ЖАЛҚАУЛЫҚ ЖАРАТҚАНҒА ҰНАМАЙДЫ

Петропавл – Қорған бағытындағы тасжолды қайта құру жұмыстары басталғалы бері ауа райының қолайлы күндері уақыт жоғалтпас үшін Мамлют ауданындағы Краснознаменное ауылынан облыс орталығына егістік алқапты қақ жарып өтетін төте жолмен қатынап жүрміз. Сайын даланың сәні – ағаштардың алтын түске боялуы, жерге төселген сары жапырақтардың көрпесі, жайқалған егіс алқабымен үйлесім тауып, тіпті, әдемі көрінбей ме? Орақ науқаны аяқталғанға дейін мұнда кеш қарайғанша жер төсін жаңғыртып жүрген комбайндар әлемнің әміршісі еңбекте екенін ұқтырғандай. Жұрт ала жаздай тырбанып жүріп еккен, баптаған дақылдарын суық түсіп кетпестен бұрын жинап алғандай көрінген. Бірақ күні кеше ғана біраз жерге егілген картоптың жиналмай жатқанын көзім шалып қалды.

“Осынша ризықтан бас тартуға бола ма? Маңдай термен егілді емес пе? Неге жинап алмады екен? Күн болса суып кетті?” – деп ішімнен күбірлеп, жер иесінің бұл әрекетін түсіне алмадым. Келесі күні ауыл адамдарынан иесінің биыл бітік шыққан картопты қажет қылмағанын естідім. Бұл барға мастанғандық па, әлде, жалқаулық па? Бүгінгі әңгіме еткелі отырған тақырыбымыз осы жайында болмақ.

 

Жалқаулық, еріншектік бізге жат дүние емес. Ауыз, жазба әдебиеті үлгілерінде жиі кездесетін шығармалардан-ақ халқымыздың онымен өмір бойы күресіп келе жатқанын аңғаруға болады. “Жалқаудың соры – байлығы”, “Аз жұмысты қиынсынсаң, көп жұмысқа тап боларсың”, “Ер тынысы – еңбек, ез тынысы – ермек”, “Жаманға жан жуымас, жалқауға мал жуымас” деген сияқты қанатты сөздердің көздегені де осы болса керек. Қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаев өзінің “Жалқаулық” атты өлеңінде:

Әкем маған: “Сауда қылып, мал тап!” – дейді,

Жарым маған: “Мал деген не, тек жат!” – дейді.

Елім маған: “Елге еңбек қыл!” – дегенде,

Жарым маған: “Жатқан адам бекзат!” – дейді.

Жоқ, жолдасым, адасасың, айтайын:

Жарым менің – аты шулы жалқаулық!” – деп бойкүйездіктің бір адамды ғана емес, тұтас ұлтты тура жолдан тайдыратынын жырламай ма? Кешегі алаш арыстары “жалқаулықтың, кертартпалықтың, бейқамдықтың шекпенінен шыға алмай, “алаңсыз” ұйықтап жатқан қазақты сынап, “масадай” мазаларын алып, ызыңдап оятқылары келді. Бүгінгі жағдайды сол заманмен әсте салыстыруға келмейді. Еліміз егемендікке қол жеткізді, әлемдік аренада абыройға ие. Заманауи ғылым мен білімнен кенде қалып отырған жоқ. Десек те, жалқаулықтан толықтай арыла алдық па? Қазақ “Жатқанға берсін” дейді кейде. Алдар көсенің шық бермес Шығайбайдың үйіне келіп, “Жат жамбасым жеті ай” деп көсіле жатып алатыны бар еді ғой, сол тәрізді қазіргілердің көбі “Құдайдың өзі береді” деп құрдан құр жатуға бейім болып алғаны жасырын емес. Осы сөздерімді өзім күнделікті куә болып жүрген бірлі-жарым мысалдар арқылы дәйектеп көрейін.

Ауылды жерде тұратындықтан, ондағы тіршілік таңалакеуімнен басталады ғой. “Бейсен де бүгін сиырын өріске айдамады. Сатып жібергенге ұқсайды. Шиеттей бала-шағасын қалай асырамақ екен? Жалғыз сиырының сүті жыртығына жамау болып отыр еді”. Шарбақтың сыртынан еміс-еміс естілген көрші әйелдің бұл сөзі мені де ойландырды. Алды мектепті бітіруге таяп қалған үш баласын қалай асырамақ екен? Қазір ауылда тұрып мал ұстамайтындар көбейген. Тіпті, сүтті, ірімшік пен айранды ауылдағы дүкеннен сатып алатындарды қайтерсің? Ауыл дүкеншілерінің қаладағы серіктестіктерге қарапайым сиыр сүтінен өндірілетін өнімдерге тапсырысты жиі беретінін естіп, таңданғаным бар. Ақты айтпағанның өзінде, есік алдындағы шөкімдей жерге көкөніс егіп, ырысын көруге құлшыныс танытпайтындар туралы не айтуға болады? Бұрнағы жылдары Мамлют ауданына барған сапарымызда “Мамбетов және К” коммандиттік серіктестігінің атқарушы директоры Арыстан Жұнысов: “Тұрғындар жан аямай жұмыс істеуге енжар. Дайындап бергенді пайдалана алмайтындар да аз емес. Еңбек еткеннің есесі түгел болатынын хал-қадерімізше түсіндіріп жүрміз. Біздің жұмысымызға да кейде осындай жағдайлар қолбайлау болады”, – деп өкінішін білдіріп еді. Айтса айтқандай, қазір, әсіресе, ауылды жерлерде біреуге иек артып өмір сүрушілер азаймай отыр. Ауыл­ға бара қалсаң жұмыссыз, мақ­сатсыз көшеде топ-топ болып сенделіп жүрген жастарды көресің. “Не істеп жүрсіңдер?” деген сұраққа, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай жа­мырап: “Ауылда жұмыс жоқ қой. Бала-шағамызды, ата-анамызды қалай асыраймыз?” – деген уәж айтады. Өздері сол қарттардың зейнетақысы мен жас бала­ларына мемлекет ай сайын беріп жатқан жәрдемақыны нәпа­қа етіп, күнелтіп жатқандарын жасырып қалады. Ауылдың шаңырағы шайқалып, құрдымға кетіп бара жатқанына да кінәлі осы жағдай ма деп ойлайсың кейде.

Қазіргі заман еріншектікті көтермейді. Ақпараттық технология ғарыштық жылдамдықпен дамыған бүгінгі уақытта ерінген елдердің көштің соңында қалып отырғаны да айдан анық. Керісінше, әлемнің әміршісі еңбек екенін берік ұстанған елдер өркениетті мемлекеттер қатарынан орын алып, әлемдік экономикада асықтары алшысынан түсуде. Мәселен, қытайлықтарда “Қоймаң толсын десең, қораз шақырғанда тұр” деген аталы сөз бар екен. Ерте тұрғанның бір ісі артық екені бұларға әбден мәлім. Олардың әр күні таңғы сағат төрттен басталады. Тұра сала іске кіріседі. “Далада шаруа істемей, бостан-босқа сандалып жүрген қытайды көрмейсің”, – дейді сол жақтан көшіп келген таныстарым. Әйтеуір бірдеңемен айналысып, бір жаққа асығып бара жатқан жұрт. Өздері үнемі жоспармен қимылдайды. Сол жоспарынан ауытқып кетсе, мазалары қашып, көңілсіз жүреді.

Жапония халқын да бір мақсатқа жұмылдырған осы қасиет. Олардың мінезінде еңбексүйгіштік, сонымен қатар эстетикалық талғам, таби­ғат­қа деген сүйіспеншілік, дәс­түр­ге беріктік басым. Сондай-ақ, олар тәр­тіпке, беделге бас иеді және өз міндетін ешқашан ұмытпайды екен. Күнделікті өмірде тиянақты, сыпайы, өзін-өзі салмақты ұстай бі­леді, үнемшіл және білмекке құш­тар халық. Мұндай қасиет­терді қазақтың бойынан да табуға болады, бірақ бізде көбінесе ер­кін­дікке ерік беріп, арқаны кеңге салуға құштарлық асып тұрады.

“Жалпы қазақ халқына жапондармен жақын­дасып, соларға еліктеген дұрыс, қай күнде дүниенің азғанынан емес, абзалынан үлгі алған озады емес пе? Еріншектік көптеген игілікке қол жеткізуге көлденең ғана емес, ұлттық құндылықтарымыздың құлдырауына, ұрпақ санасынан жоғалуына әсер етеді. Сондықтан жақсыны үлгі еткеннен ұтылмаймыз”, – дейді ардагер ұстаз Үмітжан Асқарова. Ал өз ағамыз деп жүрген өзбектердің өзі әлемде еңбекқорлық жөнінде алдыңғы орынды еншілейтін көрінеді.

Бұл мысалдарға қарап қазақ жұртының бәрі еріншек, жалқаулық желкелеріне әбден мініп алған деп айту қиын. Біздің ауылда тұратын Әтіргүлдің еңбегін көпке үлгі етуге болады. Өзінің де, отағасының да тұрақты жұмысы жоқ. Алайда, бұл отбасы ай сайын табыс кіріп тұратын үйден кем өмір сүрмейді. Қыста жылқысы мен қара малын семіртіп сатса, көктем шыға егін егеді. Жазда жидек, саңырауқұлақ теріп, қалаға әкеліп сатады. Әйтеуір бос жүрген кездері жоқ. Биыл ауыл әкімдігінің есігін тоздырып жүріп, ел шетіндегі бос жерді жалға алып, біраз көкөніс егіпті.

Олар өздерінің маңдай терлерінің арқасында бес баласын қанаттандырды. Оқытты, тоқытты. Биыл кенжесін қаладағы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түсірді. “Жас кезімде анам өмірден озып, университетте білім аламын деген арманыма қол жеткізе алмадым. Алайда, мойымадым. Адам бақытқа еңбек арқылы ғана қол жеткізе алады”, – дейді Әтіргүл апай.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бұрнағы жылы Олстридте тұратын АҚШ азаматтарының Калифорнияға ұшып келіп жұмыс істеп, кешке үйіне қайтатындығын мысал етті. Биылғы “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауында да: “Адам еңбекқор болып, өз кәсібін жақсы меңгергенде және лайықты жалақы алуға немесе жеке кәсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік болған кезде табыс артады”, – деп еңбектің қай кезде де бәсі биік екенін айтты.

Ақын Мұхаметжан Тазабектің:

“Жалқаулық жаратқанға ұнамайды,

Қамсыз қазақ қартайтқан ұлы Абайды.

Балақ түріп қарекет қылғандардың

Бақыт келіп есігінен сығалайды”, – деген өлең жолдарында да еңбек етудің қандай игілікке жеткізетіні көрініп тұр емес пе? Тек оны әрбір қазақ өмірлік ұстанымына айналдыра білсе, қанекей!

 Жанар АЛДИЯРҚЫЗЫ,

“Солтүстік жұлдызы” газетінің редакторы.

Мамлют ауданы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика