МҮГЕДЕКТІҢ МҰҢЫ

Бұл дүниеде он екі мүшеңнің сау болғанына ештеңе де жетпейді. Тимирязев ауданында тұратын Е.Әділбек – бірінші топтағы мүгедек. Тең құрбыларының алдында асыр салып жүретін жастық шағы төрт қабырға ішінде өтіп жатыр. Анда-санда аулаға шығып, таза ауада серуендегісі келеді. Өкінішке қарай, ол да мүмкін емес. Себебі, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі оның сырқатына сай келмейтін арба сатып әперген.

Ал аталмыш ауданның сегіз жасар тұрғыны А.Квасовқа жас ерекшелігіне мүлдем сәйкес емес мүгедектер арбасы берілген. Ата-анасы балаларға арналғанын береді деп күткен, ал тигені жасөспірімдерге шақталған нұсқасы. Прокурорлар арнайы жүргізген тексеріс барысында мүгедектердің жас ерекшеліктерін, сырқат түрін ескермеу фактілерін Қызылжар, Шал ақын, Мамлют, Уәлиханов және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандар мен Петропавл қаласында да анықтаған. Бұл кемшіліктер жайлы Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы жанындағы заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі консультативтік кеңестің кезекті отырысында айтылды.

Облыстық прокуратураның 3-ші басқармасының аға прокуроры Айтуған Қасқырбаевтың айтуынша, мүгедектердің құқығын қорғау, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуде кемшіліктер бар. Мысалы, Ақжар ауданында санаторлық-курорттық емдеуге жіберу көрсеткіші 27,3 пайыз ғана, тифлотехникалық жабдықтар мүгедектердің 25 пайызына ғана берілсе, сурдотехникалық құралдар мүлдем сатып алынбаған, протездеу-ортопедиялық қызмет 30,4 пайызға ғана орындалған. Осы тектес кемшіліктер барлық аудандарда кездескен.

Аудандық бөлімдер төсек тартып жатқан жандарды арнайы гигиеналық жабдықтармен қамтамасыз етуде де барынша қаржы үнемдеп қалуға тырысқан сыңайлы. Тағы сол Тимирязев ауданында бала кезінен мүгедек К.Канигинге 2017 жылы бар-жоғы 120 жөргек берілген, ал Денсаулық сақтау министрінің 2015 жылғы бұйрығына сай бұл санаттағы мүгедектерге жылына 730-ы берілуі тиіс еді. Бір қызығы, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы арнайы гигиеналық жабдықтармен қамтамасыз етілу көрсеткіші 100 пайызды құрағаны туралы есеп беріп үлгерген.

Аталмыш басқарма басшысының орынбасары Гүлмира Мәулетбаева кембағал жандардың техникалық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілмеу себебін сағызша созылып кететін тендерлердің кесірімен түсіндіруге тырысты. Ал мүгедектер арбасына өтініш берерде кейбірі сырқатының ерекшелігі мен жас мөлшерін көрсетуді ұмытып кететін көрінеді.

– Мүгедектер арбасы да жыл сайын жетілдірілуде. Қазіргі таңда оның бес түрі сатып алынады. Бөлме ішінде жүретіндері – 7 жылға, ал сыртта серуендеуге арналған арбалар 4 жылға беріледі. Осы уақыт өткен соң жаңасына өтініш беруге болады. Жасына немесе ауруына байланысты сай келмейтіндерін ауыстырып береміз, – деді ол.

Әлеуметтік нысандарды бейімдеу ісінде де олқылықтар баршылық екен. Заң бойынша жергілікті атқарушы органдар тұрғын үйлерді, қоғамдық орындарды, әлеуметтік нысандарды кемтар жандар кіре алатындай етіп бейімдеуі тиіс, яғни пандустар орнатылуы керек. Өкінішке қарай, облыстағы 2300 тұрғын үй мен қоғамдық нысанның тек 1284-і немесе 55,8 пайызы ғана қолжетімді. Мысалы, Уәлиханов ауданындағы Ақтүйесай медициналық бекетіндегі пандустың бір жағында ғана жақтау бар, ал талап бойынша биіктігі 0,45 метрден асса екі жағына да қойылуы қажет.

Мүгедектерге арналған автотұрақтар жайы көзбояушылық үшін жасалғандай. Аталмыш аудандағы әкімдіктің алдында мүгедектер көліктерін қоюға болады деген арнайы белгі бар, алайда, бұл тұраққа екі жағынан да кіруге тыйым салынған. Яғни, кемтар жан автотұраққа көлігін қою үшін жол ережесін бұзуы тиіс.

Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша қолдау көрсетіліп, түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Салық кодексінің 403-бабы бойынша барлық топтағы мүгедектер, кемтар баласы бар ата-ананың біреуі жер салығын төлеуден боса-тылған. Алайда, облыста тұрып жатқан 183 мүгедекке жалпы сомасы 75 583 теңге көлемінде салық салынған. Соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғалар, тыл еңбеккерлері де салықтан босатылғанына қарамастан, жауапты орган олардан 483 417 теңге көлемінде қаржы жинап алған. Аталмыш кодекстің 365-бабына сәйкес кембағал жандарға иелігіндегі бір автокөлікке салық төлемеуіне болады. Алайда, 2016-2017 жылдар аралығында 140 мүгедек 2 889 474 теңге көлемінде көлік салығын төлеп келген. Осы тектес фактілер барлық аудандарда тіркелген.

Консультативтік кеңеске келген облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Данияр Жанәлінов өтініш білдіргендердің төлеген қаржылары қайтарылатынын айтты. Ал болашақта мұндай қателік орын алмауы үшін мемлекеттік органдар арасында тығыз байланыс болуы қажет.

– Мемлекеттік органдар арасында дұрыс байланыс жоқ. Мүгедектер туралы ақпаратты жалпыға жария етпеу мақсатымен құпия ұстайды. Ал біз кімнің мүгедек, кімнің сау екенін қайдан білеміз? Былтыр сап-сау жүрген адам биыл кемтар болып қалуы да мүмкін. Сондықтан кембағал жандар жайлы мәлімет мемлекеттік кірістер органдарына жіберіліп тұрса деген ұсыныс бар немесе ортақ ақпараттар базасы жасалғаны жөн. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған жан заңмен берілген мүмкіндікті пайдаланып, салық төлемеуі үшін өзінің мүгедек еместігін дәлелдеп шыр-пыр болуға мәжбүр, – деді департамент басшысы.

Консультативтік кеңес мүшелері анықталған барлық кемшіліктерді жою жөнінде тиісті мекемелерге ұсыныстар жолдады. Болашақта облыстағы мүмкіндігі шектеулі 27 410 жанның заңмен қамтамасыз еткен құқықтарының бұзылмауын прокуратура органдары бақылауға алады.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика