АСЫҚПАЙТЫН УАҚЫТТА АСЫҒАМЫЗ

Тынымсыз тірлікте тағат таппай, ала таңды атыра салысымен ала шапқынға түсеміз. Уақытымызды үнемдейміз деп асыққан сайын тықылдаған сағат тілдері де күйгелек болып кеткендей.

Құмдай сусыған уақытты уысымызда ұстауға қарекет етіп, көп жағдайда өміріміздің қайта оралмайтын ең маңызды сәттерін өткізіп алып жатқанымызға да аса өкінбейтіндейміз-ау? Мәселенің байыбына барар болсақ, жастықтың буы басылмай, аптығып үйленіп, асығыс ажырасқандардың, аяқ астынан бауыр еті баласынан бас тартқандардың, ашу үстінде шалт қимылдап, біреудің қанын жүктеп, опық жегендердің аз еместігін білген болар едік. Елімізде бір жылда 140 мыңға жуық жұп шаңырақ көтерсе, 50 мыңнан астам отбасы ажырасып тынады екен. Біздің өңірімізде былтырғы жылдың өзінде 4 мың жас отау құрылып, 2 мыңдай ерлі-зайыпты некелерін бұзған.

Діттеген жеріне жылдам жету үшін көліктің жылдамдығын арттырамын деп жол апатына ұшырағандар қаншама?! Соның бір мысалы, осы жылдың көктемінде көлік жүргізушісі жүйткіп келе жатып негізгі жолда келе жатқан мотоциклшіні қағып кеткен. Ауыр соққыдан мотоциклдің жүргізушісі мен артында отырған жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Бірден полиция мен “Жедел жәрдемді” шақыртқан жеңіл көліктің жүргізушісі өзінің кінәсін толық мойындап, жұмысқа асыққанын айтқан екен. Сот айыпталушының 5 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарып, 7 жыл бойы көлікті басқаруға тыйым салды.

Шығын өтеліп, асығыстықтың салдарынан ұзын жолдың бойында біреудің обалына қалған жүргізуші тиісті жазасын алар. Ал қыршынынан қиылған ғұмырлардың өтеуін кімнен сұраймыз?!

Төзім құрып қалған ба, тағат тозып,

Әлде жүрегіміз кеткен бе сағатша озып.

Уақыт жоқ, уақыт жоқ деп,

уақытқа бас ұрамыз,

Осы біздер қай жаққа асығамыз?

Ақын Ұлықбек Есдәулеттің өлең жолдарын оқығанда ғана “Мағынасыз жарыстардың арасында қайда асығып бара жатырмыз осы?” деген ой өмірдің шыр айналған дөңгелегін тежегендей болады. Ерте ме, кеш пе, асығып-аптығудың қажеті жоқтығын түсінеміз-ау. Ол уақыттың да бір жетері анық болса, сол сәтке асығудың қажеті қандай?!

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика