ҚАЙСАРЛЫҚТЫҢ ҮЛГІСІ

Алты жастағы Қайнолла ауылдан жыраққа аттанбақ. Қайбір жетіскеннен дейсің? Оны алда ұзақ жол, алыс сапар күтіп тұр. Бесіктен белі шықпай жатып, өмірдің қатал сынына ұшыраған бала жоқшылықтан әбден жүдеген. Ішерге ас жоқ. “Байтал түгіл, бас қайғы” демекші, балаларды айтпағанда, үлкендердің өзі бас сауғалап, елден безінуде. Ашаршылық заманның тауқыметін алты жастағы бала қайдан түсінсін? Әйтсе де, елдің басына түскен қиындықты ол да іштей сезетін сияқты. Сондықтан ағасына еріп, Ресейге қарай бет алды...

Өткен өмірін көз алдына елестеткен Қайнолла ақсақал ауыр күрсінді де әңгімесін одан әрі жалғастырды. 1923 жылы бұрынғы Ленин ауданына қарасты Жаңалық ауылында дүниеге келген ол тар жол, тайғақ кешу заманында жоқшылықты ғана емес, жетімдіктің де кермек дәмін татты. Тоғыз ай, тоғыз күн толғатқан анаға сәбиін дін аман дүниеге әкелгенімен, жалғанның жақсылығын көру бұйырмады. Жетім қалған сәби әкенің қамқорлығы мен мейірімін де сезіне алмады. Әкесі кісі қолынан қаза тауып, тағдыр оны тұл жетім етті. Сая болар ана, пана болар әке жоқ. Бірақ халқымыз ешқашан жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған. Тар заман болса да адамдардың көңілі кең, пейілі неткен ақ еді. Аузындағысын жетімге жырып берген Жаңалықтың жамағаты оған мейлінше қамқор болды. Осындайда жанашыр болар ағайынның барына не жетсін? Әкесінің бауыры Нұрғожадан көп жақсылық көрді. Осы күнге дін аман жетуіне себепкер болған әуелі – Алла, екіншісі сол – Нұрғожа. Бауырынан қалған жалғыз тұяқты қанаттыға қақтырмады, тұмсықтыға шоқыттырмады. Тіпті, аштық жылдары Ресейге көшіп, күнелтті. Өйткені, ауылда ішерге ас, киерге киім жоқ. Бәрі де жанбағудың амалы еді.

– Мен ол кезде шамамен он жаста едім. Ресейде тоқаш пісіріп, соны сатып, күн көрдік. Қилы заман келмеске кетсе де санадан өшер емес. Біз тұрған жерде интернат болды. Ағамның мені интернатқа тастап кетуін өтіндім. Бірақ ол көнбеді. “Ауылға барған соң ел-жұртқа не бетіммен қараймын” деп, мені өзімен бірге алып кетті, – деген қарттың өмір жайлы толғанысы тыңдаған адамды тебірентпей қоймайды. Ашаршылықтың ауыр азабынан құтылған соң Ұлы Отан соғысы басталып, қаһарлы жылдардың қасіретіне тағы да тап болды. Жауынгерлер сияқты сапқа тұрып, қолына қару алмаса да, ол қырдағы майданда шайқасты. Соғысқа сұранғанымен, денсаулығы жарамады. Сондықтан амалсыз ауылда қалды.

Таң алакеуімде жұмысқа аттанып, түннің жарымына дейін жұрт қатарлы дамыл тапқан жоқ. Ұрыс даласындағы жауынгерлерді азық-түлікпен қамтамасыз етіп, Жеңіс күнін жақындатуға өзінің үлесін қосты. Соғыстан кейін де тұралап қалған елдің экономикасын көтеруге жанын салды. Сол еңбек оны мұратқа жеткізді.

Құдай қосқан қосағы Мәрияш апай екеуі алты бала тәрбиелеп өсірді. Бүгіндері әкенің өсиетін естіп, тәрбиесін көрген ұрпағы әр салада жемісті еңбек етуде. Екі ұл мен төрт қыздан он алты немере сүйген ақсақал шөберенің де қызығына кенелуде. Білім беру, медицина, құқық қорғау салаларында абырой биігінен көрінген ұл-қызы – әке мерейі. Ұрпағына ешқашан еңбектен қашпау қажет екенін айтып отыратын абыз ақсақал – ағайын-туысқа қадірлі, бір әулеттің ақылшысы.

– Әкеміз жас күнінде көп қиындық көрді. Бізді өсіріп, жеткізу үшін анамыз екеуі күн-түн демей еңбек етті. Ол басынан кешкен оқиғалары туралы көп тіс жара бермейді. Бізді адал еңбек пен Отанды сүюге тәрбиеледі. Болмашы қиындық үшін өмірден түңілмеуге үйретті. Кейде жұмыстан шаршап келгенде біздің қабағымыздың түсіп кеткенін көріп, өзінің ақылын айтады. Сондай сәтте жаныңда осындай қамқоршың, панаң, ақылшың болғанына қуанасың, – дейді қызы Сәуле. Ұл-қызымен өркен жайған қария немерелерінің тәрбиесіне де жауапкершілікпен қарайды. Олардың тәуелсіздіктің тал бесігінде тербетіліп өсіп жатқанына шүкіршілік етеді.

– Тағдыр пешенеге жазса, ешкім де одан қашып құтыла алмайды. Сондықтан өткенге өкпем жоқ. Ұрпағым дінаман. Балаларым алақандарына салып аялап отыр. Тек Құдай қосқан қосағымның келместің кемесіне мініп, қайтпас сапарға аттанғаны көңілге қаяу түсіреді. Ал осындай ұрпағы бар мен – бақыттымын. Менің ешқандай арманым жоқ. Тек Отанымыз тыныш болсын, – деген қарттың қайсар мінезіне әркім де таңғалады. Тоқсан беске келсе де тұғырынан таймаған оның ойы салмақты, сөзі қуатты. Құдайдың берген ғұмырын мәнді әрі сәнді өткізген оның өміріне арыз айтқан кезі жоқ. Ұрпағына да соны ұғындыруда.

Еліміздің болашағына алаңдап, әр кез мемлекетте болып жатқан саяси-экономикалық оқиғаларға құлақ түріп отыратын ол радио хабарларын қалт жібермей тыңдайды. Екі ғасыр куәсінің әжім торлаған жүзінен еңбектің бейнеті аңғарылады, ғибратты ғұмыры – өнеге.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика