ОТАУ ҚҰРУҒА ОТЫЗДА ДА АСЫҒАР ЕМЕС

Арман жасы отыздан асса да, отбасын құруға асықпайды. Ал жалғыз ұлын жеткізген әке-шешесінің көптен бергі арманы – немере сүйіп, ата-әже атану. “Балам, әке атанатын кезің келсе де, шаңырақ құруға асығатын емессің. Қартайған шағымызда балдан да тәтті немеренің қызығына бөленіп отырғанға не жетсін?!” – деуден жалығар емес жасы жетпіске таяған ана.

Алайда, Арманның оған жауабы дайын: “Өзіме адал жар, балаларымның анасы, ал сіздерге ибалы келін болатын қызды әлі жолықтырмадым. Оның үстіне, тұрақты жұмысым болғанымен, баспана мәселесі шешілмей тұр емес пе?! Сондықтан тағы бірнеше жыл қызмет етіп, жағдайымды дұрыстап алсам деймін, ештеңеден құр қалмаспын”.

Баяғы заманда ата-бабамыз “Он үште отау иесі” деп ер балаларды ертерек үйлендіргені бекер емес. Бүгінгі жастар Арман секілді “үйлену оңай, үй болу қиын” дегенді алға тартып, отбасын құруға асықпайды. Бойдақтар мен отырып қалған қыздар санының көптігі бойынша біздің облыс республикада үшінші орында тұр екен.

Кезінде этнограф ғалым, еліміздің тұңғыш демографы, саясаттану ғылымдарының докторы марқұм Мақаш Тәтімов осы мәселені егжей-тегжейлі зерттеп, тіпті, сүрбойдақтарға салық салу мәселесін де көтерген болатын. Мақаш Байғалиұлы осы арқылы бір жағынан жастарды отбасын құруға итермелеп, екіншіден, бойдақ салығы есебінен бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешуге болатынын алға тартқан еді. Мәселен, түскен ақшаны жетімдер үйі немесе көпбалалы отбасыларға жәрдемақы ретінде беруге болады. Әйткенмен, демографтың бұл ұсынысы аяқсыз қалды. Әлбетте, еркін жүргені үшін ешкім қалтасынан ақша шығарғысы келмейді.

Психолог мамандар өңір жастарының шаңырақ көтеруге асықпауын, ең алдымен, олардың тұйықтығымен, тартыншақтығымен түсіндіреді. Психолог Гүлдана Қалиеваның айтуынша, сүйіктісінен көңілі қалғандар үйленуге асықпайтын көрінеді.

– Сондай-ақ, Батыстан келген теріс ұғымды да ұмытпағанымыз жөн. Яғни, бастары бос, бойдақтық өмірге үйреніп алған ер адамдар, көбінесе, отбасын асыраудан қашқақтайды. Бұл психология саласында инфантилизм деп аталады. Яғни, өздерін әлі бала сезінген жастар ата-аналарының қол астынан шыққылары келмейді. Сонымен қатар үлкен өмірге ерте аяқ басқандар да шаңырақ құруға құлықсыз. Мұның себебі – олар жастайынан ата-анасына қаржылай қолдау көрсетіп, отбасылық өмірдің қиыншылықтарын сезінеді. Эмоционалдық тұрғыда ата-анасының жанынан алшақтағысы келмейтін қыздар да жеткілікті, – дейді Гүлдана Қалиева.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, төрт жыл бұрын елімізде 25-тен асқан бойдақтардың саны 3 миллионға жеткен. Ал 14 жастан 29-ға дейінгі 4 миллион 616 мың адамның 2 миллион 337 мыңы еркек кіндікті болса, 2 миллион 279 мыңы – қыз. Бұл қатардағы нәзік жандардың 28,2 пайызы тұрмыс құрмаса, ер-азаматтардың 39,6 пайызы – бойдақ. Жалпы, елімізде қыздар орта есеппен 24 жасында тұрмысқа шықса, жігіттер 27-28 жасында шаңырақ көтеретін көрінеді.

Адамның басты міндеті – отбасын құрып, ұрпақ сүю. Бірақ мұны естен шығарып алғандар көп. Жастардың уақтылы шаңырақ көтермеуіне мансап қуып, “алдымен пәтер, көлік алып алайын” деген армандары кедергі жасауда. 21-29 жас аралығындағы жастардың немесе жас отбасылардың 85 пайызы үй-күйсіз жүр деген де дерек бар. Бұдан тағы бір күрделі мәселе туындайды. Үстіміздегі жылдың тоғыз айында облыста 2875 неке қиылса, 1677-сі ажырасқан. Ал өткен жылы отбасын құрған жастардың саны 3011 болса, 1479 жұптың шаңырағы шайқалыпты. Бұл сандардың өзі шаңырақ құрған жұптардың жиі ажырасатынын көрсетеді.

Мәселенің тағы бір қыры – жастар арасында фобия, яғни үрей көп. Үйленуге асықпайтын жастардың өздерімен әңгімелесіп көрдік, бірқатар мәселелерді алға тартты.

– Мен де біршама жасқа келдім. Бірақ асығыс үйленгім келмейді. Бұрындары ата-әжелеріміз бен әке-шешелеріміз шаңырақ құрып, тату-тәтті өмір сүрген. Өйткені, қарым-қатынастағы ең басты құндылық – сыйластық. Әкелеріміз еңбек етіп, бала-шағаны асырау жайын ойласа, аналарымыз отбасының ұйтқысы бола білді. Қазір, әрине, гендерлік саясат үстемдік құрған заманда қыздар ер адамдармен қатар мансап қууды армандайды. Сол себептен жоғары оқу орнын тамамдаған бойжеткендер тұрмысқа шықса, үйде отырып қаламын деп қорқады, – дейді қала тұрғыны Абылай Әшімов.

Қыздар жағы, керісінше, жігіттердің үйленуге, сәбилі болып, отбасының жауапкершілігін алуға асықпайтынын алға тартады. Демек, кінә жігіттерде немесе қыздарда деп кесіп айта алмаймыз. Қалай десек те, жастардың шаңырақ көтеруіне құлықсыз болуының себебі аз емес. Асылында, отбасын құру мәселесі – әркімнің жеке шаруасы. Десе де, қоғамның дамуы отбасынан бастау алатынын ескерсек, жастардың ойлануы қажет секілді.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика