен қабілет нышаны болуы мүмкін. Тек соны сыртқа шығаратын шарттар болады. Орта, тәрбие, өмір әсер етіп, кейін сол өнердің өскіндері көктеп көтеріліп жетіле бастайды. Соғыстан кейінгі жылдары мектепте оқулықтар мен көрнекі құралдар жетіспеді. Сонда мен сурет салуға машықтанып, көрнекі құралдар жасадым, тақпақтар жазып, балаларға үйреттім. Келе-келе сурет салу да, өлең, әңгіме жазу да қызықтырды”, – деген еді ол.

1995 жылы 87 жасында Сейтен Сауытбековтің “Тағылым тегі” атты кітабы жарық көрді. Бұл кітап – қаламгердің қартайған шағында ұсынған тағылымды дүниесі, қазақ этнопедагогикасына қосқан қомақты үлесі болатын. Кітап “Адамның дүниеге келгендегі тұңғыш тойлары” деген тақырыппен ашылады. Адамның бойында туғаннан бастап білу, зерделеу бірте-бірте дами береді. Ұлттық дәстүрлер, әдет-ғұрыптар баяндалады. Одан әрі “Жарыс-қазан, шілдехана, ат қою, бесікке салу, баланы қырқынан шығару, ит көйлек, бесік жыры, тұсаукесер, тәй-тәйлар түсіндіріледі. Келесі беттерде санамақтар, қазақтың тыйым сөздері, 6-7 жастағы балаларға тапсырмалар берілген. Кітапта әртүрлі қысқа ертегі, аңыз- әңгімелер, шешендік, әдептілік, тапқырлық, танымдық материалдар, анық сөйлеуге машықтандырар жаңылтпаштар, мақал-мәтелдер, жұмбақтар келтірілген. Ұстаз-жазушының қандай оқиғаға құрылған аңыз ертегісі болсын, танымдық мәлімет ұсынуымен құнды. Жалпы “Тағылым тегі” жасөспірімдерге жақсы тәлім-тәрбие беретін аса қажетті еңбек болды.

Сейтен Лиманұлының ұстаздық, жазушылық еңбегі бағаланып отырды. Бұған оның көптеген марапаттары дәлел. Ол “Құрмет белгісі” орденінің, он шақты медальдың, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің және Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Құрмет грамоталарының иегері. Оған Оқу-ағарту министрлігінің, облыстық, аудандық атқару және партия комитеттерінің, облыстық, аудандық білім бөлімдерінің мақтау грамоталары, “Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі” атағы берілді. Ол көп жылдар бойы Семиполка селолық кеңесінің депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болды.

Ұлағатты ұстаз, білікті жазушы, ақын Сейтен Сауытбековтің өмірі мен шығармашылығы, еңбекқорлығы – қазіргі және болашақ жастарға аса тағылымды үлгі-өнеге. Оның еңбегі жұртшылықтың есінде мәңгі сақталуы тиіс.

Қайролла МҰҚАНОВ,

білім саласының ардагері.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика