БЕЛСЕНДІ ДЕМАЛЫС

Сенбі күні “Пестрое” көлінде аймақтық “Мөңке күні” мерекесі өтті. Көпшіліктің көңілін бір марқайтып тастайтын осы шараны үш жыл қатарынан облыстық мейрамханалар мен мейманханалар қауымдастығы және “Мерекелі қала” агенттігі ұйымдастырып келеді. Ал оларға жыл сайын белсенді қолдау көрсетушілер – облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы, балық спорты федерациясы, облыстық кәсіпкерлер палатасы, орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аймақтық инспекциясы.

Жарысты ұйымдастырушыларды саламатты өмір салтын насихаттаушылар деп те түсінуіміз керек. Сондай-ақ, бұл шара ішкі туризмді дамытуға бағытталып отыр. Балық аулауды кәсіп етіп, оған әбден әуестенгендер қысы-жазы ауа райының ыстық-суығына қарап жатпайды. Мөңке мерекесіндегі жарысқа қатысушылардың арасында балық аулаудың біз білмейтін қыр-сырын меңгергендер де болды. Оны жарыс кезіндегі қимылдарына, түрлі әрекеттеріне қарап аңғардық.

Үш сағатқа созылған жарысқа 35 балықшы қатысты. Сайыс екі кезеңнен тұрды. Біріншісі, балық аулауға, екіншісі, мерекелік дастарқанға арналды. Екінші кезең бойынша өткізілген шараның өз қызығы бар. Қаланың бірқатар мейрамханалары мен дәмханаларының 20 аспазы 250 литр балық сорпасын пісіріп, жарысты тамашалауға келгендерге дәм татырды. Балықшылардың өздері де осы істе белсенділік танытып, 100 литр сорпа дайындады. Балық – пайдалы тағам. Оның еті дәрумендерге бай болғандықтан, адам денсаулығын жақсартуға көмегі зор. Концерттік бағдарлама да мерекеге келгендердің көңілінен шықты. Оның барысында спорттық және отбасылық сайыстар өткізілді.

Жарыс өзінің мәресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды. Жалпыкомандалық есеп бойынша Петропавл қаласының балықшылары 9 килограмм 85 грамм балық аулап, бірінші орынға ие болды.

 Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика