ЖАРТЫ ҒАСЫРДАН КЕЙІНГІ ЖҮЗДЕСУ

Биыл облыс орталығындағы қарашаңырақ – №2 қазақ мектеп-интернатын тамамдағанымызға жарты ғасыр толып отыр. “Елу жылда – ел жаңа”, – дейді дана халқымыз. Шынында да, осынау уақыт аралығында аталмыш оқу орнын аяқтаған 60 ұл мен қыз қолымыздан келгенше өмірден өз орнымызды тауып, бір жаратқанның маңдайымызға жазған белестерінен өттік: оқыдық-тоқыдық, еңбек еттік, үйлі-баранды болдық, зейнеткерлікке шықтық. Әрине, өкінішке қарай, бәріміз бірдей елу жылдың белесіне тай-құлындай тебісіп, бірге жете алған жоқпыз.

Елу жылда жұмыр басымыз не көрмеді? Еліміздің егемендік алғанын да, ХХ ғасырдан ХХІ ғасырға аяқ басқанды да, “мың өліп, мың тірілген” қазақтың социализмнен капитализмге қайта оралғанын да өткердік. Өткен күнге көз жіберер болсақ, облыс орталығының Интернационал көшесіндегі (48-үй) екіқабатты ғимарат көзімізге оттай басылады. Қазір онда Қожаберген жырау атындағы №6 қазақ орта мектеп орналасқан. Бұл – бұрынғы №2 қазақ мектеп-интернатының алғашқы ғимараты. Көнекөздердің айтуына қарағанда, алғаш пайдалануға берілген кезде қаламызда одан биік үй болмаған көрінеді. Біз осы ғимаратқа орналасқан мектеп-интернатта оқыдық. Оның арғы жақ бетіндегі төртқабатты ғимарат, қазіргі “Кочевник” қонақүйі жоғары сыныптарда оқитын оқушылардың жатақханасы болатын.

Біз оқыған кезде мектепті Есіл ауданындағы Жекекөл ауылының тумасы Ғалым Хамзин басқарды. Ғалым Даниярұлы өте мәдениетті, өз ортасына беделді, білімдар жан ретінде есімізде қалыпты. Бізге тарих пәнінен сабақ берді. Оқушыларды ататегімен емес, есімімен ғана атайтындығына, сөйтіп шәкірттерді “тонның ішкі бауындай” жанына жақын ететіндігіне, соншама баланың атын жаңылмай айтатындығына таңданатынбыз.

№2 қазақ мектеп-интернаты өмірлік тәжірибесі мол, өз ісіне шын берілген, тәлім-тәрбиені озық меңгерген, сөйтіп шәкірттерінің жүрегіне жол таба білген ұстаздардың “ұстаханасы” еді. Бұрынғы партизан, физика пәнінің мұғалімі Шәміл Хусаинов, математика пәнінің мұғалімі, сол қолымен ғана жазатын Қиззат Ақбидаев, аса талапшыл, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Мәриям Мырзатаева, орыс тілінен сабақ берген Рәмзия Жақыпова, ұстаздық жолын осы оқу орнында бастаған сол кездегі жас биолог Жақсылық Ғалеев, интернаттағы тәрбие ісінің меңгерушісі, қыздарға дене шынықтыру пәнінен сабақ берген бұрынғы офицер Василий Курилов, өз анамыздай болып кеткен тәрбиешіміз, күні бүгінге дейін ақылшымыз болып жүрген Дәметкен Айтбаева, биолог Тәнзу Қадырова, математик Ғалым Қадыралин, ағылшын тілінің мұғалімі Албина Абдразакова, химик әрі сынып жетекшіміз Жәмила Сүлейменова, тарихшы Алма Қалиева, тәрбиеші Евдокия Кузнецова және тағы да басқа білікті педагогтер мен тәрбиешілеріміз жайлы толғанбай айту мүмкін емес. Аты аталған абзал ұстаздарымыздың дені қазір бұл өмірде жоқ. Алайда, олардың асыл бейнесі осы қасиетті шаңырақтан білім нәрімен сусындаған, тәрбиесін көрген шәкірттердің есінде ұзақ сақталары айдай анық.

Сонымен өрімдей 60 қыз бен ұлдың мектеп партасынан қол үзіп, соңғы қоңыраудың сыңғырымен ұшқан ұясымен қимай қоштасқанына, ұлағатты ұстаздарынан, отбасыларынан, ата-аналарынан көрген тәлім-тәрбиесін ескек қылып, өмір-өзеннің асау толқынына қойып кеткеніне 50 жыл толып отыр. Осы жарты ғасыр – №2 қазақ мектеп-интернатының 1968 жылғы түлектерінің тарихы, жүріп өткен жолдары.

Таяуда мектеп түлектерінің бір тобы қарашаңырақта болып, өзіміз оқыған кабинеттерді араладық, сүйікті тәрбиешіміз Дәметкен Есләмқызының жүрекжарды сөзін тыңдадық. Екінші анамыздай болып кеткен осы абзал жан облыс орталығындағы жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін біз оқыған сыныпқа тәрбиеші ретінде 6 жыл жетекшілік еткен. Сондықтан “А” сыныбын аяқтаған оқушылардың интернаттағы, сабақтан тыс уақыттағы өмірі тәрбиешімізге бес саусақтай аян. Оның үстіне жас ұстаздың ең алғашқы тәрбиеленушілері болғандықтан ба, күні бүгінге дейін бізге деген ықыласы ерекше. Біздің құрметіміз де сондай.

Елужылдық кездесуге келгендердің дені бұл күні зейнетте. Дегенмен, Алматы қаласында тұратын Әміржан Қалиев әлі бір іргелі компанияның президенті екен. Сыныпты күміс медальмен аяқтаған Шағрап Құсайынов Бескөл аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы болып абыройлы қызмет атқарды. 13 жылдан бері өздері құрған “Nursu Plus” ЖШС-да су тазалайтын-тұщытатын қондырғылар жасап, еліміздің 7 облысын таза сумен қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосып келеді.

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, киноактер Асылболат Смағұлов көпшілікке, оның ішінде солтүстікқазақстандықтарға теледидардан көрсетілген “Жиһанкез” хабарының жүргізушісі ретінде жақсы таныс. Ол ара-тұра елімізде шығып жатқан көркем фильмдерге де түсіп қояды. Асекең халық әндерін бұзбай, нақышына келтіре орындауымен де ерекшеленеді. Суретшілік қабілеті де зор. Соңғы жылдары Мағжанның “Қойлыбайдың қобызы” поэмасы, Ақан сері мен Құлагер тақырыбы бойынша майлы бояумен салған картиналарын, пейзаждарын, портреттерін ерекше атауға болады.

Сыныбымыздан шыққан үшінші ұшқышымыз Маралбек Мұстафин зейнет жасында да жеке кәсіпкерлікпен айналысса, гидрогеолог Шалабай Жүсиев әлі де таңдаған мамандығын нәсіп етуде. Осы күні кездесуге келген замандастарымыздың әрқайсысы туралы ұзақ сөз қозғауға болады. Олар жайлы Баян Баймұқанова, Марал Оспанова мен Мұхамедияр Шаяхиннің ұйымдастыруымен шыққан “50 жыл – ғұмыр-дастан” атты өмірбаяндық-библиографиялық жинақта толық баяндалған. Аталмыш кітаптың тұсауын ұстаздарымыз Дәметкен Айтбаева, Рәмзия Жақыпова мен Жақсылық Ғалеев кесті. Асылболат Смағұлов картиналары енген фотоальбомды мұғалімдері мен сыныптастарына тарту етті.

Осы күні мерейтой иелері орталық “Қызылжар” мешітінде болып, о дүниелік болған ұстаздары мен сыныптас жолдастарымызға Құран бағыштаттық, шеттен келген жолдастарымызбен бірге “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенінің жәдігерлерін тамашаладық.

Нұрсайын ШӘРІП.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика