ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР

Адамның өз ортасында айналасына жылылық ұялатып, шуағын шаша білетін ардақты азамат ретінде ауызға ілінуі, құрметке бөленіп, сый-сияпатқа ие болуы, беделінің биіктеуі оның адамгершілігіне, білімі мен біліктілігіне, тәлім-тәрбиесіне, өнегелі өміріне, тағы басқа да адам бойына тән қасиеттеріне байланысты. Осындай ізгі де ілтипатты, текті де көпке танымал, өрісті тұлғаның бірі, ауылымыз Амангелдінің мақтан тұтар азаматы, КСРО және Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің үздігі, “Құрмет белгісі” орденінің иегері, ұлағатты ұстаз Мағел Басыбаев еді.

Ащысы мен тұщысы араласып жататын өмір Мағел ағамызды ерте есейтті. Бозбала кезінен колхоз жұмысына араласты. Ұлы Отан соғысының ауыртпалығы ауылда қалған қариялар, Мағел сияқты бозбалалардың иықтарына түсті. Мағел ағамның бала кезінен арманы, жүрегімен сүйіп қалаған жолы ұстаздық еді. Осы асқақ арман Мәкеңді Қарағандыдағы мұғалімдер даярлайтын институтқа жетеледі. Институтты бітірген Мағел Әлмырзаұлы туған жеріне оралып, Преснов аудандық оқу бөліміне инспектор болып орналасады. Мәкеңнің содан былайғы ғұмыры мектеппен тығыз байланыста өтті. Ол институтты бітірген елуінші жылдардың бас кезінде мектептер жоғары білімді мұғалімдерге өте зәру болатын.

Білім мен білігін, жұмысқа деген айрықша жауапкершілігін байқаған аудандық оқу бөлімі Мәкеңді 1953 жылы Преснов ауданының Ленин ауылындағы жетіжылдық мектепке директор етіп тағайындайды. Білім ұясының әбден тозығы жеткен, ескірген, құлаудың аз-ақ алдында тұрған жайы бар еді. Амалдап кезекті оқу жылын өткізіп, Мағел Әлмырзаұлы жаңа мектеп салу ісін қолға алады. Міне, осы тұста ағамыздың қайраткерлігі, еңбексүйгіштігі жарқ етіп көрінді.

Бір жазда мектеп үйін салып бітіріп, жаңа оқу жылына дайын ету оңай шаруа емес, әрине. Мәкең ел мүддесі үшін тәуекелге бел буды. Еңбекті ұйымдастыра білді. Мектеп құрылысын жүргізуге ауылдың Бақтыбай, Әрін, Мәкентай, Сыздық, Көшербай, Төлеп сияқты еңбексүйгіш адамдарын көмекке шақырды. Талапты жас директорды ел қолдады. Мектеп мұғалімдері де жазғы демалысын осы жұмысқа жұмсады, жан аямай еңбек етті. Ол кезде мектепте ер мұғалімдер қазіргіге қарағанда көбірек болатын. Қайырбек, Бүркен, Әбдіреш, Сұлтан, Ақатай сияқты мұғалімдер уақытпен санасып жатпады, үнемі құрылыс басынан табылды. Ағаштан қиған бөренелердің арасына салатын мүкті ер мұғалімдер ауылдан үш-төрт шақырым жердегі Байжырық көлінен сүзіп жинады. Көлдің балдыры шығып, қиын болып жатса да, шыдап бақты.

Мағел Әлмырзаұлы салдырған мектептен мыңдаған шәкірт түлеп ұшты. Бұл мектеп ел аузында “Мағел мектебі” атанып кетті. Мәкең жұмысты бірдеңе тындыру үшін, жан бағу үшін, көрсеткіш үшін істеген жоқ. Ол алдына мақсат қоя білді. Оның негізгі арқауы ел мүддесіне бағындырылды. Жүрген жерінде жақсылық жасауға, нәтижеге қол жеткен сайын жаңаша сипаттағы ізгілікті істерді жалғастыруға ұмтылды.

Іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетін іспен дәлелдеген Мағел Әлмырзаұлына облыстық оқу бөлімі зор сенім артып, сол кездегі Преснов ауданындағы аралас тілде оқытатын іргелі мектептердің бірі – Жамбыл орта мектебіне оқу ісінің меңгерушісі етіп тағайындады. Оқушы саны көп, екі тілді мектептің оқу ісінің меңгерушісі деген қызмет мектеп директорының жұмысынан да қиын әрі күрделі еді. Бұл жұмыста да ағамыз іскерлік танытты. Мектептегі оқу мен тәрбие жұмысына жастық жалынын аямай жұмсады. Өзінің талғампаз талабы мен табиғи педагогтік таланты арқасында үлкен ұжымды шығармашылықпен жұмыс істеуге бағыттады. Оқу бағдарламаларының орындалуы, сабақ кестесі, әдістемелік жұмыстарға басшылық жасау, мұғалімдердің сабақтарына қатысу және тағы басқа жұмыстар бір сөзбен айтқанда бастан асады. Осы күні орта мектептерде бірнеше адам атқаратын жұмысты ол кезде жалғыз оқу ісінің меңгерушісі қалай ғана үлгеріп тындырғанына бүгінде таңғаласың.

– Терең білімді, талап қойғыш, парасат-пайымы жоғары, әр істі әріден ойлап, ақылмен шешетін басшы еді, – деп еске алады сол кездегі мектеп директоры Мәркен Сандыбаев.

Ұстаздық – Мәкеңнің табиғатында бар қасиет. Оған ағамыздың жұбайы, ұзақ жылдар ұстаздық еткен жеңгеміз Көкен Қалиқызының естелігі дәлел:

– 8-9-сыныпты қазіргі “Дарын”, бұрынғы Калинин атындағы мектеп-интернатта, 10-сыныпты Баян мектебінде бітірдім. Арманым – мұғалім болу. Ол кезде ұстаздардың беделі ерекше жоғары болатын. Қариялар бата бергенде “мұғалім бол” дейтін. Баян мектебіне келсем, институтты жаңа бітіріп келген ығай мен сығай жас жігіттер мұғалім болып қызмет етеді екен. Мағелмен танысып, бір жылға жақын хат арқылы сөйлестік. Хаттар арқылы сөзіміз піскен. Мәкең “Құда түсуге әкемді жіберем”, – дейді. Мен: “Институтты бітірейін, сосын қосылайық”, – деймін. Ол: “Үйленейік, содан кейін оқуға жіберемін, оқытамын”, – дейді. Мен сеніңкіремедім.

Мәкең айтқанын орындады. 1951 жылы Әлмырза әкемнің (атамды “әке” деуші едім) шаңырағына келін болып түстім. Тойымыз өткен соң, ол мені 14 күндесін Қарағандыға мұғалімдер институтына оқуға жіберді. Оқуға жүруге дайындалып, заттарымды жинап болған сәтте Мәкең мұқабасы алба-жұлба, сарғайып кеткен ескі кітапты жол сөмкемнің ішіне салды. “Сен оқуға түседі деп сенемін, студенттік алғашқы айларда сабақ онша қиын болмайды. Сол кезде осы кітапты бір емес, екі рет оқып шық”, – деді. Ол Сәбит Мұқановтың “Адасқандары” болатын.

Асыл жарымның мен оқуға кетерде берген ақылы, осы кітапты оқып, осындағы жат қылықтан сақтансын дегені ғой. Сен сүйтпе-бүйтпе деп ештеңе айтқан жоқ. Сол кітапты оқып шықтым, көп нәрсені ұқтым, ақылыма ақыл қостым, аңдап басып, байқап жүрдім, шалыс кетіп қателеспедім, махаббатымыз шыңдалып, беки түсті. “Адам жанын тәрбиелеудің инженері – ұстаз” деген осы емес пе?! Сол кітапты құрбы қыздарым тегіс оқып шығып, Мәкеңді көруге құмартты. Институтты бітіріп, диплом алған тойымызды Қарағандыда сол қыздармен бірге тойладық”.

Мағел Әлмырзаұлы шәкірттерінің талабы мен дарынын танып, бағыт-бағдарын айқындап, түлетіп ұшырған талантты ұстаз еді. Жамбыл орта мектебінің түлектері, бұл күндері облысымызға белгілі ақындар Зейнолла Әкімжанов пен Тоқтар Зікіриннің әдебиетке деген қабілеттерін байқап, бағыт-бағдар берген де Мәкеңдей ұстаздары екені анық. Мағел ағамның бойынан қайырымдылық пен қарапайымдылық, мейірімділік сияқты қасиеттер тұнбасын байқар едік. Мәкеңнің педагогтік ұқыптылық қасиеті де кейінгілерге үлгі-өнеге.

Ағаммен ауылдас, балалықтың бал дәуренін бір ауылда өткізген Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сафуан Шаймерденов Мағел Басыбаевтың нағыз педагогке тән ұқыптылығын “Ағалардың алақаны” кітабында зор алғыс сезіммен еске алады:

“Мына махаббат “жырының” тағдыры тіпті қызық. 1983 жылы Мағел Басыбаев үйіне шақырып алып, қонақасы бере отырып, жырым-жырым болған бір дәптерді көрсетті.

– Мына дәптерді танисың ба?

Қарасам латын әрпімен жазылған өлеңдер. Қолтаңба менікі секілді.

– Осы дәптерді қырық жылға жуық сақтап келдім, енді өзіңе берсем бе деп отырмын. “Махаббат жыры” осы дәптердің ішінен шықты.

– Алматыда да, елде де үнемі кездесіп жүрміз. Бұрын неге қайтармадың? – деп сұраймын мен жерден жеті қоян тапқандай таңданып.

– Қайтаруды ертерек деп түсіндім.

– Ертерек десең тағы да бес-он жыл сақтай тұрмадың ба?

– Бұдан артық сақтауға болмайды. Кеш қалуымыз мүмкін, – деп Мағел күлді.

Әрине, мен онда Мағелдің мына көріпкел сөзіне мән берген жоқ едім. Туған ауданымның белді азаматы, бүкіл облысқа аты шыққан педагог Мағел Басыбаев сол жылдың аяқ кезінде жол апатынан қаза болды”.

Мағел ағам өзінен кейінгі ізбасар інілерінің оқудағы жетістіктеріне қуанып, еңбектегі табыстарын қолдап, қуаттап отыратын. Университет бітіріп, Жамбыл орта мектебінде қызмет істеп жүрген күндердің бірінде мектеп директоры Мағел ағам кабинетіне шақырды. Бардым. Директордың столының үстінде жатқан екі дәптерге көзім түсті. Мәкең алдында жатқан дәптердің біреуін қолына алып, парақтап ашып:

– Мына жазудың кімдікі екенін танисың ба? – деді.

Қайрош ағамның жазуы екенін таныдым.

– Көкемнің жазуы ғой, – дедім. Жазуы әдемі болатын.

– Ал мына жазу ше? – деп екінші дәптердегі жазуды көрсетті.

– Бұл менің бастауыш сыныптағы “Көркем жазу” дәптерім ғой, аға, – дедім таңданысымды жасырмай.

Кейіннен өзіміз де қырық жылдан аса шәкірт тәрбиелеп, дәріс беру кезінде таза, аса ұқыпты, әдемі жазған оқушылардың шығармашылық жұмыстарын сақтап қоюды әдетке айналдырып, Мағел ағайдың өнегелі ісін жалғастырдық. Нағыз ұстаз жайлы Мәкеңнің өзіндік ой-толғамдары болатын.

“Меніңше, ұстаз – тек бала тәрбиешісі ғана емес, көмекшісі, қамқоршысы. Кейде маған бала қыры сол алуан асқар тауға ұқсап кетеді. Шыңдары аспанмен таласқан оның бір қырына күн сәулесі түссе, сол жағы ерекше жарқырай көрініп тұрмай ма? Ал күннің көзі молынан түспеген жағдайда, тау қара көлеңкеленіп қалары шындық. Ұстаз – сол күн іспетті. Ал ұстаз еңбегі – тауға түскен күн сәулесі. Баланың жақсы қасиеттерін жарқыратып, жаманын көмескілендіріп жіберу, немесе жаманын бақырайтып көзге көрсетіп, жақсысын тұншықтыру да ұстаз қызметіне байланысты”, – деп толғанатын.

Жасымыз сексеннің сеңгіріне аяқ басқан кезде ақылшы ұстаз, баршаға жан тазалығымен, ар тазалығымен үлгі болған Мағел Әлмырзаұлы мектебінің тәрбиесін, өнегесін алғанымызды бұл күндері сағынышпен еске аламыз.

СУРЕТТЕ: бірінші қатарда (солдан оңға қарай) М.Басыбаев 1967 жылы Семей қаласында өткен республикалық педагогикалық оқуда әріптестерінің ортасында.

Қарақат ШАЛАБАЕВ,

ардагер ұстаз.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика