АҒА БУЫНҒА ІЛТИПАТ

Cылдырап аққан ерке Есілдің бойында орналасқан Шал ақын ауданының құрылғанына биыл 90 жыл толды. Осы уақытта сан-қилы кезеңдерден тұратын, өзіндік тарихы қалыптасты. 1999 жылы Сергеев ауданына көркем сөз өнерінің көрнекті өкілі, қазақтың ақтангер ақыны, әрі жырау Шал ақынның есімі берілгенде қуанғанымыз күні кешегідей көз алдымызда.

Осы ауданда туып-өскен, әр салада қажымай-талмай еңбек еткен, кейін көпшілігі зейнет жасына шыққан соң облыс орталығына қоныс аударған, өмірлері өскелең ұрпаққа өнеге болатын жандардың бір легі жуырда қалалық Мәдениет үйінде бас қосты. Мұндай игілікті шараны қарттарды әлеуметтік қолдау айлығы аясында облыстық ардагерлер кеңесі мен Шал ақын аудандық ардагерлер кеңесі бірлесіп ұйымдастырды. Аға буын өкілдерінің бір-бірімен қол алысып, көкірек толы қуаныштарын жасыра алмай, бейнебір ет жақын бауырларын көптен бері жолықтырмағандай құшақ айқастырып жатқанын көріп, ерекше әсерге бөленесің.

Салтанатты шара Шал ақынның өмірі жайлы түсірілген деректі фильммен басталды. Содан кейін аудан әкімінің орынбасары Бағдат Шәкенов ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталды. Бұл орайда, астық жинау науқаны ойдағыдай аяқталғанын қуана жеткізді. Қамбаға 330 мың тонна дән құйылған. Гектар берекелігі 16 центнерден айналған. Майлы дақылдардың шығымдылығы да жаман емес. Әр гектардан 10 центнерден өнім алынған. Ауданда мемлекеттік, салалық бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында тындырымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Соңғы екі-үш жылдан бері Сергеевка қаласын абаттандыру жұмыстары қолға алынуда. Тұрғын үй құрылысына көңіл бөлінуде. Бүгінде 15 пәтерлік екі үй салынуда. Жол жөндеу де назардан тыс қалмаған. Оған облыстық бюджеттен 48 миллион теңге бөлінсе, аудандық бюджеттен бөлінген қаржы 5 миллион теңгені құрайды.

Соғыстың салқыны ұмытыла ма?! Майдангерлер есімі де мәңгілік есте. Шалақындықтар Кеңес Одағының Батырлары Ысқақ Ыбыраев, Павел Гончар, Павел Свечников, бүгінгі күннің қаһарманы Александр Викторенкомен мақтанады. Кезінде тақыр қаланы жасыл қалаға айналдырған, ауданды аяғынан тік тұрғызған Социалистік Еңбек Ері Есім Шайкин, ер айнасы – еңбек екенін танытқан А.Донченко, Қ.Сұрағанов, А.Брагин сынды майталмандардың еңбегі әрдайым үлгі тұтарлық. Шалақындықтар өз топырақтарынан шыққан академиктер – Евней Букетов, Аманжол Қошанов, Қазиза Тәшенова, Мырзатай Серғалиевтардың есімдерін әрдайым құрметтпен атайды.

Талай қарымды қаламгерлер де осы ауданда өмірге келген. Герольд Бельгер, Кәкімбек Салықов, Ғалым Малдыбаев, Ермек Қонарбаев, Жарасбай Нұрқанов – ел мақтанышы, олардың жолын лайықты жалғастырып келе жатқан Жарасбай Сүлейменов, Тоқтар Зікіриндерді ерекше атап өткен жөн. Халық қалаулылары КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Есілбай Қантаев, Қаз КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Еркін Сәдуақасовтардың да ел үшін сіңірген еңбектері зор. Жас ұрпақ тәрбиесінде мәртебелі мамандық иелері, ұстаздықтың шыңына шыққан Шияп Садықов, Сейтен Сауытбеков, Қағида Базарбаева, олардың іздерін басқан Жұмаш және Зәуре Сейітбековтер, Нина мен Александр Пожарницкийлердің есімдері шара барысында шын ықыласпен аталды.

Жиналғандардың көңілін Шал ақын ауданының өнерпаздары арнайы дайындаған концерттік бағдарлама бір көтеріп тастады.

Қошан ҚАЛИ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика