ҚАРТТАРЫМ, АМАН-САУ ЖҮРШІ!

Күнара пошташының жолын тосып, “Soltústіk Qazaqstan” газеті қолымызға тигенше тағат таппай жүретін кешегі күндер сағынышқа айналса да, еске түскенде жанымызға жылылық сыйлайтыны рас. Газет беттерін парақтап отырып, Бақыт Мұстафин,  Серік Қасенов, Болат Қожахметов, Жоламан Шаханов, Құрман Рамазанов, Әмір Қожахметов, Мәлік Мұқанов, Мереке Тұралин, Тұрысбек Кәдіров, тағы басқа тілшілердің мақалаларын оқып шыққанша асығушы едік. 

Бірде “Менің де арманым – газетте  қызмет істеу” дегенім есімде. Сөздің құдіреті бар деп жатады, шынымен де, 2003 жылы жүрек түкпірімдегі арман-тілегім орындалып, оқырмандарымыз қасиетті қарашаңырақ деп құрметтейтін “Soltústіk Qazaqstan” газетіне қызметке қабылдандым. Асқар таудай ағаларымыздың қамқорлығы мен жанашырлығының осы жерде табан тіреп қалуымызға үлкен көмегі тиді. Иә, уақыт ұшқыр. Бүгінгі күні олар да бейнетінің зейнетін көрер қадірлі жасқа жетіп, алдыңғы толқынның легіне қосылды. Кейбіреулері, тіпті, арамызда да жоқ. 

Қарттар күніне орай редакция ұжымы бір ғасырға жуық тарихы бар басылымның ардагерлеріне арнап дастарқан жайды. Өткен күнге сағыныш, ертеңгі күнге үміт арту – өмір заңдылығы. Ақ дастарқан басына жиналған ардақты жандар да өздері еңбек еткен жылдардың естелігімен бөлісіп, өмірден озған әріптестері жайлы әңгіме қозғады. 

“Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-нің директоры Жарасбай Сүлейменов облысымызда ғана емес, республикада да көпшіліктің оң бағасына ие басылымның бет-бейнесінің қалыптасуына аға буынның қосқан үлесі зор екенін айтты. Сондықтан да ардагерлерге қандай құрмет көрсетілсе де, артықтығы жоқ. 

“Жай тапты-ау жаны жетпісте, 

Жел қумаса-дағы қаңбақтай. 

Қалтада зейнет құжаты,

Құдайым берген мандаттай”, – деп ұзақ жылдар бас редактордың орынбасары қызметін атқарған Болат Қожахметов “Қария” атты өлеңінде жырлағандай газет жұмысы сырт көзге жеңіл көрінуі мүмкін, бірақ ауыртпалығы зіл батпан. Сондықтан да үнемі жанталасып жүретін қарашаңырақ иелері құрметті демалыста тыныстап жүргендерін жасырмайды. Редакцияның барлық буынында жауапты қыз-меттер атқарған Амандық Жантеміров өз сөзінде: “Әрқайсымыз үшін газеттің орны бөлек. Жүрегі жазуды қалаған жігіттердің қай-қай-сысы болса да, сайдың тасындай іріктелген мықтылар еді. Уәра Нұрсейітов, Мұхаметғали Нұрғожин, Әмір Қожахметов, Рашид Бәдірле-нов, Амандық Әбжанов, Қайырбек Баймұ-қанов, басқа да әріптестеріміз редакцияның маңдайалды журналистері бола білді”, –  деп сөзін түйіндеді.

Басылымның ыстығына күйіп, суығына тоңған ардагерлеріміздің бүгінгі үлкені – Әлпеш Смағұлова. Ол газеттің қатесіне шұқшиып, жауапты қызметтің бірі – корректорлықты мінсіз атқарған екен. Оның ізбасары Сания Тұрлы-бекова да осы қызметтің қыр-сырын меңгеріп, ұжымның алғысына ие бола білді. Бүгінгі күні ол да зейнеткерлердің сапында жүр. Роза Қадыралина, Күлзайра Мәлікова, Айтбибі Кәрменова, Бақыт Сәдуова да осы редакцияның небір ауыр жылдарында аяғынан тік тұрып, еңбек еткен өз ісінің майталмандары. 

Ардагерлер: “Soltústіk Qazaqstan” газетінің 100 жылдық мерейтойына аман-есен жетіп,  сол қуанышқа куә болайық”, – деп ақ тілектерін арнады. Ендеше, ортамызда жүрген қазыналы қарттарымызға берекелі ғұмыр тілейік. 

Айгүл ЫСҚАҚОВА, 

“Солтүстік Қазақстан”. 

Суретті түсірген  Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика