ҚҰРЫШ ҚОЛДЫ ҚҰРЫЛЫСШЫ

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығында орналасқан “ПМК-5” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қызылжар өңіріне танымал құрылыс компанияларының бірі болып табылады. Оны Мамлют ауданындағы Бостандық ауылының тумасы, кәсіби құрылысшы Кәрібай Шаяхин басқарады.

Біз Кәрібай ініміздің отбасымен ауылда көрші тұрдық. Әкесі Қауаш атай мен анасы Үміт апай ауылдың қарапайым жандарының бірі болатын. Отағасы мал фермасында еңбек етті. Қартайған шағында дінге шындап берілді де, ауылымыздың белді бір Құран бағыштайтын адамына айналды. Ал Үміт апай балашағаның тәрбиесімен айналысты. Көрген-түйгені мол адам еді. Ауыл тарихында өз көзімен көргендерді, үлкендерден естігенін жаңылмай айтып отыратын. Есте сақтау қабілеті мықты болғаны соншалық: “Мына оқиға сол жылы болған”, – деп даулы да шүбәлі сөздерге нақты дәлелдерімен нүкте қоятын.

Ынтымағы жарасқан отбасында үш ұл мен бір қыз болды. Осы үйдің үлкен баласы Мәлгаждар ағамыз ауылдың ең үздік механизаторларының бірі ғана емес, бірегейі саналатын. Негізінен бөлімшеде мал азығы – жүгері егіп, оны жинап алумен айналысатын. Сүрлем дайындап болғаннан кейін астық жинайтын комбайнға да отыра беретін бесаспап механизатор еді. Жасынан арақ ішпейтін және темекі шекпейтін. Әділдікті жаны сүйетін. Шындық үшін отқа түсуге бар жан еді. Ақиқат үшін дауласудан да тайынбайтын. Осыдан 1-2 жыл бұрын дүние салған Мәлгаждар ағамыз адал еңбегімен бірге осы қасиетімен де біздің есімізде қалды.

Бұл отбасының бізге тетелесі Сәлкен еді. Бізден бір жас кіші болатын. Оны ауылдастары азан айтып қойған атымен емес, Сәлки дейтін. Ол жоғары білімді Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтында алды. Мамандығы – инженер-механик. Еңбек жолын өзіміздің “Андреев” кеңшарында машина-трактор шеберханасының бақылаушы механигі болып бастады. Техниканы ағасы Мәлгаждар сияқты жетік білетін. Кейін қазіргі Шал ақын ауданындағы “Семиполка” кеңшарында бас инженер болып еңбек етті. Кеңшар тарағаннан кейін сол жерде егістік жер алып, шаруа қожалығын басқарды. Жасымыздан құлын-тайдай бірге өскен жан досымыз денсаулығына байланысты асқаралы алпыс жасқа да жете алмады.

Кәрібай осындай ынтымағы жарасқан отбасында тәлім-тәрбие алды. Оның жақсы оқуына, жоғары білім алуына ағалары үлгі болғаны және қолдау көрсеткені шындық. Сол кезде ауылдық мектепті тамамдаған жастар бір мамандық алып шығуға, қатарларынан қалмауға ерекше талпынатын. Ауылда отырып қалуды, жоғары оқу орнына түсе алмай, елге қайтып оралуды ұят санайтын. Осындай құштарлық пен ұмтылыстан Кәрібай Қауашұлы да шет қалған жоқ. Орта мектепті бітірген соң Отан алдындағы әскери борышын өтеп, 1980 жылы Целиноград инженерлік-құрылыс институтының “Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс” факультетіне оқуға түсті. Оны ойдағыдай аяқтаған Кәрібай ініміз ауылдағы ең алғашқы жоғары білімді кәсіби құрылысшы атанды.

Сол жылы Сергеевка қаласында орналасқан “№2 Петропавловскстрой” тресінің №5 мехколоннасына жолдамамен келді. Онда №2 учаскенің шебері болып еңбек жолын бастайды. 1986-1995 жылдары прораб және №1 учаскенің бастығы қызметтерін атқарады. 1995 жылы қазіргі Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимка ауылында орналасқан “№1 Көкшетау құрылыс” тресінің “ПМК-108" мекемесін басқаруға жіберіледі. Кеңшарлармен бірге құрылыс компаниялары да тараған кезде дәлірек айтсақ, 1999 жылы “Шаяхин К.К.” жеке кәсіпорнын ашып, құрылыс-монтаж жұмысымен айналысады. 2004 жылы Сергеевка қаласында алғашқы еңбек жолын бастаған кәсіпорында “ПМК-5” атауымен жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрып, содан бері осы ұжымды өзі басқарып келеді.

Кәрібай Шаяхиннің құрылыс саласындағы жұмысымен Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның орталығында және Рузаевка ауылында іссапармен болған кезімізде алғаш рет танысқан едім. Бұл тоқырау жылдары қалқиып қабырғалары ғана қалған әлеуметтік нысандарды, оның ішінде балабақшаларды қайтадан қалпына келтіру кезеңі басталған шақ болатын. Аталмыш екі елді мекендегі екіқабатты “Ақниет” және “Алабота” балабақшаларын күрделі жөндеуден өткізіп, Еуропалық үлгіде пайдалануға берген “ПМК-5” ЖШС-нің құрылысшылары екен. Басшысы өзіміздің Кәрібай Қауашұлы болып шықты. Серіктестіктің қолтаңбасын кейін Шал ақын және Тимирязев аудандарынан да кездестірдік.

Әсіресе, қазіргі Қызылжар ауданына қарасты Новокаменка ауылында оралмандарға арналған он үйді 56 күнде тұрғызғаны, сол жылы Мамлют ауданындағы Покровка ауылында үш үйді пайдалануға бергені облыс басшылары тарапынан жоғары бағаланған еді.

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығына кіреберістегі бірқабатты 60 үйден тұратын шағынауданды да екі жылда салып шыққан – осы серіктестіктің құрылысшылары.

Таяуда “Нұрлы жер” мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимка ауылында 50 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы басталғаны туралы жағымды жаңалықты естідік. Жаңа ғимарат нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде бұған дейін салынған көпқабатты үйлердің жанынан тұрғызылмақ. Болашақта осы жерде көпқабатты үйлерден тұтастай шағынаудан құрылатын болады. Мердігері – белгілі құрылыс компаниясы “ПМК-5” ЖШС-і. Оның күшімен бұған дейін ауданда екі 12 пәтерлік, 18 пәтерлік және 50 пәтерлік тұрғын үйлер, Буденное ауылында орта мектеп салынған. Елу пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы республикалық және облыстық бюджеттен қаржыландырылады. Жаңа үйде 17 бірбөлмелік,19 екібөлмелік және 14 үшбөлмелік пәтер болады. Барлық сәйкес инженерлік коммуникациялар, оның ішінде орталық жылыту жүйесі де тартылады. Үйге бейнебақылау камералары мен домофондар да орнатылады екен. Кәрібай Шаяхиннің жаңа бір нысанды салуға кіріскелі жатқанын естіп, іштей қуандық.

Аталмыш құрылыс кәсіпорны соңғы 2-3 жылда облыс орталығында да өз қолтаңбасын қалдыруда. “Береке” шағынауданында 2016 жылы 55 пәтерлік бесқабатты тұрғын үйді пайдалануға берді. Бұл құрылыс нысаны үйімнің жанында болғандықтан, оның батпақты жерге қандай қиындықпен салынғанын жақсы білемін. Оны аяқтай сала, сол кездегі облыс әкімінің ұсынысымен 20-шы шағынауданда еңселі мешіт салуға кірісті. Бұдан екі жыл бұрын басталған құрылыс биылғы 28 тамыз күні салтанатты түрде пайдалануға берілді. Облыс орталығының теріскей жағына ерекше сәулетімен көрік беретін Алланың жердегі үйінің бас мердігері “ПМК-5” ЖШС-і екендігін баса айтқанымыз жөн.

Кәрібай Шаяхин басқаратын серіктестік облыс орталығындағы Г.Жуков көшесінде, бұдан басқа 78 пәтерлі бесқабатты тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, таяу күндері пайдалануға бергелі отыр.

Құрылыс компаниясының Новоишимка ауылында заманауи өндірістік базасы жұмыс істейді. Онда қабырғалық жиһаздар құрастыратын, пластикалық терезе мен есіктер, темір қоршаулар жасайтын, блоктар құятын цехтары мен ағаш ұста шеберханасы орналасқан. Серіктестіктің құрылыс өнімдерін делдалсыз сатуға арналған фирмалық дүкені де бар.

– Алғашында өзімізді құрылыс компаниясы ретінде таныту, тендер жеңіп алу оңай шаруа бола қойған жоқ. Бәрін де басынан бастап, қандай жұмыс болсын қолымыздан келетіндігін ісімізбен дәлелдеуіміз керек болды. Ол сыннан да мүдірмей өттік деп бұл күндері батыл айта аламыз. Таза құрылыс жұмыстарымен айналысқаннан кейін біз бәрін де өзіміз жасауға тиіспіз. Сондықтан ұжым мүшелерімен ақылдаса келе, серіктестіктің базасында білікті сәулеткерлерден құралған сметалық-жобалау бөлімін аштық. Бөлімнің арнайы лицензиясы бар. Құрылыс жұмыстарына байланысты құжаттардың кез келгенін өзімізде жасауға мүмкіндігіміз толығымен жетеді, – дейді серіктестік директоры.

Кәрібай Қауашұлы “Ерен еңбегі үшін” медалімен, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Екі жыл қатарынан “Үздік кәсіпкер” атағын жеңіп алып, түрлі байқауларда бірнеше дипломға ие болды. Зайыбы Зекеш Серкенқызымен екі ұл тәрбиелеп өсірді. Үлкендері Нұрлан – кәсіпкер, Руслан – мемлекеттік қызметші. Бақыттарын еңбектен тапқан ерлі-зайыптылар – үш немеренің атасы мен әжесі. Асқаралы алпыс жасын айтулы жетістіктермен қарсы алып отырған өңірімізге белгілі басшы Кәрібай Шаяхин осындай адам.

Нұрсайын ШӘРІП,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика