ӘЙЕЛ —ҚОҒАМ ТІРЕГІ

Әйел – бір қолымен әлемді, екінші қолымен – бесікті тербетеді. Ол – үйдің киесі ғана емес, қоғамның тірегі. Ең бастысы, қыз-келіншектер қоғамның тең құқылы мүшесі. Елімізде жүргізіліп жатқан гендерлік саясат та осы мүддені қолдайды.

Петропавлда өткен “Жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріндегі кешенді гендерлік тәсілдің қағидалары” атты кеңеске қатысушылар гендерлік саясат жайлы ойларын ортаға салды. Облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек заманауи қазақстандық қоғамда гендерлік саясат мемлекеттің басым бағыттарының бірі болып табылатынын, мемлекеттілігімізді нығайту және қоғам жаңғыруының маңызды ресурсы екенін айтты.

– Гендерлік саясатты жүзеге асыруда біздің өңірде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда облыс тұрғындарының 52,5 пайызын әйелдер құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының арасындағы қыз-келіншектердің саны өсті. Қазір 271 депутаттың 62-сі – әйел. Яғни, бұл республикалық орташа көрсеткіштен 28,5 пайызға жоғары. Мемлекеттік қызметте де қыз-келіншектердің үлесі 63 пайызды құрайды, – дей келе Дәурен Жандарбек экономика саласында әйелдердің үлесі артқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, әйелдер басқаратын кәсіпорындар саны жыл санап көбеюде. Біздің өңірде әрбір төртінші әйел кәсіпорын басқарады. Шағын және орта бизнесте де нәзік жандар белсенді. Сонымен қатар білім және тағы басқа салаларда тізгінді ұстаған қыз-келіншектер көп. Соңғы төрт жылда әйелдердің жұмыссыздығы азайғанын айтқан облыс әкімінің орынбасары біздің өңірде гендерлік саясат үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе жүргізілетінін атап өтті. Әйелдердің құқығы мен мүмкіндігін кеңейту мәселелерімен он екі үкіметтік емес ұйым айналысады. Бұл бағытта өткен жылы облыстық деңгейде – он, биыл сегіз жоба жүзеге асырылуда.

Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссияның қолдауымен өңірде ұйымдастырылған ауқымды шараға аудан әкімдерінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарлары, басқарма басшылары, ауылдық округ әкімдері және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен бұл кеңес қатысушылардың қызығушылығын тудырғанын ерекше атап өтті.

– Жергілікті атқарушы ұйымдар үшін еліміздің бірнеше өңірінде кеңес өткіздік. Бұл шараның басты мақсаты – жергілікті билік өкілдеріне ерлер мен әйелдердің тең құқықты екенін түсіндіру. Жергілікті жерде шешім қабылдау деңгейінде қызмет етіп жүрген азаматтарға кеңес беруде біздің білікті сарапшыларымыз тәжірибелерімен бөліседі, – дей келе Ләззат Сүлеймен әйелдердің әлеуетін арттыруға бағытталған шараның маңызы зор екенін айтты. Сондай-ақ, ол облыс әкімі Құмар Ақсақаловпен кездесуде өңірді дамытуға бағытталған ауқымды стратегиялық жоспарлардың барын естіп, облыстың дамуына нәзік жандардың қосар үлесі айрықша екенін атап өтті. Ал “Шығармашылық бастамашы әйелдер лигасы” қоғамдық бірлестігі басқармасының төрайымы, әйелдер ісі бойынша ұлттық комиссия мүшесі Әсия Хайрулинаның айтуынша, әйелдер көшбасшылығы және саяси, әлеуметтік, экономикалық салаларға белсенді қыз-келіншектерді тарту жалпы қоғам үшін маңызды. Бұл орайда біздің өңірдің нәзік жандары белсенді екенін жеткізіп, жергілікті деңгейде өзара түсіністік қалыптасқанын тілге тиек етті. Жиын соңында облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Бақытжан Сәмиева соңғы жылдары облысымызда белсенді әйелдердің қатары көбейгенін мақтанышпен жеткізді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика