Сәбит ҚОНТАЕВ: “ҰЛЫ ІСТЕР ҮНДЕМЕЙ ЖАСАЛАДЫ”

Ғылымның жарнаманы сүймейтінін біле тұра, кейбір ғалымдардың жаңалық аштық деп бір мақаласын бірнеше рет жариялайтыны бар. Содан ба екен, көпшілігі тарихта болған оқиғадан жаңалық жасаудан әлі жалыққан жоқ. Десек те, есімі ел аузында жүрген нағыз ғылымның адамдары жоқ емес. Мәселен, қарағандылық профессор Сәбит ҚОНТАЕВ – жарнамаға мұқтаж емес. Бірақ жарнамалайтын-ақ адам. Шағын мектептер құру тәжірибесін алғаш министрлікке ұсынған “ҚР білім саласының үздігі”, “Ерен еңбегі үшін” медалінің иегері – Сәбит ағаның есімі республикаға танымал. Ол Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданындағы Бексейіт ауылының тумасы. Петропавл қаласындағы №2 қазақ мектеп-интернатын 1966 жылы бітірген. Техника ғылымдарының кандидаты. Бірнеше жыл қатарынан Қарағанды облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының директоры қызметін абыроймен атқарды.

 

Өнеркәсіп болмаса экономика дамымайды

 

– Сәбит аға, әңгімені бірден Елбасы Жолдауының айналасына бұрсақ. Төртінші революция жағдайындағы дамуға өнеркәсіптің астанасы – Қарағандының тікелей қатысы бар. Осы орайда облыс болып білімге қосқан үлесіміз қаншалықты?

– “Төртінші революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” алдымен, экономиканы дамытуды көздейді. Өнеркәсіп болмаса, экономика дамымайды. Біз тек өзгенікін қабылдаушы ел болып қалмауымыз керек. Өйткені, мақсатымыз – бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылу. Бәсекеге қабілетті болу үшін өзіңнен өзгеге өнімнің бір түрін беру керек. Ал өнімді жасайтын – адам. Біздің өңірдің оқушылары өндірістің қайнаған ортасында өсіп келеді. Әке-анасы, достары өндірісте істейді. Сондықтан робот жасауда қарағандылықтардың республикада флагман атануы тегін емес. Өңір оқушыларының ынтасы жоғары. Осы балалар енді дұрыс тәрбие алса дейміз. Бұл мәселеде бәрімізді ойландыратын – мұғалімдер. Оқытушының алдынан өтпеген бала қателікке ұшырайды.

– Сол бала қателікке ұшырамас үшін мұғалім Жолдаудағы жетінші басымдық – “Адами капиталды” мектеп оқушысына қалай түсіндіргені дұрыс? Мәселен, капитал десе ойға алдымен, банк, ақша келетіні рас қой?

– Әлемдік деңгей бойынша бала бойында негізгі құндылықтар қалыптасатыны – 6 жас. Одан кейін оны өзгертем деу қиын. Мектеп қабырғасында бала өзінің кім болатынын білуі тиіс. Мектеп бітірген соң мамандық таңдауға кеш болады. Оқушы мектеп жасынан адами құндылықтарды тани білуі тиіс. Осыны білмегеннен кейін дәстүрлі емес құндылықтарға ауысып кету көп. Адами капиталды, құндылықты дамыту үшін алдымен әдебиетті оқу керек. Бізге ғұламалар өмірі әдебиет арқылы келді ғой. Бұл тұрғыда Елбасының “100 оқулық” жобасын атап айтуға болады. Мысалы, суреткердің салғанын бала түсіне ала ма? Суреттеп бере ала ма? Бала осыларды жинақтау арқылы салыстырып қарай білуі тиіс. Яғни, суреткердің салғанын түсініп оқи алуы керек. Оқу арқылы адами құндылық қалыптасады. Адами құндылық капиталдың басты тірегі екенін білесіз.

– Елбасының “100 оқулық” жобасын адами капиталмен қалай байланыстырдыңыз?

– Капитал дегеніміз – қор. Ақша қоры, кітап қоры дегендей. Мысалы, латыннан аударылған Елбасының “100 оқулығы” – тиімді жоба. Жоба техниканың соңынан кетпей, адами, рухани құндылықтардан ажырамауды көздеп отыр. Осы мақсатта әлемдік авторлардың еңбегі аударылды. Руханилықтан айырылып қалсақ, ел кімге қалады? Ата-бабаның жинап кеткен қорынан ажырап қалмауымыз керек қой. Ойлап қараңызшы, рухани дүниені техника басқара алмайды. Адам басқарады. Сол адамның санасында не бар? Қандай із қалдырады? Сайып келгенде, бұл да адами капитал. Шебер адамдар екеуін де алып жүреді.

 

“Сіз өз тіліңізде неге сөйлемейсіз?” — деді ол

 

– Шеберлік демекші, Американың грантын ұтып алған төрт қазақстандықтың бірі екеніңізді білемін. Американдықтардың білімде қолданатын тәжірибесі қызықтырып отыр.

– Оқушылардың экономикалық білімі бойынша Америкада орыс тілінде дәріс оқыдық. Тегіс экономиканы таңдап алған балалар жиналды. Жетінші сыныптың оқушысы: “Лекцияны қай тілде оқып тұрсыз?” – деп сұрады. – Орыс тілінде. “Неге өз тіліңізде сөйлемейсіз?” – деді. Мен: “Сізге бәрібір емес пе?” – деп едім, “Жоқ, сіздің айтып тұрғаныңызды, Қазақстанды интернет арқылы жақсы білеміз. Біз нағыз қазақпен кездескіміз келді. Қазақтың үнін, әуенін, эмоциясын көргіміз келді”, – деді.

Сонда мен олардың оқыту жүйесінің өзгеше екенін түсіндім. Олар 6-сыныпқа дейін өз бетінше оқып, зерттейді екен. Салыстырмалы түрде оқиды. Осыдан соң алып отырған білімдерінің өмірлік екені көрініп тұрды. Киевте де осыған ұқсас жағдай болды.

– Тәжірибе тарату Киевте қалай өтті?

– Киевте оқушылар қызықты сұрақ қойды. “Сіздерде үлкен кеңістікті алып отырған жер бар. Қалай қорғап келгенсіздер”, – деп сұрады. “Түп қазығымыз – туған жер. Ол жерде ата-бабаларымыз тұрған. Киелі жер – біз үшін аса қасиетті. Жатқа бермейміз, қорғаймыз”, – дедім. Балалар “қалай рухани байсыздар” деп таңғалды. Оларда бәрі ақшамен шешілетінін де жасырмады. Бүгінгі таңда нені жоғалтып жатырмыз? Ал нені алып қалуымыз керек? Бәрін осыдан түсінген жөн. Елбасының “Рухани жаңғыру” дегені осыған саяды.

– “Рухани жаңғыру” аясында өткен жиын барысында облыстық өлкетану мұражайынан белгілі әлемдік психологтермен түскен суретіңізді байқадым.

– Психологтермен Францияға барғанда кездескен болатынмын. Өмірін “Дарынды адамды іздеумен” өткізгенін айтты бір психолог. Оның айтуынша, дарынды адамның дарынын арттырамыз деу бекер. Өйткені, ол – тумысынан дарынды. Содан кейін дарынды оқушыға тек жағдай жасау керек деген ой келді. Мысалы, оның музыкадан хабары бар болса, оған суреттен, спорт жағынан жағдай жасау керек. Өмірге көзқарасын солай ашу керек. Жаңартылған білім мазмұнының мақсаты да – осы.

– Ал Англияға сапарыңыз қалай өтті? Кембридждегі қазақстандықтардың мүмкіншілігі қаншалықты?

– Англияға барғанда “Кембриджге қалай түсу керек?” деген сауал қойдық. Біз олардан физика бойынша оқулықтар бар ма деп сұрадық. “Бізде оқулық жоқ. Физиканың негізгі фундаментальді заңы жазылған шағын кітап қана бар. Қалғаны интернетте тұр”, – деді. “Қаншама қаржыны кітап шығаруға емес, адамның өзіне жұмсау керек. Баланың психологиясын дамытуға, дарынын шыңдауға салу керек”, – деп атап өтті олар.

Кембридж белгілі жобасы бар, шығармашалық әлеуеті жоғары жастарды қабылдайды. Алдымен, олар психологиялық тестілеуге назар аударады. Содан өткен бала бірден қабылданады. Жеке оқытушы береді. Оқушы мұғаліммен жобасын дайындап шығарады. Кейін оны мекемелерге сатады. Дамыған елдер дарынды жастармен осылай жұмыс жасайды. Біз цифрлық жаңа технология арқылы бірте-бірте осыған келеміз.

 

Адамдағы екі тілдің бірі — логика тілі

 

– Жаңа технологияға деп адами құндылықты алмастырып аламыз-ау деп ойламайсыз ба?

– Технология дегеніміз белгілі бір дәрежеге логикалық түрде жету ғой. Өмірде дүниетанудың екі тілі болса, біреуі – логика тілі. Бұл – математикалық символдар тілі. Мұны меңгеру жеңіл. Бұрын біз әдебиетті метофизикалық тұрғыда оқыдық. Екіншісі – образдық тіл. Бұл – әдебиет, музыка, өнер, мүсіндеу. Осы төртеуі арқылы дүниені көруге шығамыз. Сондықтан технология деген логика тілі ғой. Логиканың артында шығармашылық жоқ. Өйткені, шешімі белгілі. Ал екінші образдық тұрғыда ойлайтын адам шығармашылыққа шығады. Бірінсіз бірі жоқ. Сондықтан жаңа технология – нағыз адами құндылықты дамытатын ғылым тілі.

– Жаңа технология – ғылым тілі. Ал озық технология ше?

– Шетелге барғанда көзге түсетіні – жаңа технология. Адамның өмірін жеңілдету мәселесі. Шетелдің жиырма шақты елін араладым. Сөмкеңді көтермейсің. Өздігінен жүретін жасап қойған. Бәрі адамға жағдай жасау мәселесін көтеріп тұр. Осының бәрін техниканы қолданумен жүзеге асырады. Біз де балаларды интеллектуалды озық технологияны меңгеру арқылы жаңасын табуға итермелейміз. Бәрі жобалау, зерттеу арқылы дамиды. Мысалы, біздің балалар “мен солай етер едім деп айтады”.

Ал шетелдік оқушылар дәлелдемесі болмаса, жобаның әр жағын ашпайды. Сондықтан балалар бір-бірімен кез келген тақырыпта сөйлесуге дайын болуы қажет. Бір-бірін тыңдап үйренуі керек. Сонда ғана ғылымға үңіле алады. Пікірталаса отырып өзінің ойын дәлелдейді. Өзін-өзі зерттейді. “Менікі дұрыс” деген сөз тумайды. Озық технологияны қайтсем де меңгерем деп тұрады. Бұл да мұғалімнің шеберлігіне байланысты.

– Шеберлік демекші, бастамаңызбен 43 шалғай ауылдық мектептерді біріктіретін 9 ресурстық орталық ашылды. 70-тен астам ғылыми жұмысыңыз мұрағат төріне қойылды. Жоғары лауазымды қызметтерге шақырғанын да білеміз. Бірақ сіз әлі күнге кеншілер шаһарындасыз. 20 жыл бір институтты басқарудың салмағы қаншалықты, аға?

– Мен көп тәжірибемді шағын жинақты мектептерді дамытуға арнадым. Шағын жинақты мектептерді жинақтау арқылы Тірек мектебін әкеліп, ауылдарға қолжетімді білім беруге жағдай жасадық. Кеңістік жасап беріп, оқушылар бір ортада пікір алмассын дедік. Қарағандының осы тәжірибесін республика қолдануда.

Түпкі мақсатым – қарапайым ауылдың балаларына жағдай жасау еді. Өйткені, өзім де ауылдан шықтым. Бұл тұрғыда маған шебер мұғалімдер ұжымы көмекке келді. Мықты ұжымы болса, басшы кемедегі капитан сияқты болады. Осыдан кейін бір-бірін толықтырып тұратын ұжымды қиып қайда кетесің? Бастысы – мамандығыңды сүю керек. Бұл ғылымға құрметпен қарағаның деп ойлаймын.

– Ғылымға қаншалықты адалсыз?

– Мен – физикпін. Физиктер жарнаманы сүймейді. Оны әрі-бері жұлмалап, өзгеге сүйіншілеген сайын берекесі кетеді. Сондықтан ғылым өзінің кетігін тапқандарды ұнатады. Ұлы істердің үндемей жасалатыны сияқты ғой.

– Аға, білім биігін бағындырған бір басыңызда бірнеше атақ бола тұра, көп жерде үнсіз қалатын қарапайымдылығыңызға таңғаламын. Сыры неде?

– Әкем қазақты сүюге, қазақша сөйлеуге үйретті. Дегенмен, біздің кезде жағдай басқаша болса да, жастайымнан орыстармен тең дәрежеде сөйлесіп, білімімді қазақша жеткізе алатын ғалым болғым келетін. Сол мақсатым орындалған шығар деп ойлаймын. Оған жеткізген – намыс. Нағыз адами капиталды дамытатын осы шығар.

ҚарПИ-да жүргенде маған Евней Бөкетов қазақтарға орыстармен тең дәрежеде білім беруді тапсырды. Сол бағытта іздендім. Өзімнен тәлім алған шәкірттерім де мәртебемді арттырып жүр. Бәрі – намыстың арқасы, соның нәтижесі.

Қазіргі жастар мектеп қабырғасынан намысшыл болып өссе деймін. Ол кеуде керіп “мен қазақпын” немесе “профессормын” деген жай ғана сөз емес екенін түсінетін шығар…

– Әңгімеңізге рақмет, аға!

Сұхбаттасқан

Аяулым СОВЕТ.

Қарағанды облысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика