БЕРЕКЕНІҢ ҰЙТҚЫСЫ

Ардагерлер ұйымының жұмысын ауылдарда жандандыру қажет. Алыс елді мекендерде берекенің ұйтқысы болып отырған аға буын өкілдерінің әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысудың маңызы зор. Облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының отырысында қазыналы қарттарымызды қолдауға қатысты осы және өзге де көптеген мәселелер талқыланды.

Кеңестің 2016 жылғы VII конференциясында жүктелген міндеттердің Айыртау ауданында қалай атқарылып жатқаны жайлы осы аудандағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Армия Әбілқайыров баяндама жасады. Ауданда алты мыңнан астам зейнеткер бар, ұйым солардың бәрінің басын қосуды көздейді. Сол мақсатпен кеңестің 14 бастауыш ұйымын және 46 кәсіпорында бөлімін құрыпты. “Неменеге жетістің бала батыр, қариялар азайып бара жатыр” дегендей, соғысқа қатысқандардың қатары сиреп кеткен. Қазіргі таңда ауданда қан майданда от кешкен екі ардагер ғана қалыпты.

– Жалғызбасты қарттардың жағдайы қиын. Бейнетінің зейнетін көрер шағында 211 жан жалғыз қалып, өмірдің ауыртпалықтарымен бір өздері ғана күресуде. Биыл амалсыздан алтауын қарттар үйіне жібердік. Қазір көмір тапшылығы мәселесі ардагерлерге қиындық тудырып тұр. Өзім қара отын сататындармен бетпе-бет жүздесіп, алғашында екі тоннадан жеткізіп беретін болып келістік, – деді кеңес төрағасы.

Армия Әбілқайыров соңғы уақытта сауықтыру орындарына жолдама беру азайып кеткенін де жеткізді. Себебі, әлеуметтік қызмет жолдаманы тек соғыс ардагерлеріне ғана береді екен, ал жасы тоқсаннан асып кеткен майдангерлер демалыс орнына қайдан барсын? Тегін демалушылар тізімін кеңейту қажет. Мысалы, көпбалалы аналарға жолдама берілсе қандай жақсы! Бір Айыртау ауданының өзінде 134 “Алтын алқа” иегері бар. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов бұл мәселені шешу үшін заңға өзгеріс енгізілуі керек екенін айтты.

Ардагерлер кеңесі төралқасының отырысында ауған соғысы ардагерлеріне қолдау көрсету мәселесі де талқыланды. Ауған соғысы және жергілікті қақтығыстар ардагерлері одағының төрағасы Игорь Гамов келер жылы жарияланбаған соғыстың аяқталғанына 30 жыл толатынын, сол күнге орай мерейтойлық медаль шығарылып, ТМД елдері ардагерлерінің біріккен шаралары өтетінін айтты. Бұл одақ құрамына Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқандар мен Семей полигонында әскери борышын өтегендер де қосылып, қауымдастық ретінде жұмысын жүргізуде.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика