АЛТЫН ДІҢГЕК

Халқымызда “әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ” деген даналық бар. Мейрамовтар әулеті үшін қос қария – ата-ананың орны бөлек. Отбасындағы жарасымды татулықты, шынайы қамқорлық пен сыйластықты көріп көңіл марқаяды.

Қайдар ата мен Күлзипа апа қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде тұрады екен. Есіктің қоңырауын басуымыз мұң екен, самайын ақ шалған ана күлімдеп қарсы алды. Ананың ізгілік пен мейірімге толы жүзі бал-бұл жанып тұр. Өзінің балаларындай жылы қабақ танытқан әкейдің де жанарынан мейірімнің белгісі байқалды. Құрақ ұшқан қос қариямен әңгімеміз жарасты. Олар өткен-кеткенді еске алып, өмір жайлы сыр толғады.

Көргені көп, түйгені мол қос бәйтерек жастық шақтарында жұрт қатарлы еңбек етіп, көштен қалмады. 1941 жылы Есіл ауданында дүниеге келген Қайдар Мейрамұлы әкесінен ерте айырылып, жетімдіктің кермек дәмін татты. Сондықтан оған еңбекке ерте араласуға тура келді. Төрт баламен жесір қалған анасы оларды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Әкенің қабағын, қатаң талабын көрмесе де аяулы аналарының жан жылуын сезінген балалар елгезек, алғыр, еңбекқор болды. Марьевка онжылдық мектебін тамамдаған бозбала кейін кеңшарда жүргізуші болып еңбек етті. Шаруадан тартынбады, уақытпен санаспады. Отан алдындағы борышын өтеуді де ұмыт қалдырмады. Баку, Тбилиси, Ереванда әскери борышын өтеп келген соң бұрынғы жұмысына қайта оралып, елі үшін еңбек етті. Бірақ көзі ашық, көкірегі ояу азаматтың арманы құрылысшы болу еді. Ақыры Целиноград қаласындағы құрылыс техникумына оқуға түсті.

Жас маманға Шал ақын, Жамбыл аудандарында учаске шебері секілді жауапты жұмыстар жүктелді. Кеңес өкіметі тұсында салынған тұрғын үйлер мен білім ошақтарының қазығын қағуға ол білек сыбана кірісті. Жұмыста барынша адал болуға тырысты. Сондықтан жас маманның талпынысы көптің көңілінен шықты. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған еңбек ардагері Құдай қосқан қосағы Күлзипа апамен бақытты ғұмыр кешуде.

Жапырағын жайған қос бәйтерек – отбасының алтын діңгегі. Ұл-қыздарының ортасында қуанышқа бөленген қос қарияға әркім-ақ қызыға қарайды.

Кеңес өкіметінің тоқырау жылдарында өмірдің бар қиындығын бірге бөліскен ерлі-зайыптылар бүгінгі күнге тәубе айтуда. Қайдар мен Күлзипа Мейрамовтардың отбасы тамыры тереңге тартқан мәуелі бәйтеректей айналасына нұрын төгіп, шуағын шашуда. Қариялардың жарасымды тірлігі, бақытты ғұмыры көңіл қуантады.

Петропавлдағы училищелердің бірінде білім алып, сауда-саттық саласында жұмыс істеген Күлзипа Серікқызы да инабатты келін, аяулы жар, ардақты ана ретінде өзіне артылған сенімді ақтай білді. Шаңырақтың шаттығы, ырыс-берекесі, алтын қазынасына айналған ол көпті көрген, жаман мен жақсының парқын білетін адам. Өнегелі өмірінде көкейге түйгенін ұрпағына айтып, саналы ғұмырында отағасы екеуі балаларына тәрбие беріп, ел қатарына қосуды мақсат тұтты.

Жалғыз ұлдары Асан – құқық қорғау саласының қызметкері, Гүлсара, Гүлмира, Эльмира, Айдана атты қыздары да жоғары білімді мамандар. Ата-ананың өнегелі тәрбиесімен, ақылымен өсіп-өнген ұл-қыздар да бүгінде бір-бір шаңырақтың иесі. Барлығының бала-шағасы бар. Ал ұрпағынан тараған сегіз немере, екі шөбересі бар қос қария ұл-қызының әрбір жетістігіне қуанып, марқаяды.

Келін – ұрпақ анасы. Иманды да ибалы келін – тектіліктің тұғыры екенін білген бұл әулет келінді жөнсіз тұқыртып, сөкпейді. Сыйлайды. Айтар ақылы мен қояр талабын тұспалдап жеткізеді. Бұл да бір даналықтың ғажап үлгісі емес пе? Келіндері Әселді өз қызындай жақсы көрсе, Жанайдар, Ерік, Ренат, Нұрсұлтан есімді күйеу балаларына да ұлындай қарайды.

– Біз бүгінгі күнге тәубе дейміз. Құдайға шүкір, Тәуелсіз елімізде тыныштық, бейбітшілік, береке орнаған. Ұл-қызымыздың жақсы өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Тек соны жастар түсініп, әрбір сәтті бағалауы тиіс. Біздің көрген қиыншылығымызды ұрпағымыз көрмей, бақытты өмір сүрсе, сол ғанибет емес пе? – деді отағасы.

Өмірдің ащы-тұщысын көріп, ыстығына күйіп, суығына тонған қос бәйтерек бақытты қарттық өмірді сүріп жатыр. Айтпақшы, Күлзипа апа ғасырдан да ұзақ ғұмыр жасаған Бәти анасының қолын жылы суға малып, қас-қабағына қараған екен. Ендеше, бүгінгі жайлы өмірі – енесіне жасаған құрметінің өтеуі. Үлкеннің өсиетімен үлгілі отбасыға айналған Мейрамовтар әулетінің берекесі мен бірлігі жарасып-ақ тұр. 2000-шы жылдары қалаға қоныс аударған қос қария ұрпақ тәрбиесінен шет қалмай, ұл-қызына қолғабыс етуде. Сексеннің төрінен көрінсе де Қайдар ата немерелерін өзі мектепке, балабақшаға апарады. Ұрпағының тәрбиесіне жауапкершілікпен қарайтын бұл әулет отбасында ұлттық құндылықтарға да баса назар аударады.

– Ата-бабамыз “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” деп текке айтпаған. Қыздарыма қанағатшыл, мейірімді, сабырлы болу керек екенін үнемі айтып отырамын. Өйткені, бұл қасиеттер – адамның тұлға болып қалыптасуының басты бағдары. Үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болуды да естеріне салып, отбасындағы сыйластық, татулық өзара түсіністіктің арқасында қалыптасатынын жеткіземін. Немере-жиендерімізді де жақсы қасиеттерге баулудамыз, – деді Күлзипа апа.

Күн сайын келіп, әке-шешесінің хал-жағдайын біліп тұратын балаларына қариялар дән риза. Осындай қазыналы қарттары бар ұл-қыздың рухани қамбасы ешқашан ортаймайды. Бір әулеттің ақылшысы, қариясы, дариясы болып отырған қос бәйтерек айналасына жылылық сезімін ұялатып, шапағатын шашып тұрғандай.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика