ҚАМҚОРЛЫҚТЫҢ ЕКІНШІ АТЫ - МЕЙІРІМ

Облыс пен қала басшыларының атынан жыл сайын ұйымдастырылатын концерттер мен “дөңгелек үстел” отырыстарында, дастарқан басындағы жылы шырайлы жүздесулерде төбе көрсетіп жүрмін. Осындай тәрбиелік мәні зор жиындар аға ұрпақ пен жас буын арасындағы сабақтастықтың үзілмей, жалғасып келе жатқанын айғақтайды емес пе?

Мереке аясында әрбір ұжым өздерінің ардагерлеріне құрмет көрсетуге тырысатыны анық. Бұл аға буынның жыл сайын күтетін қуанышына айналғаны жасырын емес. Мен көп жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында қызмет атқардым. Еңбегіміз бен тәжірибемізді, біліміміз бен білігімізді шама-шарқымызша осы саланың өркендеуіне арнағанымызды мақтаныш етіп, үнемі айтып жүремін.

Қаламызда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан зейнет демалысына шыққан жүзден астам адам бар. Олардың бақилық болғандары қаншама? Бүгінде басқарма ұжымының құрамы өзгерді, жас кадрлармен толығуда. Олардың біразы ұжым ардагерлерін танымайды. Өміріңнің басым бөлігі өткен қызмет орныңа деген сағынышың, жасың ұлғайса да жаныңнан жылыстамайды екен. Кейде бүгінгі ұжым мүшелерімен кездесіп, олармен әңгіме-дүкен құрғың келеді. Бұл ойымыздың, ең болмағанда, мерейлі мереке – қарттар күнінде жүзеге аспайтыны өкінішті.

Бұрнағы жылдары мамандар бізге азық-түлік салынған сөмке беріп жіберетін. Біздің ондай қамқорлыққа зәру еместігімізді, тіпті, мұның ұят екенін айтып, оларға хабарласқан кезіміз де болды. Бұл олқылықтың орны биыл түзелетін шығар деген ойда едік. Алайда, “баяғы жартас бір жартас”. Жуырда өзін басқармаданмын деп таныстырған бейтаныс кісі ішінде азын-аулақ тиын-тебені бар конверт әкеліп берді. Біздің ақшадан таршылық көріп отырған жайымыз жоқ. Құдайға шүкір, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан игіліктер аз емес. Зейнетақымызды уақытында аламыз. Біздің айтпағымыз – кезінде өзіміз қызмет етіп, азды-көпті еңбегімізді сіңірген ұжымымыздың қазіргі буыны құрметтесе деген ниет қана. Қарттарға мейірім қажет. Бір-бірімізді көріп, шүйіркелесуге, өткен-кеткенді қозғауға, қазіргі ахуалмен танысуға мүмкіндік жасалса болғаны.

Зейнолла ОЛЖАБАЕВ,

еңбек ардагері.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика