ӘСЕРЛІ КЕЗДЕСУ

Петропавлда қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау айлығы аясында “Туған өлкеммен мақтанамын” атауымен ардагерлердің кездесуі өтті.

Тәрбиелік мәні зор жиынға Тимирязев ауданында туып-өскен, еңбегімен елге танылған аға ұрпақ өкілдері, ардагерлер, ауданның құрметті азаматтары қатысты. Еңбегі мен тәжірибесі, білімі мен білігі арқасында жетістіктерге жетіп, өңіріміздің өркендеуіне атсалысқан ардагерлерге аудан басшысының атынан сый-құрмет көрсетіліп, концерттік бағдарлама ұсынылды.

Кездесуде Тимирязев ауданының құрылғанына биыл 55 жыл толғаны айтылды. Аудан әкімі Ербол Сағдиев жарты ғасырдан астам уақыт ішінде қиын кезеңдер мен жемісті жылдарды өткерген ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі мен белестерін тілге тиек етіп, ардагерлерге жылы лебізін жолдады.

– Сіздердің өмір бойы жинақтаған терең білімдеріңіз, тәжірибелеріңіз ұшан-теңіз. Бүгінгі татулығы жарасқан, бірлігі бекем еліміздің егемен мемлекет болып қалыптасуына, өсіп-өркендеуіне сіздердің қосқан үлестеріңіз зор, – деген Ербол Сағдиев ардагерлерге “Надежда” әнін орындап берді. Аудан басшысы кездесуге келген аға буын өкілдерімен емен-жарқын әңгімелесіп, елімізде, өңірімізде болып жатқан оң өзгерістер жайлы пікір алмасты. Қарттарды құрметтеу шарасы бір ғана күнмен шектелмей, алдағы уақытта да жалғаса беретінін жеткізді.

– Ардагерлер форумы – облыстық деңгейде биыл бірінші рет өткізіліп отырған шара. Дастарқан басына жиналған ардагерлердің көңілдері көтеріңкі, оларға арнап өңіріміздің өнерпаздары өнер көрсетті. Бұл кездесуде құрметті қонақтар бастарынан өткерген қызықты оқиғаларын еске алып, әсерлі әңгімелерімен бөлісті, – деді облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әдия Ахметова.

Шара барысында саналы ғұмырларын Тимирязев ауданының дамуына арнаған Жақсылық Ысқақов, Құдайберген Қалиев, Атамбай Әлжанов, Венера Өтегенова, Сипат Әкішев, Сағындық Ақжігітов, Влад Митронин сынды ардагерлердің есімдері құрметпен аталды.

Жергілікті өнерпаздар аға буын өкілдеріне деген құрмет-қошеметтерін сазды әуендерімен жеткізе білді. Үш сағатқа созылған концерттік бағдарлама тимирязевтік ардагерлердің көңілдерінен шықты.

Жанаргүл МЕЙРАМ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика