ІЗГІ ЖҮРЕКТІ ЖАНДАР

Петропавл қаласындағы “City Mall” ойын-сауық кешенінде қайырымдылық жәрмеңкесі өтті. Игі шараның мақсаты – ауыр дертке шалдыққан төрт жасар Расул Нұржанды қолдау және оған барынша көмек көрсету. Расулдың диагнозы – энцефаломиелит, яғни орталық жүйке жүйесінің зақымдануы.

Осыдан төрт ай бұрын Расул қатарластарынан қалмай балабақшаға барып, өзінің төртінші туған күнін тәтті қылығымен асыр салып атап өткен болатын. Денсаулығы сыр бере бастаған баланың ұйқысы бұзылып, бір-екі ай ішінде жағдайы нашарлап кетті. Жүруден, тамақ ішуден қалған. Жергілікті дәрігерлер бүлдіршіннің орталық жүйке жүйесінің өте сирек ауруға шалдыққанын анықтады. Бірақ нақты диагнозы әлі нақтыланған жоқ. Астана мен Ресейдің Омбы қалаларындағы емханаларда жасалған тексерістер де еш нәтиже бермеді. Бүгіндері Расулды Кореядағы емдеу мекемелерінің бірі қабылдауға дайын. Бірақ медициналық тексерістен өтіп, емделу үшін қомақты қаражат қажет.

“Бақытты балалық шақ” деген ұранмен өткен қайырымдылық жәрмеңкесі аясында арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, түрлі аукциондар өткізіліп, киім-кешектер жеңілдікпен сатылды. Осылайша, кеңпейілді жандардың көмегімен айналасы бірер сағатта бір жарым миллион теңгеден астам қаражат жиналды. Бұл қаржының барлығы Расулдың емдомына жұмсалады.

Жанаргүл МЕЙРАМ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Текстиль для дома, Вышивка, Фурнитура, Ткани
автоновости